Экономика • 03 Желтоқсан, 2021

Даму динамикасында оң серпін байқалады

221 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының орындалу барысымен және 2021 жылдың 10 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

Даму динамикасында оң серпін байқалады

Облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң серпін байқалуда. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары 7,9%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 5,2%-ға, көлік 1,8%-ға, сауда 0,8%-ға өсті.

Өңір экономикасын әртараптандыру үшін 1,6 трлн теңгеге 70 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау және газды кері айдаудың 4-ші компрессоры, сондай-ақ жиһаз фабрикасы, сүт зауыты, өнеркәсіптік жылыжай кешені, пластмассадан қалдықтарды қайта өңдеу, заманауи демалыс базалары және басқа да ірі жоба қолданысқа енгізілді. Бұған қоса кірпіш зауытының, мұнай қыздыру пешінің, сүт-тауар фермасының, 3 көкөніс қоймасының құрылысы аяқталуда.

Шетелдік инвесторлармен облыстың екі ауданында жалпы инвестиция көлемі 200 млн долларды құрайтын жылына 40 мың тонна сүт шығаратын ірі сүт комбинаты мен құс фабрикасын салу бойынша келісімге қол жеткізілді. Тұтастай алғанда, 1994 жылдан бастап өңірдің өнеркәсіп өнімінің жылдық көлемі 258 есе (7,1 млрд-тан 1,8 трлн теңгеге). Негізгі капиталға жыл сайынғы инвестициялар 2,8 млн теңгеден 481,5 млрд теңгеге дейін (175 есе) өсті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша соңғы 3 жылда 1 млн гектардан астам пайдаланылмайтын ауылшаруашылық жерлері анықталып, оның 57%-ы игерілуде, 16%-ы мемлекеттік меншікке қайтарылды, ал 27%-ы бойынша қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар мемлекеттің қолдау шараларымен қоса облыстың мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып отыр. Атап айтсақ, жыл сайын мал басы өсуде, осы жылдың 10 айында ірі қара мал басы 9,6%, жылқы 12,2%, қой мен ешкі 1,5% өсті. Осы жылы 3 бордақылау алаңы іске қосылып, өңірдегі бордақылау алаңдарының жалпы сыйымдылығы 28 мыңнан 35 мың басқа дейін өседі. Ал 2025 жылға дейін тағы да 20 мың басқа арттыруды жос­парлап отырмыз», деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.

Әкімнің айтуынша, сондай-ақ биыл жалпы егіс көлемі 565 мың гектарды құрады. Қуаңшылыққа байланысты егін шаруашылығы өнімі өткен жылмен салыстырғанда төмен болып отыр. Дегенмен облыстың фермерлері егін салуда озық технологиялар мен жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалануға көшуде.

«Өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы суға тәуелді болып отыр. Биыл Үкіметтің қолдауы арқылы өңірдің оңтүстік-батыс аудандары үшін Ресейден жеткізілетін су көлемі 2019 жылдан 2 есеге көбейтілді. Ұзындығы 185,6 шақырым құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық. Бұл Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Бүгінде 65 млн текше метрге Киров су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық. Сондай-ақ 40 млн текше метрге тағы 2 су қоймасын салуға жобалар дайындалуда. Осы жылы 6 мың гектарға дейін суармалы жерлер енгіземіз, 2026 жылға дейін 50 мың гектарға дейін жеткіземіз», деді өңір басшысы.

Ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту – маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте облыста тәуелсіздік жылдарында ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесі 25-тен 98,6%-ға дейін ар­тып, ал ауыз сумен қамту үлесі 31-ден 88,4%-ға дейін өсті. Жыл басынан
4 ауылға көгілдір отын жеткізілді, мере­ке қарсаңында тағы 7 ауылға газ кір­мек. Сонымен қатар биыл 5 ауылға су өт­кі­зілген болса, осы айдың соңына дейін тағы 15 ауыл сапалы ауыз сумен қам­ты­лады.

Ал жолдарға келетін болсақ, тәуел­сіздік жылдарында барлығы 1 200 шақырым жол салынды және жөндеуден өтті. Бұған қоса 2 мың шақырымнан астам жол жөңделіп, 6 көпір салынды. Соның ішінде бұрын облыс орталығымен жол қатынасы қиын болған аудандарға жол салынды. Қазіргі таңда қалған екі аудан орталығына жол салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары күн райының қолайсыз болуынан кешігіп басталды. Сонымен қатар құрылыс мате­риалдарының қымбаттауы, пандемия мен мердігер мекемелердің өз мін­деттемелерін орындамауы да өз әсерін тигізді. Өз міндеттемесін орындамағаны үшін «Темір жол жөндеу» мердігер компаниясымен келісімшарт бұзылған. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының жоспарына сәйкес құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Осы жылы өңірде 324 шақырым жол жөңдеуден өтті. Үкіметтің қолдауымен өңір тұрғын­дарын көтеріп жүрген «Атырау – Орал» жол трассасын кеңейтуге және Орал қаласының айналма жолы құрылысына қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Көлік инфрақұрылымы бойынша облыс орталығында жеке инвести­циялар есебінен автобекет қайта жаң­ғыр­тылды. Жуырда халықаралық аэропорт терминалының реконструкциясы аяқталады. Терминал құрылысында мате­риалдар бойынша жергілікті қамту үлесі 70%-ды құрады.

Сондай-ақ облыс әкімі брифинг барысында өңірдегі эпидемиялық ахуалға және денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарға тоқталды.

«Пандемия кезеңінде біз аурудың жоғары деңгейінде жағдайды тұрақ­тандыруға қол жеткіздік. Қабылданып жатқан шаралар есебінен «жасыл аймақта» тұрмыз. Пандемия кезінде облыс тұрғындарына басқа өңірлерге емделуге бару қиынға соқты. Сондықтан медициналық қызметтер импортына талдау жасалған және екі жыл ішінде медициналық қызметтер мен операциялардың 20-ға жуық жаңа түрі енгізілген. Бұл облыс тұрғындарына жүрекке, омыртқаға, варикозды-кеңей­тілген тамырлар, көру қабілетін лазерлік түзету операциялары бойынша білікті көмек алуға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарында облыста заманауи онкодиспансер, 8 емхана, 20 аурухана және 80 медпункт салынды», деді Ғ.Есқалиев.

Ал білім саласында Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 1 мың мектеп салу тапсырмасы бойынша өңірде 77 мектеп салу жоспарға енгізіліпті. Бұл ретте қаладағы мектептер мәселесін шеш­уге жеке инвесторлар тарту көзделіп отыр. Бүгінде Орал қаласында жеке инвесторлар 2 мектеп салып жатыр. Сондай-ақ республикалық физика-математика мектебінің филиалы мен 125 Highschool жеке мектебі ашылды. Ал ауыл мектептерін салу бюджет қаражаты мен жеке инвесторлар арқылы шешімін таппақ. Бұл үшін 60 және 108 орындық мектептердің жобалары дайындалды. Жалпы тәуелсіздік жылдары 70 мектеп және 20 балабақша салынып, 107 жеке балабақша ашылды.

Сонымен қатар Ғ.Есқалиев өңірдегі жұмыспен қамту шаралары туралы мағлұмат берді. Оның айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы бойынша облысқа 7,5 млрд теңге бөлініп, 28 мыңнан аса адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Өңірде 16 мыңнан астам жұмыс орыны құрылды, соның ішінде 7 мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орыны. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрап отыр.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еліміздің ірі мәдени нысандарының бірі болып саналатын 920 орындық «Атамекен» өнер ордасы ашылды. Биыл облысымызда алғаш рет «Жайықфест» Халықаралық кинофестиваль өтіп, оған әлемнің және елімізден 100-ге жуық фильмі қатысты. Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасы бойынша жоспар – 12 кешен салу, соның алтауы биыл пайдалануға беріледі, алтауы – алдағы екі жылда. Біздің кәсіпкерлер мемлекет бастамасын шынайы қолдап, өз қаражатына соңғы екі жылда 7 спорт нысанын салды. Биыл спортшыларымыз әртүрлі деңгейдегі спорт жарыстарында 314 рет жеңімпаз атанды. Соның ішінде Әлем чемпионатында – 12 алтын, Еуропа біріншілігінде – 3 алтын, Азия чемпионатында 7 алтын медальға ие болды», деді облыс әкімі.