Аталған бюджеттік қарызды «Бастау Бизнес» жобасының және де басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарының түлектері ала алады.
– Кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын қолдау үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 22,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге, шағын бизнес, микрокәсіпкерлік өкілдеріне, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Кәсіпкерлер осы мақсатта төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттер ала алады. Мал шаруашылығы саласындағы жобалардың кредиттеу мерзімі 7 жыл болса, басқа салаларда 5 жылды құрайды, – деп атап өтті Аграрлық несие корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Айжан Кенжебаева.
Жеңілдетілген несие алуға қойылатын талап қиын емес. Қаржылай көмек алуға ниеттілерде «Бастау Бизнес» жобасының немесе басқа да мемлекеттік бағдарламалардың сертификаты, сондай-ақ кепіл мүлкі болуы қажет. Яғни арнайы курстарда білімі жетілдірілгенін айғақтайтын құжаттың болуы шарт. Бизнес-жоспарды сәтті қорғаған қатысушы МҚҰ-дан несиені рәсімдей алады.
Ауылдық елді мекендер (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалалардағы кәсіпкерлер – 2,5 мың АЕК-ке дейін (7,2 млн теңге); қалалар, моноқалаларда іс бастағандар (Шымкент, Ақтау, Атыраудан басқа) – 6,5 мың АЕК-ке дейін (18,9 млн теңге); Шымкентте, Ақтауда, Атырауда кәсіп иелері 8 мың АЕК-ке дейін (23,3 млн теңге) ала алады.
Қазір кәсіпкерлердің МҚҰ-дан бюджеттік несие алуға мүмкіндіктері бар. Бүгінге дейін бөлінген 22,5 млрд теңгеден «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ микроқаржы ұйымдарынан жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге өтінім қабылдады. Оның ішінде қазіргі уақытта 2,6 млрд теңгеге микрокредит берілді.
Осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Аграрлық несие корпорациясы қолжетімді қаржыландырумен кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқымын қамтуға септігін тигізеді. Өз кезегінде бұл ауылдық жерлердегі азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Кейінгі жылдары жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары пайда болуда, қызмет көрсету саласы дамып жатыр.
Жыл басында министрлік тиісті заң жобаларын қабылдау арқылы Doing Business рейтингінде 20 үздік елдің қатарына кіру көзделіп отырғанын хабарлады. Ол үшін бірқатар іс-шара әзірленіп жатқаны да мәлім болды. Президент те жақында Қазақстанда аккредиттелген шетелдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесу барысында елдегі экономиканың өсу қарқынына тоқталып, дәл осы жоспар туралы сөз қозғады. «Мемлекеттік аппараттың саяси тұрақтылығы мен тиімділігін экономикалық өсімнен бөліп қарауға болмайды. Бұл бағытта бірқатар жетістік бар. 2019 жылдың 10 айында еліміздің ішкі жалпы өнімі 4,4 пайызға өсті. Doing Business-2020 рейтингінде Қазақстан 25-орында. Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде еліміз 55-орында тұр. Алдағы бес жыл ішінде халықаралық рейтингтегі позициямызды айтарлықтай жақсартуды жоспарлап отырмыз», деді Қазақстан Президенті.
Бұл бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың микроқаржыландыруды дамыту бойынша тапсырмаларын іске асыруға ықпал ете отырып, жаңадан кәсіп бастаған кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.