Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2021

Алматылық 1 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерлерге қоныстанды

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қандай керемет заман болса да, үйі жоқтың – күйі жоқ. Алдымен адамға баспана керек. Армандардың да үлкені – жайлы үй. Осы мәселеде Отбасы банкі сауапты қадамдарға ғана емес, үлкен саясатқа барып отырғанын мойындау ләзім.

Алматылық 1 мыңға жуық жас маман  жаңа пәтерлерге қоныстанды

Сонымен «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы аясында биыл 1 мыңға жуық мұғалім, дәрігер, журналист, мәдениет қызметкерлері, спортшылар, әлеуметтік сала қыз­меткерлері мен құқық қорғау орган­да­рының жас мамандары баспаналы болады.

Алайда жұмысы бар, бірақ жинаған қоры, артық ақшасы жоқ жастарды қайткенде пәтерлермен қамтамасыз етуге болады? Бір жағынан жастардың өзі де банктер арқылы үйлі болуға тәуекел ете бермейді, яки тиімді жолдарын білмейді. Мұның шешімін Отба­сы банк Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктерімен біріге отырып тапты.

Жастарға тиімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға көмектесу мақсатында «Алматы жас­тары», Elorda Zhastary атты бағ­дар­ламалар шығарды. Осы тағдыршешті қа­дам қазірдің өзінде біраз адамды алғашқы өз шаңырақтарына кіргізді.

Мысалы, «Алматы жастары» бағдар­ламасымен алғашқылар қатарында үйлі бол­ған­­дардың бірі – «31 арнаның» маркетинг бө­лімінің маманы Айкерім Белгібаева.

– Алматыға көшіп келгелі мен де үй жалдаудың қиыншылықтарына тап болдым. Үйдің бағасы мен сапасы сәйкес келмейтін, алаяқтар көп және үй иесінің қас-қабағына қарап қиналасың. Төрт жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Әрине, жақсы үй иелері де болды, бірақ қымбатшылықтан бөлек, пәтер қожайындары да өз талаптарын қояды. Қарағанды қаласының тумасымын, жасым 30-да, отбасымызда менен басқа әке-шешем мен сіңлім бар. Мамандығым бойынша жұмыс істемегеніммен, 2017 жылы Алматыға көшіп келгелі телевизия саласында – «31 арнада» маркетинг бөлімінде қызмет атқарып жүрмін. Өз үйімді биыл жазда, тамыз айында алдым. Осы бағдарлама жайын­да естіген бойда наурыз айында өтінім бер­дік. «Алматы жастары» туралы былтыр әріп­тес­терім үй алғанда естіген болатынмын. Бұған дейін де жас мамандарға арналған бағ­дар­ламаға қатыстым, бірақ шарттары қиын болған соң әрі қарай жалғастырмадым. Ал «Алматы жас­тары» бағдарламасының шарттары қазіргі жастар үшін мемлекет ұсынған үлкен көмек. Керекті соманы, яғни алғашқы жарнаны бірнеше жыл жинаудың қажеті жоқ. Қыруар анықтама, құжат жинап, тұрақты тіркеуді қажеттілік етпейді. Өз саласында мықты жас мамандарға өз елінде адал еңбек етіп, баспаналы болуына керемет құлшыныс беретін бастама. Тағы бір ерекшелігі, несиеге берілетін соманы үй бағасының көтерілуіне байланысты былтырғыға қарағанда өсірген. Меніңше, 23-25 жасымызда баспаналы болу орындалмас арман және көп қаражат қажет етеді деп ойлайтынмын. Бірақ қазір мемлекет тарапынан осындай бағдарламалар үлкен демеу. Сондықтан замандастарыма айтарым, осындай бағдарламаларды оқып, біліп, түсінбегенін менеджерлерден сұрап, мақсат қойып, талпынып көру керек. Тағы да қосарым, басқа салада жұмыс істейтін жас мамандарды да осы бағдарламаға қосса, керемет болар еді. Баспана кілтін алғаннан кейін, 1-2 аптадай сене алмай жүрдім. Бұл – үлкен қуаныш! «Алматы жастарының» тағы бір ерекшелігі – пәтерді өзің таңдай аласың. Бағдарлама көңілімнен шықты, – дейді жаңадан алматылық болып шыға келген Айкерім Мұратқызы.

Енді алматылық жастарға қалай үй алуға болатындығын түсіндірейік.

Жоғарыда атап өткендей, 2021 жылдың 10 наурызында Алматы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ жыл сайынғы бірлескен жобасы – «Алматы жастары» бағдарламасы басталды. Тұрғын үй бағдарламасы жас мамандарға баспана алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.

Жобаға 35 жасқа дейінгі немесе 35 жасқа толған (жұбайының/зайыбының жасына қарамастан) ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы тиіс, тек жекешелендіру немесе мұрагерлік құқықпен кәмелетке толғанға дейін алынған жылжымайтын мүліктегі үлес қана ескерілмейді. «Алматы жастары» қатысушыларының ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс әрі міндетті зейнетақы жарналары аударылып тұруы қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған үміткерлердің кемінде жарты жыл бойы Алматы қаласында тіркелген және қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлігі болуы міндетті.