Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2021

Қозыбаев кабинеті ашылды

632 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеңестік тоталитарлық идеологияның қатаң қыспағына қарамастан Қазақстан тарихының айшықты беттерін ашық жазып кеткен академик Манаш Қозыбаевтың еңбектері бүгінде отандық ғылым үшін аса құнды. Қозыбаев феноменінің ерекшелігі тәуелсіз Қазақстан халқының жаңа тарихи кезеңдегі дүниетанымы мен көзқарастарының қалыптасуына идеялық тұрғыдан ықпал етуімен тығыз байланысты.

Қозыбаев кабинеті ашылды

Ұлттық Ғылым академиясы және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­ло­гия институтының ұйымдас­ты­руымен Манаш Қозыбаевтың туғанына 90 жыл то­­луына орай өткен «Академик М.Қозы­баев және отандық тарих ғылы­мының за­­ма­науи тұжырымдалуы» ат­ты халық­ара­­лық ғылыми-теориялық кон­ференция­да ға­­лым еңбектерінің маңызы мен отан та­ри­­­хы­ның өзекті мәселелері талқы­лан­ды.

Кеңестік кезеңнің ауыртпалығын хал­қы­мен бірге көтерген академик Манаш Қозы­баев қоғамдық-саяси оқиғаларды басы­нан өткере отырып, тұлғалық тұрғы­дан қалыптасты. Тарихшы мамандар осы оқи­ғалардың барлығы ғалымның еңбектерінде терең зерттелгендігін айта­ды. Ғалымның жазбаларында әкесі мен анасына, туыстары және ұстаздарына деген зор ілтипат байқалады. Қаншама да­рын­ды жолдастарының жоқшылық­тың тауқыметіне ұшырап, өмірден ерте өтіп кет­кендігіне қатты күйзеледі. Манаш Қо­­зы­баев тарихшы ғана емес, ардақты адамдардың жақсылығын еңбектеріне арқау ете отырып, жалынды публицист, жанкешті қайраткер ретінде танылды. Ұлт ұлағатының жаршысы ретінде, та­рих­­тың ақиқатын ақ қағаз бетіне түсі­ріп, ұғы­нықты тілмен жеткізе білген ғы­лыми стилі арқылы оқырманын жақын тарта білді.

Алқалы жиын барысында Тарихнама, деректану және заманауи методология кабинетіне академик М.Қозыбаевтың есімі берілді. Кабинеттің ашылуына елі­міздің белгілі тарихшылары, соны­мен бірге академик Досмұхамед Кіші­беков, тарих ғылымдарының док­торы Сағымбай Қозыбаев, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек, тарих ғылымдарының докторы Ілияс Қозыбаев және институт қызметкерлері қатысты.

Іс-шараға Израильден тарих ғылым­­да­рының кандидаты И.Маляр, Өзбек­станнан тарих ғылымдарының докторы Д.Алимова, Германияның Штутгарт қаласындағы Steinbeis университетінде дуалды білім беру жобасының жетекшісі Ә.Балапанова, академик Б.Көмеков, Мем­лекет тарихы институтының директоры Е.Әбіл, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Қ.Алдажұманов, академик Х.Әбжанов, ҰҒА корреспондент-мүшесі М.Әбусейітова, тағы басқа ғалым­дар қатысып, ғалымның өмір жолы, зерттеулері хақында ой қозғады.

Еңбек жолын Қостанай педагогикалық институтынан бастаған ғалым Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология инс­титутында директорлық қызметте бол­­­ды. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ака­­демик кеңестік кезеңде ІІ Дүниежүзілік со­ғыс жылдарындағы Қазақстан тарихын зерт­теді. Осы орайда ғалым­ның «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қа­зақ­­стан Компартиясы», «Қазақстан – май­­дан арсеналы» еңбектерін ғылыми қа­уымдастық жоғары бағалағаны белгілі.

Социалистік жүйенің жойылуына бай­ланысты қазақстандық тарих ғылы­мының теориялық-методологиялық мәсел­елерін қайта қарап, жаңа тарихи та­ным қалыптастыру қажеттілігі туын­даған кезеңде тарихты жазуда, зерт­теуде өзекті мәселелерге жаңа көз­қарастар тұрғысынан қарап, дербес, тың ой-пікірлер мен тұжырымдар түйін­деу міндеті тұрды. Алайда тәуелсіз, соны тұжырымдар жасау көптеген қиын­дыққа соқтырды. Жаңа бағытта төл тарихымызды жазу, тәуелсіз әдістемені қалыптастыру ұзақ уақытқа созылды. Осы тұста тарихшыларға ой салып, ғы­лыми арнаның ағысын объективті жолға бұ­руға ұмтылған бірлі-жарым ға­лым­дардың қатарында тыңнан жол салған­дардың бірі академик Манаш Қозыбаев болатын.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін бұрын ғылымда бір­шама күдік тудырып келген мәселелер қай­та зерттеліп, зерделене бастады. Мәсе­лені тарихнамалық тұрғыда талдаған зерттеулер дүниеге келді. Қазақстанның Ре­сей империясы құрамына енуі негізі­нен тарихи оқиғалар мен үрдістер ауқы­мында зерттеу құбылысы ғылымнан көрініс тапты. Қазақстанның Ресей бодан­дығын қабылдауы шынайы түрде, та­рихи оқиғалардың сабақтастығы тұр­ғысында талданды. Сонымен қатар жаңа та­рихи таным мен шындық негізінде қай­та қарап, жарияланған зерттеулерде көш­пелі және жартылай көшпелі қазақ ша­руаларын отырықшылыққа көшіру күш­пен іс-жү­зіне асырылғандығы, оның барысында көп­теген қателік пен бұрмалаушылыққа, асыра сіл­теу­ге жол берілгендігі, салдары ашар­шылық пен жат өлкеге қоныс ауда­руға әкеліп тірегендігі ашық айтыл­ды. Кеңес дәуірінде бандиттік, қарақ­шылық деп айдар тағылып, таңба басы­лып келген халықтық бас көтерулер мен «бүлік­тердің» шынайы сипаты анықталды.

Ғалымның табанды еңбегінің нәти­жесінде тарих ғылымында тың тақырып­тар ашылып, зерттеулер жасалды. Бұл еңбектер бүгінде ел тәуелсіздігіне арнал­ған тарихи һәм рухани мұра ретінде құнды. Саналы ғұмырын ұлттың қамы мен болашағына арнаған академиктің артында 800-ден астам сүбелі еңбек қалды. Бүгінде жеке ғылыми мектебі қа­лыптасқан ғалымның елімізбен қатар Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейде жүзге жуық шәкірті жемісті еңбек етіп жүр.

 

АЛМАТЫ