Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық жолы – қарқынды дамып келе жатқан нарықтық экономикасы және көпвекторлы сыртқы саясаты бар жас мемлекеттің қалыптасуының күрделі де дара жолы.
Тәуелсіздіктің мерейтойлық межелік кезеңінде жүріп өткен жолды қорытындылай келе, еліміз осы жылдар ішінде барлық салада – саяси-экономикалық, әлеуметтік, идеология және инвестиция қызметінде жоғары даму қарқынында белгілі нәтижеге жетті. Сондай-ақ халықаралық аренадағы өз ұстанымын нығайтып, бейбіт және ашық мемлекет ретінде орнықты деп сеніммен айтуға болады.
2012 жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. 2015 жылғы 30 қарашада Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болды.
Осы жолда Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуі. Оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге 4 миллионнан астам адам келсе, олардың жарты миллионға жуығы басқа мемлекеттерден. Қазақстан посткеңестік кеңістікте ЭКСПО көрмесін қабылдаған алғашқы ел болды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың 50%-ға жуығы Еуропалық одақ елдерінен тартылды. Оның ішінде Нидерландтан – 69,6 млрд доллар, Франциядан – 16,7 млрд доллар, Бельгиядан – 8,7 млрд доллар, Италиядан – 6,8 млрд доллар және Германиядан 5 млрд доллар тартылса, Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея сынды басқа да ірі елдер инвестор болды.
Елімізде 2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бұл идея елордамызды өңірдің қаржы хабына айналдыруға бағытталған. Қаржы орталығы Қазақстанға көптеген инвестиция тартады. Өйткені халықаралық қаржы орталығы арқылы қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды жағдайлар жасалады. Орталық Азия, Күнгей Кавказ республикалары, ЕАЭО, Таяу Шығыс, Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа компаниялары мен инвесторлары үшін қаржылық хаб саналады. Оның қатысушыларына 50 жылға дейін салық жеңілдіктері, жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері ұсынылған. Бұл жұмыс ағылшын құқығына негізделген өңірдегі жалғыз орталық.
Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасында атап өтілгендей, Қазақстанның негізгі жетістіктері: «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» болып саналады: Қазақстанның айналасында «тату көршілік белдеуі» салынды, республика аумағындағы ең ірі экологиялық апат аймақтарын оңалту – Арал теңізін қалпына келтіру және Семей ядролық полигонын жабу жүргізілді, республикада бірлік, бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық қамтамасыз етілді, нарықтық экономика нөлден құрылды, елдің әлеуеті едәуір артты, демографиялық дағдарыс еңсерілді, қазақстандықтардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарды, экономиканың жаңа салалары қалыптасты, елдің ұзақ мерзімді экономикалық қауіпсіздігі үшін жағдай жасалды, көлік тәуелсіздігі қамтамасыз етілді, жаңа елорда салынды және т.б.
Мұның бәрі экономикалық қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекет құру үшін сыртқы қаржылық қолдау мәселелеріне маңызды рөл берілетін Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген және сарабдал саясатының нәтижесі.
Қазақстан егемендік алған сәттен бастап алдына Ұлттық экономикаға шетелдік инвестицияларды тартуды өзекті мәселелердің бірі етіп қойды. Осы бағытта қолайлы инвестициялық ахуал жасау жөнінде үлкен жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде инвестициялар тарту үшін қажетті институционалдық және құқықтық негіздер жасалды.
Қазіргі уақытта атқарушы билік құрылымында инвестициялар тарту жөніндегі функциялармен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, ал осы саладағы жалпы саясатты айқындаумен Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі айналысады.
Сыртқы істер министрлігінің құрылымындағы Инвестициялар комитеті мен KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы АҚ тиісінше инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы стратегиялық функцияларды және инвесторлармен келіссөздер жүргізу және инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді іске асырады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министр жанындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес, Үкімет жанындағы инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесі сияқты консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді.
Инвестиция саласындағы ынтымақтастықты құқықтық негізді үкіметаралық келісімдер мен шарттар құрайды. Қазіргі уақытта республика инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы 47 екіжақты және 1 көпжақты үкіметаралық келісімге қол қойды. Олар тиісті мемлекеттердің аумағында елдер инвесторларының инвестициялық қызметті жүргізуі үшін қолайлы жағдайлар мен құқықтық шеңберлер жасауға ықпал етеді.
Сыртқы істер министрлігінің деректері бойынша тәуелсіздік жылдары республикаға шамамен 370 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған.
Құны жоғары өнімдерді, қызметтерді және жаңа технологияларды өндіруге бағытталған инвестициялық ұсыныстарға артықшылық берілетінін атап өткен жөн. Республикада іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар қоржынында экономиканың машина жасау, тау-кен металлургия кешені және металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергетика секторы, мұнай-газ химиясы, химия өнеркәсібі, көлік және логистика салалары көш бастап тұр.
Қолда бар деректер бойынша, 1993-2020 жылдар кезеңінде республикаға жыл сайын тартылатын инвестициялар көлемі 13 еседен астам өскен. 2020 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 17 млрд доллардан асты, ал 1993 жылы бар болғаны 1,3 млрд-ны құрады.
Шетелдік инвестицияларды тартудағы осындай елеулі серпіліс қолайлы инвестициялық ахуалға дәлел бола алады. Бұл капиталдың сақталуына, заңның үстемдігіне, ашық және жайлы бизнес-ортаға кепілдік береді.
Мұны Қазақстанның түрлі көрсеткіштер бойынша рейтингі дәлелдейді. Мысалы, Дүниежүзілік банктің Doing Business 2020 рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 25-орынға ие болды. Біздің еліміз миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау және келісімшарттарды сақтау сияқты көрсеткіштер бойынша әлемдік ондыққа кіреді. Мақсатты жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері шетелдік қатысумен жалпы сомасы 1,6 млрд долларды құрайтын 41 инвестициялық жоба іске асырылуда, бұл 7 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.
Олардың ішінде: Түркістан облысында жаңа әуежай құрылысы – YDA Holding (Түркия, 206 млн доллар); Ақтау қаласы аумағында туристік қонақүй кешенінің құрылысы – Sembol Construction and Engineering (Түркия 173 млн доллар); Жамбыл облысында 100 МВт КЭС құрылысы – Total Eren (Франция, 130 млн доллар); Қарағанды облысында техникалық газ өндірісі – Linde Group (Германия, 83 млн доллар); Hyundai – Hyundai Trans Kazakhstan маркалы автомобиль өндірісі – YDA Holding (Түркия), (Оңтүстік Корея, 58,5 млн доллар); Ақтөбе облысындағы бесінші буынды жылыжай (2 кезең) – Food Ventures (Нидерланд, 22,3 млн доллар).
Үкімет елдің инвестициялық әлеуетін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықта әзірленген, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын едәуір ұлғайтуды көздейтін 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия қабылданды.
KAZAKH INVEST ҰК АҚ және «Халықаралық қаржы орталығы» АҚ базасында инвесторлармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін арнайы келіссөздер командасы – Task Force құрылды. Бұл маңызды стратегиялық жобаларды пысықтау кезінде Үкіметтің атынан шетелдік компаниялармен бірыңғай келіссөз жүргізуші болады.
Үкімет инвестициялық салада қабылданып жатқан барлық шаралар 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының шараларын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін ІЖӨ-нің 30%-ына дейін, ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 30 млрд долларға дейін жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан ұлттық экономикаға шетелдік инвестициялар ағынының елеулі ұлғаюына қол жеткізіп қана қоймай, елдің инвестициялық әлеуетін арттыру бойынша пәрменді қадамдар жасауда. Қазақстан экономикасына шетелдік капиталдың құйылуы Қазақстан әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру жөніндегі жоғары мақсаттарын іске асыруға және экономикалық орнықты және әлеуметтік бағдарланған, ашық және есепті даму моделін құруға мүмкіндік береді. Осының бәрі тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және әрбір қазақстандық лайықты өмір сүру үшін берік негіз болуға тиіс.
Ғани ТАШҚАРАЕВ,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan фракциясының мүшесі