Даңқты әскери авиаконструктор-ғалым Р.А. Беляков туралы сөз
Өткен аптаның аяқталар тұсында, электронды ақпарат құралдары 95 жасқа толуға 5 күн қалған шағында атақты «МиГ» ұшағын жасаушы, айрықша санаттағы конструкторлық бөлімнің бас конструкторы Ростислав Беляковтың дүниеден озғанын жариялады. Кезінде Кеңес Одағының, қазір дүние жүзіндегі он-сан мемлекеттің, оның қатарында қазақ армиясының Әуе күштерінің негізгі қорғанысы болып тұрған әскери машинаның атасы туралы осы күндері бір ауыз жылы сөз айтуды жөн санадық... Оған себеп, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың және екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлыбритания Корольдігі аэронавтика қоғамының құрметті мүшесі Ростислав Аполлосович Беляковтың халқымыздың тұңғыш ғарышкері, даңқты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтің аса мәртебелі де маңызды бір мекемеде – елдің №1 Конструкторлық бюросында табан аудармай 15 жыл (1976-1991) қоян-қолтық араласып әрі бас конструктордың орынбасары қызметін атқарып, бірге еңбек етуі еді.
Дарынды конструктор Р.Беляковтың тікелей жетекшілігімен майдан өтінде от ойнататын жеңіл салмақты МиГ-29, истребитель-тосқауылшы МиГ-31, сондай-ақ истребитель-бомбалаушы МиГ-27 әскери ұшақтары дүниеге келген. Дыбыстан да жылдам МиГ-21, МиГ-23 және МиГ-25 ұшақтарында да ерекше қолтаңбасын қалдырған! Осынау санаттағы ұшқыр ұшақтардың 5-ұрпағының дүниеге келуіне ерекше еңбек сіңірген. Ең ғажабы және де көңілді ерекше марқайтары – сол ұшақтардың барлығына бірдей Бас конструктордың сенімді серігі, тамаша сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров қатысқан әрі бірегей ұшақтарды тікелей өзі сынақтан өткізген!
80-ші жылдары Кеңес Одағы авиациясы саласында тұңғыш рет әскери ұшақ қатыстырылатын «Теңіз жобасы» жүзеге асатын тұста КСРО басшысы М.С.Горбачевтың КОКП ОК Саяси Бюросының жабық отырысында Бас конструкторға бағыттап: «Мынандай ғажайып жаңалықпен сіз бен біз орыс әуе флотының тарихын жазып жатыр емеспіз бе? Бірақ, айтыңызшы, сол «МиГ» фирмасы сынақшыларының арасынан осынау аса жауапты міндетті орындайтын бір орыс фамилиясы қалайша табылмады?» дейді. Сондағы бас конструктор Ростислав Беляковтың жауабы: «Құрметті Михаил Сергеевич! Құрметті Саяси Бюро мүшелері! Егер біз орыс әуе флотының тарихы қанмен жазылмасын десек, тәжірибедегі бұл ұшақты крейсерге 1-сыныптағы сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров қондыруы тиіс. Менің бұған басқа қосып-аларым жоқ!» («Сынақшы мен саясат». «Егемен Қазақстан» 27 шілде, 2004 жыл.)
Мемлекет басшысының күйініп айтқан сауалына күйініп жауап қатқан осы кісі – жаның жәнатта болғыр Ростислав Аполлосович болатын. Өйткені, қанатты зымырандармен жарақтанған дыбыстан да ұшқыр ұшақты теңіз төрінде, бесіктей тербетіліп тұрған алып крейсерге (ұшақтан қарағанда оймақтай ғана екен!..) тек шебердің шебері ғана қондырып, ұшыра алатын еді. Ол – Тоқтар Әубәкіров болатын. «Би-Би-Си»-дің сол кездегі видеоқұжатында жоғары сыныптағы әскери сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтің есімі сол күні, яғни, 1986 жылдың қазанында Гиннестің рекордтар кітабына енгені туралы тәптіштеп баяндалатынын кім білер екен?
«Желтоқсаншы қазақтарға» қаны қатып қалған Горбачевті тәубесіне келтіріп, қазақтың даңқты сынақшы-ұшқышының ерен еңбегін бағалап Кеңес Одағының Батыры атағын (1988) алып беруге себепкер болған да асыл жанды, ақ жүректі бас конструктор Беляков екені «Егеменнің» сол санында жарияланған.
Мәскеу қаласында қаралы жерлеу басында жүрген Қазақстанның Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Оңғарбайұлымен телефон арқылы тілдестік:
– Дүниежүзі авиациясының тарихында есімі мәңгілікке алтын әріппен жазылған талантты жан, керемет дарын иесі, үлкен ғалым дүниеден өтті. Жан-тәніммен табынатын ұстазыммен қоштасудың ауырлығын бір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Беляков сияқты азаматтар тарихта жүз жылда бір-ақ рет келетін тұлғалар... – деді Батыр.
Дүниежүзілік авиациялық-ғарыштық Даңқ музейінде (АҚШ) Р.А.Беляковтың есімі әлемдегі атақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтің аты-жөнімен қатар тасқа қашалып жазылғаны туралы оқырманның қаперіне сала кеткенді де жөн көрдік...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
журналист.
Алматы.
Суреттерде: екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Р.А.Беляков; «Теңіз жобасы» жүзеге асқан күн. 1986 жыл, қазан. Қара теңіз.