Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков Мәскеуде тұратын қазақстандық соғыс ардагерлерімен кездесті, деп хабарлады ҚР-ның РФ-дағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Елші Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан меймандарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, барлық қатысушыларға ризашылық және құрмет сөздерін айтты. Осы ретте ол қазақстандықтардың ортақ Жеңіске қосқан үлесін ерекше атап көрсетті. “Сіздердің ерліктеріңіз бен өрліктеріңіз, Отанға алғаусыз берілгендіктеріңіз кейінгі ұрпақ тәрбиесінің берік негізі, Отанға деген сүйіспеншіліктің ерен үлгісі болып табылады”, – деді өз сөзінде З.Тұрысбеков.
Ардагерлерге ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі сондай-ақ “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясының ықпалымен “Жеңіс мұрагерлері” шарасы шеңберінде Астана мен Мәскеу қалалары арасында телекөпір ұйымдастырды. Мұнда қазақстандық және ресейлік ардагерлер арада 65 жыл өткен соң бір-бірімен жүздесуге мүмкіндік алды.