04 Наурыз, 2014

Қазақстан мен Финляндия – маңызды әріптес елдер

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжілістің шақы­руымен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Финляндия Парла­менті­нің Төрағасы Ээро Хейнялуомамен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Тараптардың атап өткеніндей, екі мемлекет – сыртқы саяси және экономикалық маңызды әріптестер. Екі ел басшыларының етене байланыстары да екі жақты қарым-қатынасты одан әрі қарқынды дамытуға деген құлшыныстың айқын көрсеткіші. Өзара ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының қатарында инновация, «жасыл экономика», білім, сондай-ақ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, басқа да халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар аясындағы белсенді іс-қимылды атап өтуге болады. Мәжіліс Төрағасы: «Біздің елдеріміздің «жасыл көпір» бағдарламасы шеңберіндегі ықпалдастығы «жасыл» технологиялар саласындағы өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі бола алады. Біз финляндиялық әріптестеріміз қазақстандық бастамаға қолдау көрсетіп, «Жасыл көпір» әріптестігі бағдарламасы туралы Хартияға қосылады деп есеп­тейміз», деді. Қазақстанның болашақ дамуы туралы айтқанда Нұрлан Нығматулин Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру асыл мұраттарға жету жолында барша қазақстандықтарды біріктіргенін атап өтті. Өз кезегінде Ээро Хейнялуома, Қазақ­станның аймақтағы және әлемдік аре­надағы рөлін жоғары бағалай келіп, біздің еліміз жетістіктері, сондай-ақ, Қазақстан дамуындағы тұрақтылық дүниежүзі елдері үшін үлгі екендігін айтты.   Бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті нығайту мәселесін сөз еткенде Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық антиядролық бастамаларының маңыздылығына тоқталды. Ол бастамалар халықаралық қоғамдастықта біздің еліміз жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді. – Қазақстан Еуроодақтың қауіпсіздік мәселесі жөнінде Еуроодақ – Орталық Азия жоғары деңгейлі үнқатысу құру бастамасын қолдады және оның дамуына барынша ықпал етуге дайын, – деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Спикері, сондай-ақ, қазақстандық парламентшілердің Таяу Шығыста ядролық қарудан және жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ құру туралы халықаралық конференцияға қатысуға дайын екенін жеткізді. Шара Хельсинки қаласында өтеді деп жоспарланған. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қазақстан үшін негізгі басымдықтардың бірі – еуропалық құқықтық кеңістікке қосылу болып табылады. Осыған орай екі ел спикерлері парламентаралық қарым-қатынасқа айрықша назар аударды. Оны дамытуға қос мемлекеттің заңнамалық органдарында құрылған ынтымақтастық жөніндегі топтар өз ықпалын тигізбек. Нұрлан Нығматулин мен Ээро Хейнялуоманың атап өткеніндей, өзара іс-қимылды күшейту үшін фракциялар мен комитеттер арасында берік байланыс орнату айрықша рөл атқармақ. Мәжіліс Төрағасы: «Финляндиялық әріптестеріміздің инновациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету, білім жүйесін жетілдіру, экономикаға «экологиялық» көзқарас саласындағы тәжірибелері біздің ерекше назарымызда. Біз ЕҚЫҰ ПА, Парламентаралық Одақ, басқа да халықаралық парламенттік ұйымдар аясында бір-біріміздің бастамаларымызды өзара қолдау мүмкіндігіміз зор», деп атап өтті. Кездесу соңында Мәжіліс Спикері Финляндия Парламенті Төрағасының сапары екі ел парламенттері арасындағы саяси үнқатысу мен өзара түсіністікті орнықтыруға ықпал ететініне сенім білдірді.