Саясат • 05 Желтоқсан, 2021

Шавкат Мирзиёевтің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты жайлы Өзбекстан басылымдары жарыса жазды

505 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің «Egemen Qazaqstan» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге берген «Жарқын болашақты бірге құрамыз» тақырыбындағы сұхбаты «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттеріне жарияланғаннан кейін көрші елдің ақпарат агенттіктері мен ресми сайттары еліміздің бас басылымында жарияланған сұхбат туралы ақпараттар тарата бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шавкат Мирзиёевтің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты жайлы Өзбекстан басылымдары жарыса жазды

Алдымен kun.uz. сайты Өзбекстан Президентінің қазақ басылымына жарияланған сүбелі сұхбаты туралы ақпаратпен бөлісті.

«Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Казахстанская правда», «Egemen Qazaqstan» газеттеріне сұхбат берді.

«Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Шавкат Мирзиёевтен сұхбат алды. Газеттің басшысы Дархан Қыдырәліге берген сұхбатында Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің болашақтағы бірлесіп атқарар жұмысы туралы айтты. Мемлекет басшысы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы халықаралық қатынастарды да жоғары бағалады. Әңгіме екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашақ жоспарларына байланысты егжей-тегжейлі қозғалды», делінген агенттік жариялаған мақалада. Сондай-ақ олар Қазақстанның бас басылымы елде ең көп тиражбен тарайтынын да атап өткен.

Қазақстанның бас басылымдарына жарияланған Шавкат Мирзиёевтің сұхбаты uza.uz порталының да назарынан тыс қалмаған. Ақпараттық агенттік басшылығы материалды «Шавкат Мирзиёевтің сұхбаты қазақстандық газеттерде жарияланды» деген тақарыппен беруді жөн көрген.

«Қазақ тілінде жарық көретін «Егемен Қазақстан» және орыс тілінде күнделікті шығатын «Казахстанская правда» газетінде Өзбекстан президентінің сұхбаты жарияланды. Онда жаңа Өзбекстанның Даму стратегиясы, Қазақстанмен қарым-қатынастардың жай-күйі, алдағы сапарлардан күтілетін нәтижелер туралы ақпарат ұсынылған.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Орталық Азияның болашағы, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастықтың перспективалары туралы өз пікірін білдірді», делінген uza.uz сайты таратқан ақпаратта.

Ел президентінің қазақстандық басылым басшысына берген сұхбаты m.aniq.uz сайты журналистерінің де назарын аударған.

«Президент Шавкат Мирзиёевпен болған әңгіме Қазақстанның «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланды. Басылым басшысы Дархан Қыдырәліге берген сұхбатында президент екі мемлекеттің бірлесіп тындырар көптеген жобалары жайлы сөз қозғаған» депті m.aniq.uz сайтының тілшісі.

Бұдан бөлек Өзбекстанның бірнеше ақпарат агенттіктері мен сайттары Президент сұхбатын өзбек тіліне аударып басқан. Тағы бірнеше сайт kun.uz. ақпарат агенттігінің жариялаған хабарын көшіріп басқан.

Естеріңізге сала кетейік, бас басылымның сенбі күні шыққан санында жарияланған сұхбатта Өзбекстан президенті жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйымының атқарар жұмысы мен мақсаты жайлы ойымен бөлісіп, Арал теңізінің проблемасына тоқталып, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табысы туралы толғанған болатын. Сондай-ақ көрші елдің көшбасшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы айрықша рөлін де тіліне тиек еткен еді.