Халықаралық балаларды қорғау және халықаралық мүгедектер күніне арналған баспасөз конференциясы барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин қоғамның қорғауға мұқтаж мүшелерінің құқықтарын қорғау шараларына байланысты түйткілді мәселелерді бөлісті. Балалардың лайықты тәрбие
және білім алу құқығы, таланттары мен қабілеттерін ашу – қоғамның басты міндеті. Елімізде қазір 6 млн-нан астам бала бар. Балалардың құқықтарын қорғауды мақсат ететін кешенді шара олардың әл-ауқатына, даму мүмкіндіктеріне назар аударуды қажет етеді. Өкінішке қарай, бүгінде кедейшіліктің күйін кешіп, білім мен медицина қолжетімсіз елдерде, тіптен моральдық, физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көріп жүрген балалардың болашағы алаңдатады.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 1992 жылы 3 желтоқсанды Халықаралық мүгедектер күні деп жариялады. Қай қоғамда болсын мүгедектердің медициналық көмек пен білім алуы, жұмысқа орналасуы мен әлеуметтену мүмкіндігі аз. Мамандардың дерегі бойынша, бұл мәселенің Қазақстанда да шешілмеген тұстары бар. Осы орайда А.Саин қоғамның мүмкіндігі шектеулі мүшелері үшін кешенді шараларға тоқталып, 2019 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде қызметіне кіріскен күннен бастап 872 өтініштің қарастырылғанын жеткізді. Оның 786-сы тиісті органдарға жолданса, 86 өтініш қаралуда. Ал биыл 1 қаңтардан 10 қарашаға дейін түскен 315 өтініштің 240-ы қаралса, 75-і өндірісте. Өтініштердің басым бөлігі осы кезге дейін қылмыстық іс жүргізуге қатысты, биылғы қамқоршылық мәселелері бойынша сот істеріне қатысты 46 өтініш келіп түскен. Ал жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты 14 өтініш келіп түссе, оның 10-ы сотпен расталып, 4-еуіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өз қызметіне кіріскенге дейін еліміздегі спорт пен мәдениетке бөлінген қаражатты балаларға арналған бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелерге бағыттау шаралары жүзеге асқаны белгілі. Осы ретте жергілікті биліктің кәсіби спортқа, орынсыз мәдени шараларға қомақты қаржы жұмсайтыны айтылып, бюджетті қайта қарап, бос ақшаны балаларға арналған бұқаралық спорт пен шығармашылыққа бағыттау мәселесі көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында балалар спорты мен балалар шығармашылығы саласын қаржыландыру тұжырымдамасына баса назар аударды. Заң жобасы әзірленіп, балаларды шығармашылық үйірмелер және спорттық секциялармен барынша қамту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойылды. Алайда А.Саин жалғыз заң жеткіліксіз екенін алға тартты. Қазіргі кезде аrtsport.edu.kz порталы іске қосылған. Порталдың https://artsport.edu.kz/ru/sdcstat бөлімінде балалар, берілген ваучерлер, жеткізушілер туралы ақпарат алуға болады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бүгінгі таңда 300 мыңға жуық ваучер берілгенін алға тартып, бір спорттық және бір шығармашылық үйірмемен қамтылуға тиіс құқығы бар 4,5 млн-ға жуық бала үшін бұл санның өте аз екенін атап өтті. Сонымен бірге жүктелген міндеттер және қабылданған заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер жүзеге аспауда. Өңірлердің көпшілігінде балалардың спорт және шығармашылықпен айналысуы үшін мемлекеттік тапсырысқа қаражат мүлде жеткіліксіз бөлінген. Бөлінген ақша 1-2 айда бітіп қалып, балалар үйірмелерге жазыла алмай отыр. Бұл ретте кәсіби клубтар мен командаларды қаржыландыру жалғасып жатқанын көріп отырмыз, дейді ол. Облыста тұратын барлық 300-400 мың балаға небәрі 80-100 млн, ал бір футбол командасына 1,2 млрд теңге бөлінуде. Мұндай командалар әр облыста бар. Ал әр бала өз қалауы бойынша спорт пен өнерге барынша қамтылуға тиіс. Өйткені бала тәрбиесі – басты мемлекеттік бағдарлама. Кез келген мемлекеттің негізгі инвестициясы – бұл халыққа, яғни балаларға салынған инвестиция.
Жиында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек сөз сөйлеп, аймақтағы ықпалдастық мәселелерінің маңызына тоқталды. Әріптестік мәселесіне кеңінен тоқталған UNICEF өкілі Артур ван Дизен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында балалар құқығын қорғауда білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау, теңдік пен инклюзия саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті. Ел Үкіметіне ризашылығын білдіре келіп, Артур ван Дизен қоғамдық ұйымдардың әрбір қазақстандық баланың мүддесін қорғаудағы іс-қимылының маңыздылығына, алдағы уақытта мүгедек балаларды қорғау шараларының жетілдіріле түсетініне назар аударды.
Елімізде мүгедек балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру бойынша 2021–2023 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге асуда. Бүгінде интернаттық мекемелердегі мүгедектігі бар балалардың болашағы алаңдатады. Баланың интернаттық жүйеде өсуі оның жеке басының толық және үйлесімді дамуына мүмкіндік бермейтіні белгілі. Қазақстан негізгі халықаралық конвенцияларды ратификациялаған ел әрі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бар. Ал заңнамада бала күтімінің баламалы түрлері көзделген. Дегенмен баланы мүгедектігі бар отбасынан ажырату қажеттілігі тұрғысынан кешенді бағалау жүйесі дамымаған. Отбасы үлгісіндегі балаларға күтім жасаудың кәсіби балама нысандары жоқ, балалардың мүдделерін сақтау жөніндегі халықаралық қағидаттар стандарттар мен ережелер заңға тәуелді актілерде көрсетілмеген. Осыған байланысты отбасылық тәсілге негізделген күтімнің баламалы тетіктері жөніндегі нормаларды енгізе отырып, мүгедектігі бар балаларды күту жүйесін реформалаудың бірыңғай саясатын әзірлеуді ұсынған мамандар қазіргі уақытта UNICEF Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі интернаттық мекемелерді трансформациялауға қатысты ұсынымдар әзірленуде.
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова балалар құқығын қорғау мәселесін Мемлекет басшысының бақылауда ұстап отырғанын жеткізе келіп, еліміздегі халықтың 31 пайызын құрап отырған 6 млн-нан астам баланың құқығын қорғауда заңнамалық базалар жүйеленгенін атап өтті. Алда заңнамалық құжаттарды жетілдіруге байланысты жұмыс жалғасын табуға тиіс. Осы орайда вице-министр Еуроодақпен, БҰҰ-мен арадағы диалог мәселелерін атап өтті. Соңғы бес жылда балалар құқығын қорғауға байланысты 13 заң қабылданған. Қабылданған шаралар автоматтандыру, жеңілдету бағытында жетілдіріліп келеді. Карантин кезінде тиісті органдардың бірлесе жұмыс істеуі нәтижесінде балаларға қажетті дәрі-дәрмектер аймақтарға жеткізіліп отырды. Қомақты қаржының білім мен денсаулық саласына бөлініп отырғанын жеткізген вице-министр алдағы уақытта да әлеуметтік салаға бөлінетін көмекке баса назар аудырылатынын айтты. Бүгінде балалардың құқығын қорғауға байланысты Жол картасы жұмыс істейді, отыздан астам нормативті-құқықтық актілер қабылданған. Балалардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдарымен – ІІМ, Бас прокуратурамен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен үнемі байланыста болуға тура келеді. Осы орайда заңнаманы күшейту, дағдарыс орталықтарын құру, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту сияқты шаралардың маңызы зор.
Алайда жаһандық тұрғыдан алып қарасақ, қоғамдағы зорлық-зомбылық сана-сезімінің деңгейімен анықталады. Өмірде лайықты адам болуына мүмкіндік жасау үшін балалар өсіп жатқан ортаның жағдайын өзгерту керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің бала тәрбиесіне қанша қаражат бөлетіні оның экономикалық көрсеткіштеріне ғана емес, елдегі қылмыстың, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, суицидтің және басқа да жағымсыз факторлардың деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан мамандар мемлекеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарына жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды енгізуге үлкен үміт артып отыр. Бұл балаларға сүйікті спорт және өнер түрімен айналысуға, қабілеттері мен таланттарын дамытуға, еліне лайықты азаматтарды тәрбиелеп, сапалы адами капиталды дамытуға мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ