«Нефтехим Арена» спорт кешенінде өткен кездесудің бірінші таймында ойыншылар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Екінші 20-минутта аренаға жиналған жанкүйерлер үш шайбаның куәсі болды. Матчтың 30-минутында айдын иелерінен Сергей Купцов есепті ашса, арада үш минут өткенде Павел Порядин «Нефтехимиктің» басымдығын нығайта түсті. Дегенмен кезең соңында «Барыс» ойыншылары есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Шайба авторы – Роман Старченко.
Шешуші кезеңде жерлестеріміз жеңіс үшін барын салды. 48-минутта Кирилл Савицкий қарсылас қақпашысының қателігін тиімді пайдаланып, таблодағы көрсеткішті 2:2-ге жеткізсе, сәлден кейін Кертис Волк елордалықтарды есепте алға шығарды. Ал кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда Томаш Юрчо шайбаны бос қалған қақпаға дәл бағыттап, ойынның нүктесін қойды – 2:4.