Кеңес дәуіріндегі жоспарлы экономиканың саясаты одақтас республикалардың дербес өндіріс жүргізуіне барынша тосқауыл қойғаны белгілі. Кезіндегі саясат Тұңғыш Президенттің мақаласында егжей-тегжейлі баяндалыпты. Расымен де алпауыт одақтан шығып, жеке тәуелсіз мемлекетке айналу жолында бірталай қиындыққа кезіктік. Экономикалық тұрғыдан алсақ, алып зауыттар негізінен Ресей жерінде орналасты. Ал республикалардан шикізат жөнелтілетін еді. Соның ішінде Қазақстандағы металлургия, алюминий, тағы басқа зауыттардың өнімдері жартылай шикізат болып, ол басқа жерде дайын өнім болып өңделіп шығатын. Бір мысал, Алматы облысының Шелек ауданында темекі шаруашылықтары болатын, «Қазақстан» атты халықтың жоғары сұранысына ие болған темекіні орайтын қағаз Пермь облысынан алынатын, ол өнім Арменияда шығарылатын еді.
Кезінде Оңтүстіктегі Қызылқұм ауданында, қазіргі Отырар ауданында уран өндірісі болып, оның зияны жергілікті халыққа тие бастаған. Оның себебін іздесек, жерастындағы уран өнімін алу үшін оған күкірт қышқылы жіберілген, ол қоспа цистерналармен Тәжікстанға тасымалданған, ал оны басқарушы мекеме Ташкентте орналасқан. Күкірт қышқылы елдің су ішетін құдығынан табылып, халық сусыз қалғанда жауапты мекемені табу оңай болмай шыққан. Міне, осындай мысалдар орталықтың империялық қитұртқы саясатының бір көрінісі еді.
Қазақстан экономикасы рубль аймағында болғанда инфляция мыңдаған пайызбен өлшенуші еді. Оған да байыппен қарап, кезінде зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеу басты саясат болды, азық-түлікпен қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынып, алыпсатарлардың аласапыранына жол берілмеді.
Егемендіктің елең-алаңында көше демократиясы алға шығып, тыңғылықты іс атқарудың орнына саясат туын желбіретіп, қоғамды дүрліктірген күштер аз болған жоқ. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» ұранын көтеріп, атқарушы билік пен қоғамды нақты іске жұмылдыра білді.
Соның арқасында ел экономикасындағы қиындықтарды бастан кеше отырып, тығырыққа тірелсек те құлағанымыз жоқ. Халық босып, көрші елдердің есігінде телмірген жоқ. Ақыры, іргемізді бекітіп, өзіміздің төл құндылықтарымызға қол жеткізе бастадық. Өз өнімдеріміз көбейді. Талай әлемдік дағдарысты да басымыздан өткіздік, сонда да жасыған жоқпыз, қайта еңсемізді тіктей түсіп, мемлекет ретінде орныға түстік. Экономикамыздың он пайыздық өсіміне қол жеткізуіміз – соның көрінісі. Қазіргі ІЖӨ өсімі тым жоғары болмаса да әлемдік пандемия кезеңінде өркениентті елдердің соңында емеспіз.
Ең бастысы, еліміздің тыныштығы мен халықтың бірлігі. Тәуелсіздігін ала алмай жүрген, осы бір қымбат сыйға қол жеткізе алмай, арманда жүрген елдер де баршылық. Сондықтан әр азамат басты құндылығымыз – тәуелсіздігіміздің қадірін түсінуі керек. Оқыған жастарымыздың үлкен тобы экономиканың әр саласында еңбек етіп жатқаны да қуантады. Соған қарап ел егемендігінің алғашқы қазығын қағу мен оның іргесін қалауға қатысқан адам ретінде болашаққа сеніммен қараймын. Бірақ ізденіс керек, әлі де өркениетті елдерден үйренетініміз көп.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы