Білім • 06 Желтоқсан, 2021

Мұрат Жұрынов: Елдің келешек дамуы ғылым деңгейімен айқындалады

528 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Биыл ғылымның қара шаңырағы – Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 75 жыл толды. Осы жылдарда академия кеңестік басқару жүйесінен Батыс Еуропа үлгісіне көшіп, қоғамдық қор ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Алпыс жылдан астам еңбек жолын білім мен ғылымды дамытуға арнаған ғалым, елімізге және шетелдерге танымал академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновпен әңгімемізде отандық ғылымның дамуына қатысты мәселелер айтылды.

Мұрат Жұрынов: Елдің келешек дамуы ғылым деңгейімен айқындалады

– Мұрат Жұрынұлы, Тәуел­сіздіктің 30 жылдығымен қатар еліміздегі ең ірі зияткерлік орта­лық – Ұлттық ғылым акаде­мия­сының құрылғанына 75 жыл толып отыр. Сіздің бұл меке­мені басқарғаныңызға да жиыр­ма жылға жуықтап қа­лып­ты. Осы жылдарда ғы­лы­ми қауымдастық қандай жетістікке жетті?

– Пандемиядан кейінгі ке­зеңде әлем елдері үшін геосаяси кеңістіктегі тұрақтылықпен қа­тар адамзаттың денсаулығын сақ­тау бірінші кезекке шықты. Қиын­дықпен бетпе-бет келе оты­рып, ғылымды, білімді дамыту­да ғы­лы­ми-инновациялық бағыт­­тың маңызына көз жеткіз­дік. Ғы­лым сала­сына мемлекет тара­пы­нан көңіл бөліне бастады. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ғылым­ға бөлінетін қаржы­ның ІЖӨ үле­сін 1 пайызға жеткізуді тап­­сыр­ды. Мұның өзі үлкен көрсет­кіш. Білім және ғылым ми­нис­тр­і А.Аймағамбетовтың бас­шы­лығымен осы мәселелер­дің дұрыс шешімін тауып, заң­на­малармен бекіту жұмыс­тары­мен және оған қоса жетек­ші ғалымдарға стипендия тағайын­дау туралы заң жобасын әзірлеу, іргелі ғылыммен айналысатын институттарды тұ­рақты қаржы­ландыру жүйесіне өту мәселесімен де шұғылданып жатыр. Айта кететін мәселе, Ресей, Украина елдерінде мұнай, газ, металл кенін өндірумен айналысатын компаниялар жылына тапқан табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып отыруды дәстүрге айналдырып келеді. Осы үрдісті бізде де қолдану қажеттігі бес жылдай бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы тарапынан айтылған болатын. Оны жылдам жүзеге асыру жөнінде жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма берді. Келер жылдан бастап өндіруші компаниялар тапқан табысынан ғылымға арнайы қаржы бөліп отырады. Бұл – ғылымды да­мы­туға бағытталған ірі іс-шара.

– Кеңестік басқару жүйе­сінен бірден Батыс Еуропа үлгісіне көшу Ғылым академия­ның келешегіне қандай мүм­кіндіктер берді?

– 2003 жылы қоғамдық бір­лестік мәртебесіне көшкен ака­де­мияны ТМД елдерінде бірінші болып КСРО моделінен нарықтық экономикаға бейім Батысеуропалық моделге көшіре отырып, ары қарай дамыту қажет­тігі туды. Бұл моделді қабыл­дамас бұрын Франция академиясының жұмысымен танысып, зерттеп қайтуға тура келді. Франция академиясы – қоғамдағы ең жоғары мәртебелі мекемелердің бірі. Кез келген министрліктен беделі жоғары. Жылдық бюджеті 79 млн еуро көлемінде. Жалпы, шетелдерде мемлекеттік, жекеменшік мәртебесіне қарамастан, ғы­лым академиялары бюджет­тен қар­жыландырылады. Фран­­цияда, Америкада да сондай. Кембридж, Стенфорд, Гар­вард сияқты әлем­нің жетекші универ­ситеттерін жекеменшік болғанына қарамастан, мемлекет қаржыландырады. Өйткені олар Америка үшін маман даярлайды, ғылымды дамытып, жаңа технологиялар жасайды. Бүгінде жұмысын қоғамдық бірлестік ретінде жалғастырып отырған академия тек бір баппен – Ғылым жөніндегі Ұлттық баяндаманы дайындау үшін мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Одақ тұсында ҰҒА құрамында 45 институт жұмыс істеп келсе, кейіннен олар басқа минис­тр­ліктердің құрамына, бірқатары акционерлік қоғамдарға бөлініп кетті. Дегенмен де, сол жылдары Мемлекет басшысының алдында академия үшін маңызды деген үш мәселені шешіп алдық. Бірінші ғимарат мәселесі, оны тегін аренда тәсілімен пайдалану. Екіншіден, 1946 жылдан бері шығып келе жатқан 73 мемлекетке тарайтын 8 журналды жарыққа шығару. Егер бұл басылымдардың шығуын тоқтатып алсақ, әлемдік ғылыми қауымдастық алдындағы беделімізге нұқсан келетін еді.

– Білім министрі болып тұр­ған кезде тегін білім алу мәсе­ле­сін көтеріп, оның заң тарапы­нан бекуіне ықпал еткеніңіз белгілі. Бүгінде осы мәселелер қан­ша­лықты жемісін беріп келеді?

– Кеңес Одағы тұсында Қазақ­стан ғылымының базасы мықты болды. Біз Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иелендік. Ал КСРО болса Америкамен тең дәрежеде тұрды. Міне, қазақ­стандық ғалымдардың осы беделі бізге әлі күнге азық болып келеді. Бүгінде қазақ ғалымдарына Ре­сей, Қытай, Еуропа елдері, тағы да басқа көптеген елдерде құр­­­метпен қарайды. Міне, осы құрметті жоғалтып алмай, отан­­дық ғылымға және барлық жетек­ші ғалымдардың бас қосқан орталығы – Ұлттық ғылым академиясына көп көңіл бөлу керек. Егемендікке қол жеткізер тұста депутат болған ғалымдарымыз ел үшін маңызды заңдардың қабылдануына мұрындық болды. Олардың қатарында С.Зиманов, С.Сартаев, М.Қозыбаев сынды ғалымдар болды. Солардың арқасында Конституциямыз, Президенттік Республика және Тіл туралы заңдар қабылданды. Олар Үкімет алдында мәселенің дұрыс-бұрыстығын айтып, төтесінен қоя білді. Стратегиялық маңызды істердің басы-қасында жүрді. Осы жылдарда бизнесмендер тарапынан тіптен Қа­зақ­станға іргелі ғылым керек емес деген түсінік пайда болды. Ал тығырықтан шығудың жолы тек ғалымдарға ғана байланысты еді. Сол жылдары тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы қабылданды. Ал Конституцияның білім туралы 30-бабының бірінші жобасын өз қолыммен жаздым. Сондағы ең маңызды екі ауыз сөз нағыз күреске айналды. «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі». Қар­жы саласындағылар «ақысыз» оқытуға және «міндетті» деген екі сөзге қарсы болды. Ме­нің ұсынысымды сол кездегі Қаржы министрінің орынбасары Р.Тоқсейтов пен Үкімет аппаратынан Ә.Құсайынов қолдап отырды. Ұсыныстарымыз Үкімет басшысынан қолдау таппады. Бірақ бір қадам артқа шегінбей, Тұңғыш Президент – Елбасының алдына дейін барып, ел болашағы үшін өте маңызды мәселені сақтап қалдық.

– Тұңғыш Президент – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев рухани астанамыз – көне Түркіс­танды жандандыру мақсатында университет ашып, Сізді Түр­кіс­танға ректор етіп жіберді. Қиын-қыстау кезеңде университет ашу, оған білікті мамандарды тарту оңайға соқпағаны белгілі. Бұл түркі әлемі жастарын біріктіруге бағытталған игі қадамның бірі болды ғой?

– 1989 жылы Батыс Германияға іссапар барысында Гейдельберг университетіне бардым. Білімге жағдай жасау деген осы болар. Қаланың ішіндегі ғажайып қала. Университет қақпасынан бастап оқимын деген адамға жағдайдың бәрі жасалған. Осыны көріп Батыс Еуропа үлгісінде университет қалашығын салмақ болған арманымыз алыстады. Қомақты қаржысыз оны жүзеге асыру мүмкін емес. Содан АҚШ елшісі У.Кортни мырзаны Түркістанға ертіп келіп, АҚШ-Қазақстан университетін құрмақ болдық. Мәскеуге іссапармен келген АҚШ президентінің ТМД елдері бойынша кеңесшісі Вильямс мырзаға жолықтық. Бірақ мәселе шешілмеді. Содан Түркияға барып жүріп, Қазақ-Түрік халықаралық университетінің қалашығын салуға қол жеткіздік. Осы оқу орнына 10 жыл ректор болдым. Сол уақыт ішінде Түркия 100 млн доллар көлемінде қайтарымсыз демеушілік жасады. Соның нәтижесінде уни­вер­ситеттің материалдық базасы жақсарды. Ауылдағы қазақ жастарының бі­лім алуына үлкен мүмкіндік туды. Сонымен қатар бүкіл түркі әлемінен студент жас­тарды жинап басын қосып, келешекте олардың түркі әлемінде достық, бірлік орнатуы­на ықпал жасадық. Дәріс беруге Алматыдан, Шымкенттен, Таш­кенттен, Қарағандыдан, әри­не және Түркиядан ірі ғалым-про­фес­сорларды шақырдық. Бұл Елбасының арманы – қасиетті Түркістан топырағын гүлдендіруге, түркі дүниесін біріктіруге, достық ұйым құруға қосылған бір ірі үлес болды.

– Әлемдегі ахуалға байланысты отандық ғылым сын-тегеуріндер кезеңінде тұр. Бү­­гінде ғылым араласпайтын са­ла жоқ. Білім, медици­на, әлеу­меттік сала, тіптен эко­но­ми­ка­лық тұрғыдан өр­кен­деуде ғы­лымның үлесі зор. Сала­да ше­шімін таппа­ған мәсе­лелер­ді ғылыми қауым­дастық жиі көтеріп жүр. Отандық ғы­лымның алдында нақты қан­дай маңызды міндеттер бар?

– Бүгінде отандық ғылымда шешімін табуға тиісті негізгі екі мәселе бар. Кез келген ел осы мәселені шеше алмаса, онда ғылым дамымайды. Оның бірі, елімізде қалыптасқан ғылыми мектептерді сақтап, келесі буындағы ғалым­дардың құрамын жасарту болса, екіншісі, зерттеліп біткен жұмыстарды өндіріске енгізу. Оны дер кезінде қолданысқа енгізбесек, жаңалық ескіріп, оны басқалар пайдаланып кетуі мүмкін. Бүгінде ғалымдарымыздың қаншама еңбектері шетелдер­ге кетіп жатқанын жоққа шыға­ра алмаймын. Өйткені оларды қаржыландыратын халықаралық ұйымдар бар. Бұлар қазақстандық ғалымдарға там-тұмдап қар­жы беріп қойып, пайдасын өздері көреді. Сондықтан ғалым­­дарға мейлінше жағдай жасау уақыт күттірмейді. Жаңа­лықты өндіріске енгізу жағына келетін болсақ, көптеген зауыт­ымыз шетелдіктерге тие­сілі болғандықтан, олар өз ғалым­дарының зерттеулерін қаржыландырады. Олардың назарын аудару үшін қомақты мөлшердегі зерттеулер қажет, ал ол үшін заманауи зертханалар, жартылай өндірістік жабдықтар, технологиялар қажет. Кезінде жобалау институттары, конструкторлық бюролар, алпауыт зауыттардың жанында сынақ учаскелері, цехтар жұмыс істейтін. Сондықтан да жартылай өндірістік эксперименттік цехтар құру бірінші кезекте тұр. Яғни мемлекетті байытудың бірден-бір тиімді жолы – ауыр индустрияны дамыта отырып, инновация жетістіктерін тиімді пайдалану. Батыс елдерінде өндіріске ғылыми тұрғыдан қолдау міндетті түрде көрсетіледі. Ғылымның жылдам дамуына байланысты ең жаңа деген технология бес жылда тиімді болмай ескіріп қалады. Сондықтан кез келген зауыт-фабриканы ғылыми тұрғыдан үздіксіз қолдау арқылы алғы шепте ұстап тұра аламыз. Мысалы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде өңдеу, тауар шығару өндірісі осылайша жолға қойылған. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ауыл шаруашылығы дақылдарынан жыл сайын 4-5 рет өнім алатынына қарамастан, кедейшілікте өмір сүруде. Себебі ол елдерде индустрия дамымаған, жоғары техникалық білім мен ғылым жетілмеген. Табиғи байлықты шикізат күйінде сата беру қаржы әкелгенімен, мемлекетті дамытпайды. Оны өз елімізде өңдеп, тауарға айналдырып, Елбасы бұрыннан айтып келе жатқан орта және шағын бизнесті дамытпасақ, Африканың шикізат қана өндіре­тін кедей мемлекеттерінің дең­гейінде қалып қоюымыз мүмкін.

– Ғылыми мектептерді дамыту мәселесіне қаншалықты көңіл бөлініп келеді?

– Ғылыми мектептердің бұ­зылуы әр саладағы көшбас­шылықтан айырылумен пара-пар, сондықтан оны сақтау керек. Ғылыми мектептерге болашағын ойлаған елдер үлкен қамқорлық жасайды. Өйткені оның құрамы жетекші ғалымдардан ғана құры­лады. Бұл ұзақ жылғы еңбек әрі қомақты қаржы қажет жоба. Сондықтан көп қиындықпен құрылған ғылыми мектептерді жоғалтып алмай, дамыту уақыт күттірмейді. ТМД аумағында қазір Қазақстанда ғана Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс жүргі­зуде. Рас, әлемнің дамыған елде­рінің бәрінде ҰҒА мемлекетке қарамайды. Осыған қарамастан мемлекет олардан қаржы аямайды. Мәселен, АҚШ-та ғылым­ның да, ғалымдардың да абыройы мен беделі өте жоғары. Олардың ұлттық академиясының жылдық бюджеті 64 млн доллар. Бізге жер көлемі жағынан жақын Аустралияда ҰҒА бюджеті 6,1 млн доллар. Қазақстан – табиғи байлығы мол, халқы білімді, ғылымы дамыған мемлекет. Мұнай қоры жағынан біз әлемде 9-орындамыз, уран, хром, көмірден қорынан ТМД-да 2-орында келеміз. Сирек кездесетін металдар мен химиялық элементтер қоры жеткілікті. Қазақстанға АҚШ және Батыс Еуропа, сондай-ақ Түркия, Иран, Жапония және Қытай секілді елдер қызығушылық танытуда. Бұл алғашқы кезекте республиканың стратегиялық шикізаттық ресурстар бойынша жоғары әлеуетіне байланысты. Осы қорларды игеріп, ғылыми-технологиялық өндірістер құрып, шикізатты жаңа технология­лар арқылы тауарға айналдырып экспортқа шығарғанда ғана оның мол игілігін көре аламыз.

– Отандық ғалымдар ғы­лым­ның қай саласында да жоға­­ры беделге ие. Бірақ соң­ғы жылдары «ғылым қар­тайып барады» дегенді жиі ести­міз. Елімізде ғалымдардың мәр­тебесі қалай анықталады? Оның арнайы бір талаптары бар ма?

– Франция моделінің үз­дік үлгілерін елімізде енгізу мәсе­лесіне қатысты айттым. Бұл ел­де әрбір академиктің штаттық көмекшісі бар, мемлекет тарапынан қолдау жолға қойылған. Алайда біздің 1995 жылға дейін академик мәртебесін алғандар ғана стипендиясын алып келеді. Бұл мәселе Үкімет алдында жиі айтылып жүр. Жасы жетіп, қартайған ғалымдар, яғни академиктер барлық елде бар. Елімізде 2003 жылы 200 академик болса, қазір олардың саны 120 шамасында. Осы тұста айта кететін мәселе, дамыған елдер тәжірибесінде «өмірлік академик» деген мәртебе қолданыста. Бұл жерде мәселенің тағы бір жағына назар аудара кеткен жөн. Мысалы, дүниеден өткен академик А.Жанғалиев 94 жасында Американың конкурсына қатысып, ғылыми грант ұтып алды. Еңбегі жоғары бағаланып, Америка ғалымдары мойындады. С.Зиманов ағамыз 90-ға таяп қалғанда құнды еңбектерін жазды. Ә.Қайдар ағамыз дүниежүзі мойындайтын еңбектерін 75-80-інде жазды. Ғылымның нәтижесі көп жылғы еңбекпен өлшенеді. Ғалымның да өмірі өлшеулі, сондықтан да олар бастаған ісін осы саланы жанымен түсінетін жас буынға табыстап кеткісі келеді. Өкініштісі, біз өтпелі кезеңде орта буын ғалымдарымызды жоғалтып алдық. Тек кафедра меңгерушісі, топ жетекшісі болып жүрген ірі ғалымдар ғана ғылымнан алыстамады. Осы орайда ізбасар жастарды тәрбиелеу, оларды ғылымға тартып, жағдай жасау уақыт күттір­мейді. Ал ғалымдардың дәрежесі ғылымға сіңірген еңбегі мен ашқан жаңалықтар арқылы белгіленеді. Оны шенеуніктер емес, ғалымдар қауымы анықтай алады.

– Сіз 39 жасыңызда ғылым докторы атағын алған ғалым­сыз. Есіміңіз әлемдік өнер­тап­қыштар тізімінде тұр. 100-ден астам ғылыми жаңа­лығыңыз па­тенттелген. Бүгінде оның бір­­­қа­тары өндіріске енді. Бұл бағыт­тағы жұмыстар қа­лай жал­ға­сын табуда?

– Мен оқуға тапсырған жылдары ең мықты оқитын, өзіне сенетін балалар ғана химик болуды таңдады. Кезінде химия факультетіне оқуға түсу үшін бір орынға он-он бес адамнан келетін. Институтты бітіріп, жолдамамен зауытқа бармақ болғанымда нағыз ғалым, кафедра меңгерушісі, профессор Равиль Вахидов ағайы­мыз ғылымға келуімді қала­ды. Әкеммен ақылдасып көріп едім, келісімін білдіріп, батасын берді. Содан кейін Мәскеуге аспирантураға түсіп, Менделеев атындағы Мәскеу химия-технология институтына барғанымда, органикалық электрохимия саласында дүниежүзіне әйгілі ғалым М.Фиошиннің зертханасына түстім. Ғалым болып қалыптасуыма осы екі адам­ның еңбегі ерекше екенін айта кеткім келеді. Одан кейін жаңа қызметтер ұсына бастады. Мәс­кеуге ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа шақырды. Ташкентке Одақ дең­гейіндегі академик А.Садықов жұмысқа шақырды. Ол кезде бүкіл Кеңес Одағы бойынша Орта Азиядан 3 қана академик бар еді. Абид Садықов – сол үшеудің бірі болды, қалған екеуі Қазақстаннан – Қ.Сәтбаев пен А.Қонаев. Бүгінде елімізде жаратылыстану саласында үздіксіз зерттеулер жүргізіліп келеді. Жер бетінде қоқыс ретінде сақталып келген миллиардтаған тонна титанның қалдықтарын ерітіп жіберетін мүмкіндіктерін қазақстандық ғалымдар ойлап тапты. Менің жетекшілігіммен «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» жобасы отандық ғалымдардың жетістігі. Титанды пост-электролиздік тәсілмен қышқыл суда ерітіп, одан әртүрлі құнды заттар алу технологиясы Қытайдың Боади титан зауыты басшыларының қызығушылығын туғызды. Бұл жұмысымызды дүние жүзі ғалымдары мойындап, бүгінге дейін адамзатқа белгісіз болып келген құбылыс ретінде «Ғылыми жаңалық» болып тіркелді және бізге арнайы дипломдар мен медальдар тапсырылды. Бүгінде елімізде химия өндірісі жақсы дамыған, зауыттар көп. Металлургия өндірісі химиямен тығыз байланысты. Руданы алған соң, оны тазартып, байыту химияға тәуелді. Республикада мұнай өңдейтін үш өндіріс және он шақты металлургия зауыты бар. Оған қоса химия саласындағы ғылыми-зерттеу институттарында және бірнеше университетте ғалымдар дайындалады. Сондықтан да химия ғылымының еліміздегі әлеуеті жоғары. Ал оны елдің игілігіне жарата білу – мемлекеттің міндеті.

– Бүгінде халықаралық ғылыми журналдардағы жария­ланымдарға қарап, қазақ ға­лым­дары әлеуетінің жоғары еке­нін көреміз. Бірақ зерттеулерін арнайы форумдарда қорғап әрі демеуші іздеп жүрген ғалымдардың да бар еке­ні рас. Осы мәселеге тиісті орындар қалай назар аударып отыр?

– Тәуелсіз Қазақстанда өндіріс тарапынан ғылымға Кеңес өкіметі кезіндегідей сұраныс жоқ екенін жоғарыда айтып өттім. Ірі өндіріс орындары шетелдік инвесторлар қолында. Ол компаниялардың өз елдерінде көптеген ғылыми-зерттеу институттары бар, ғылымға бөлінетін шығындары сонда кетеді. Ал одан төмендеу өндіріс орындарын иеленген монополистер қандай тауар шығарса да өтімді, арасында бәсекелестік жоқ. Ғылымсыз-ақ табысты күреп табады, қоршаған ортаны да аямай бүлдіріп жатыр. Екінші себебі – ғылыми лаборатория мен өндіріс цехтарының арасын жалғап тұратын көпірдің рөлін атқаратын ірі эксперименталдық қондырғылар мен цехтар жоқ. Жартылай өндірістік сынақсыз зауыттар ғалымдардың жасаған технологияларын қабылдай алмайды. Қазір осы мәселелерді шешу үшін тиісті заң жобалары дайындалып жатыр. Жаңадан өріс алып келе жатқан мемлекет-жекеменшік серіктестігін құру арқылы бұл мәселені толық шешуге болады. Ондай игі бастамалар да жоқ емес, кен өндірісі, металлургия, химия, одан кейін ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында. Ал іргелі ғылымда: физика, химия, биология, математика. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын көтеру де басты басымдықтардың бірі. Өйткені Қазақстан аграрлы ел әрі қазақтың қырық пайызы әлі ауылда тұрады. Дегенмен ел экономикасын көтеруде негізінен техникалық ғылымдардың қолға алынғаны абзал.

Сөз соңында айтарым, Қазақ­стан білімі мен ғылымы, мәдениеті, дәстүрі дамыған мемлекет. Оған қоса ұшан-теңіз жерас­ты бай­­лығымызды есепке алсақ, еліміз­дің жарқын болашағына, Қазақ­станның гүлдене беретініне се­німіміз арта түседі.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»