Білім • 07 Желтоқсан, 2021

«Болашақ» – қазақтың жұмсақ күші

127 рет көрсетілді

Тәуелсіздік алғалы бері, он бес мың қазақ баласы шетте білім алып қайтыпты. Бұл жастар сыртта жүріп академиялық білім­нен бөлек, мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп қайтты. Өзгеше өмір сүру қалпын көрді, өзгелердің білім жолындағы жанкеш­тілігін, өзгелердің бойындағы төзімділікті, көрегендікті көрді.

Тәуелсіздігінің отыз жылдық тарихы бар елдің ұландарының, үш жүз жылдық тарихы бар мемлекеттерден үйренері әрине көп. Бүгінде жастары интел­лектуалдық вакуумда тәрбие­ле­ніп жатқан мемлекеттер де бар. Ондай елдер болашақта да переферияда қала бермек.

Мен «Болашақ» бағдарлама­сы арқылы АҚШ-та білім алдым. Сон­дық­тан көзі қырағы жас­қа «мық­тылардың мықтысы мен­­мін» деп ұрандататын елдегі ин­теллектуалдық әрі сая­си эли­таның пиғылын түсіну қиынға соқ­пайды. Оның үстіне Ва­шинг­тонда коммуникациядан бөлек, АҚШ-тың сыртқы дипломатиясы жөнінде алған білімнен кейін, ондағы академиялық ортаның «жұмсақ күш» тақырыбына ерекше ден қоятынын баса айтқым келеді.

Қай елмен болса да комму­ни­­ка­цияны жұмсарту, өзгелер­ді тереңнен тани түсу, біле түсуге үздіксіз талпыныс АҚШ қар­жыландыратын білім бағдар­ламаларынан анық көрініп тұра­ды. Тек АҚШ қана емес, халық­ара­лық білім бағдарламалары­на талдау жасап көрсеңіз, Канада, Қытай және Еуропаның өзге де алыптары алдымен жастарын шетке оқуға жіберуге жіті мән бе­ретінін көресіз. Империялық пи­ғылы бар қай мемлекет те білім сала­сындағы халықаралық байланыстарды берік етуге күш салады. Оның астарында өз жастарының білім көкжиегін кеңейту идеясы ғана емес, жастары барған елдерді терең тани түсу ниеті де жатыр.

Меніңше, Елбасының еңбегі қазақ жастарының бір парасының кеңес­тік дәуірден қалған интел­лектуалдық вакуумды бұзып шы­ғып, кең перспективаны көруі­не, түйсінуіне мүмкіндік бер­ді. Отыз жылда бірде Батыс­тан, бір­де Шығыстан соққан эконо­ми­ка­лық дағдарыстар кезінде де, тоқ­саныншы жыл­дар­дағы тоқы­рау­лар тұсында да бағ­дарлама тоқ­тап қалмады. Қазақ жастары оқуы­н жалғастыра берді. Он бес мың жас өзге елдің білі­мін алды, мә­де­ниетін көрді, халық­ара­лық  комму­ни­кациялық көпір қалып­тасты. Сол көпір арқылы елге үздіксіз білім келіп жатыр және сол жастар ар­қылы білім жаңара бермек.

 

 Жайнагүл ТӨЛЕМІС,

Джордж Вашингтон университетінің түлегі,

Медиа және стратегиялық коммуникация магистрі

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы көтерілді

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар