Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2021

Жезқазғандықтар көгілдір отынға қол жеткізді

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел аймақтарын көгілдір отынға көшіру мемлекет үшін маңызды мәсе­ленің бірі. Газ арқылы келетін жылу мен жайлылық – қа­зақс­тандықтардың өмір сапасын жақсартып, экономиканың дамуы­на да өлшеусіз үлес қосып отыр. Осы іргелі істердің ба­сын­да тұрған «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы ел тәуел­сіз­ді­­гі­нің
30 жылдық мерекесі қарсаңында Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларының алғашқы тұрғындарына газ бере бас­тады.

Жезқазғандықтар көгілдір отынға қол жеткізді

Тұрғын үйлерді жаппай газға көші­ру – уақыт талабы. Бұл, ең алдымен, тұрғындар өмірінің жақсы арнаға бұ­рылуына септессе, екінші жағынан үлкен қалалардағы экологиялық проблемаларды еңсеруге серпін береді. Есте болса, Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қарағанды мен Теміртау қалаларының алғашқы тұтынушылары газға қосылған болатын. Енді жезқазғандықтар да осындай игілікке ие болмақ. Атап айтқанда, Талап ауылының Бектепбергенов және Молодежная көшелеріндегі үйлерде көгілдір отын лаулап, тұрғындар көңіліне қуаныш ұялады.

«Бүгінге дейін отбасымызбен пеш жағып, көмір сатып алып отырдық. Сатып алған көмірді тасу, күнделікті отпен әуре болу үлкен проблема еді. Отын түсіру, оны жару өз алдына бөлек әңгіме. Бір адам таңнан кешке дейін сонымен айналыспаса үй суып кететін. Үйіміз газға қосылып, отбасымызға береке кіргендей болды. Газдың келуі біз секілді тұрғындар үшін аса тиімді әрі үнемді. Ауылдастарымыз бұл жаңалыққа дән риза», дейді Талап ауылының тұрғыны Жанна Ахметова.

Жалғыз Жанна емес, Талап ауылының бірқатар тұрғыны бұл жаңалыққа айрық­ша қуанғандарын жеткізді. Себебі талап­тықтар үшін бұл көптен күткен қуа­ныш. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қара­ған­ды өндірістік филиалының директоры аталған жобаның өңірді дамытудағы ма­ңыз­дылығына тоқталып өтті.

 – Жезқазған – кең-байтақ Отанымыздың орталығы. Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратындықтан, Қазақстанның логистикалық орталығына айналуға мүмкіндігі зор. Ал көгілдір отын жаңа инфрақұрылымдық жобаларға серпін беріп қана қоймай, тұрғын үй құрылысына оң әсер етеді әрі экологияны жақсартады. Заман ағымына сай ел аймақтарын газдандыру өткір де өзекті мәселе. Бұл бағыттағы ілкімді істерді жүйелі атқаруға біздің компания барлық күш жігерін салып келеді, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев.

Жезқазғанды газдандыру 2027 жыл­ға дейін үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Биылғы жоспарға сай Талап және Пристанционный ауылдарына тарату желілері тұрғызылған. Құбырлардың ұзындығы 36,8 шақырымды құрап, 519 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік тудырып отыр. Компания өкілдерінің мәліметінше, 2027 жылға қарай 7 800 абонент көгілдір отынға қосыла алады. Көшеаралық газ тарату желілерін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар жүргізбек. Ал дайын желілер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалына Сенімгерлік басқару шартына (ТБК) сәйкес берілді.

Бүгінде облыс бойынша жоспарланған 1529,8 шақырым құбырдың 129 шақырымы пайдалануға беріліп үлгерген.

1

Ағымдағы жылдың соңына дейін облыс бойынша газ тұтыну 80 мың м3 деңгейінде жоспарлануда, оның ішінде Қарағанды қаласының үлес салмағы – 40 мың м3, Теміртау – 20 мың м3, Жезқазған 20 мың м3.

2019 жылдың қараша айында газды тарату жүйелері арқылы тасымалдау және аймақтағы түпкі тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиа­лы құрылды. Қазіргі уақытта Филиал тұтынушыларға газбен жабдықтау жүйе­сі­не қосылу үшін техникалық шарттарды берумен айналысып келеді.

Көліктер ағынының еселеп өсуі ел өңірлеріндегі экологиялық проблемаларды одан сайын ушықтырып отыр. Бұған мұржалардан будақтаған көмір түтінін және қосыңыз. Ауа қабатының зиянды заттарға толуы аллергиялық аурулардың қозуына әкелуі ықтимал. Экология жанашырлары қоршаған ортаны қорғаудың бірден-бір жолы тұрғын үйлер мен көліктерді көгілдір отынға көшіру екенін дамылсыз айтып келеді. «ҚазТрансГаз» Ұлттық компаниясы бұл бағыттағы жұмыстарды кешенді түрде реттеудің тиімді тәсілдерін қолға алған. Бүгінгі таңда ҚТГ 20 мың шақырымнан астам магистралдық газ құбырларын және 56 мың шақырымнан астам газ тарату желілерін басқарады. Компания жұмысының 21 жылында елде теңдессіз газдандыру жүргізілді. Ұлттық компания еліміздің 10 млн-нан астам тұрғынын қолжетімді, жайлы және экологиялық отынмен қамтамасыз етуде.

Тұрғындарға жайлы жағдай жасау әрі олардың сапалы өмірін қамтамасыз ету ұранын алға ұстаған алпауыт компания­ның аймақтағы өкілдіктері бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі атқарып көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.