Қоғам • 07 Желтоқсан, 2021

Тұрғындар белсенді емес

196 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтырдан бері елімізде мүлік иелерінің бірлестіктері институтын енгізу реформасы іске асырылуда. Ол «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидатына негізделген. Реформаның маңыздылығы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылды. Тиісінше, Қазақстандағы 54,5 мың көппәтерлі тұрғын үйдің 46,5 мыңы басқарудың жаңа нысанына көшуге тиіс.

Тұрғындар белсенді емес

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері коми­теті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақовтың айтуынша, шамамен 8 мың көппәтерлі тұрғын үй бұл реформадан тыс қалып отыр. Бұл әкімдіктердің ком­мунал­дық меншігіндегі, «Қазақстан темір­жолы», «ҚазТрансОйл», «Самұрық-Қа­зына», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» секілді ұлттық компаниялар мен өзге де құры­лым­дардың балансындағы үйлер. Әскери қала­шық­тар, апаттық жағдайдағы немесе бос тұрған үйлер де осы тізімде. Бұлар басқарудың жаңа нысанына көшпейді.

2021 жылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша 29 775 көппәтерлі тұрғын үй басқарудың жаңа нысанына ауысқан. Бұл реформалауға жататын үйлердің 64 пайызына тең. Дәлірек айтсақ, осы күнге дейін көппәтерлі тұрғын үйлердің 2 570-і мүлік иелері бірлестігіне,
27 205-і жай серіктестіктерге біріктірілген.

– Заңға сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін пәтер иелері кооперативтерінің басқару органы ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін өтпелі нормалар қолданылады. Осы күннен кейін пәтер иелері кооперативтері жою рәсімінен өтуі қажет. Бұл ретте ПИК мамандар мен қызметкерлердің қолда бар құрамының негізінде сервистік және басқарушы компаниялар құра алады. Сол үйлерге қызмет көрсетуге және оларды күтіп-ұстауға МИБ төрағаларымен немесе жай серіктестіктермен шарт жасасуға мүмкіндігі бар. Осылайша, ПИК-тің сервистік және басқарушы компаниялар форматына көшуі үйлерді пайдалану қызметтерінің сапасы мен кәсібилігіне оң әсер етеді, – дейді Б.Қашақов.

Министрлік басқарудың жаңа нысанына көшуді жүйелеу мақсатында әкімдіктермен бірлесіп жол картасын әзірлеп, бекіткені белгілі. Ақпараттық және әдіснамалық қолдау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде.

– Біріншіден, халықты тиімді ақпарат­тандыру және жиналыстарды ұйымдастыру мақ­сатында мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері реформа мәселелері бойынша оқытылды. Әкімдіктердің және «Азаматтарға арналған үкіметтің» 796 қызметкері оқып шықты. Екіншіден, болашақ басқарушылар мен МИБ төрағаларын даярлау аясында министрлік үш оқу орталығымен ынтымақтастық орнатты. Оқу орталықтарында 683 тыңдаушы оқып, көппәтерлі тұрғын үйлердің 291 бас­қарушысы біліктілігін растады. Үшіншіден, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы алаңында онлайн режімде ПИК-тен МИБ-ке көшу мәселелері бойынша рес­публикалық вебинар өткізіліп, оған 662 адам қатысты. Оның ішінде ПИК төрағалары, сала қауымдастықтарының, басқарушылар мен сервистік компаниялардың өкілдері, МИБ және қарапайым серіктестіктердің төрағалары бар. Министрлік осыған ұқсас вебинарларды өңірлік деңгейлерде де өткізіп тұрады, – деді ол.

МИБ-ке көшу жөніндегі реформаны іске асыруға бірнеше жағдай кедергі келтіріп отыр. Біріншіден, пәтер иелерінің қолтаңбаларын жинау ұзаққа созылуда. Екіншіден, коронавирус пандемиясына қатысты туындаған карантиндік шектеулер кері әсер еткен. Осыған байланысты, МИБ-ке көшу мәселесін жеделдету үшін E-Gov порталында МИБ-ті тіркей отырып, электронды дауыс беру сервисі әзірленді. Ол электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен жүргізіледі. Онда автоматты түрде тіркеуден өтуге, «меншік иесі» мәртебесін растауға және өз үйі бойынша дауыс беруге бастамашылық жасауға болады. Жиналыстың күн тәртібін жасағаннан кейін меншік иелері жиналысқа сілтеме бойынша кіріп, өз таңдауын жасап, ЭЦҚ-мен қол қоюы қажет.

– Реформаның іске асырылуын талдау негізінде біз тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң жобасына бірқатар түзе­ту әзірледік. Онда бірқатар мәселе қам­тылды. Біріншіден, дауыс беру рәсімін жеңілдету үшін өзгерістер енгізіледі. Бұлар – жазбаша сауалдаманы іске қосу мүмкіндігі, жиналысқа міндетті түрде қатысу форматынан алыстау. Бұрын жиналысқа екі аптаға дейін уақыт кететін. Ірі көппәтерлі тұрғын үй кешендерінен түскен өтініштер бойынша жазбаша сауалдама жүргізу мерзімі 1 айдан 2 айға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ электронды форматта хаттамаларға қол қоюдың техникалық тәсілдері кеңейтілуде. Бұрын бұл тек ЭЦҚ болса, енді меншік иесін міндетті түрде сәйкестендіре отырып, СМС, бейнеконференцбайланыс және өзге де тәсілдерді пайдалануға болады. Екіншіден, ұйымдастыру мәселелері бойынша түзетулер енгізіледі. МИБ төрағасын жиналыста тек меншік иелері арасынан таңдауға болады. Сонымен қатар егер тұрғындардың ешқайсысы төраға болғысы келмесе, онда тұрғылықты жері бойынша тіркелген және осы тұрғын үйде тұрақты тұратын пәтер иесінің отбасы мүшелерінің бірінің кандидатурасын ұсынуға болады. Бұлар – ерлі-зайыптылар, балалар, ерлі-зайыптылардың ата-аналары. Жоғарыда аталған түзетулер Парламентке жолданды, – деді Б.Қашақов.

Үшінші және маңызды түзетулердің бірі – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске құрылыс салушылар мен жаңадан құрылған МИБ-тің ескі басқару органдарынан қаржылық, техникалық және өзге де құжаттарды бермеу жағдайларының жиілеп кетуі бойынша толықтырулар енгізу. Бұрын МИБ-ке құжаттар берілмесе, сотқа жүгінуге мәжбүр болатын. Енді айыппұл түрінде әкім­шілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл тү­зетуді жұмыс тобы Әділет министрлігінде мақұл­дады және мемлекеттік органдармен келісуде.

Сондай-ақ министрлік өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеуде. Атап айтқанда, қарапайым серіктестіктер нысанын таңдау үшін көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлер санын шектеу мүмкіндігі, заңды тұлғаны тіркеместен жай серіктестік үшін Мемлекеттік кірістер органдарында бизнес сәйкестендіру нөмірін алу мүмкіндігі, жай серіктестік үшін салық жағдайларын жеңілдету қарастырылмақ.