Әкем Кенжеболат пен ағасы Асан 1942 жылғы 7 қаңтарда Бурабайдағы Ақшоқыдан әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған екен. Майданға барғанда 35 жаста болған Асан Әбдіхалықұлы бір шайқаста тұтқынға түседі. Ал әкем Кенжеболат 77-атқыштар полкының құрамында Сталинград қаласын қорғауға қатысады. Сол жылғы маусымда аяғынан жараланып, әскери госпитальда емделіп шыққаннан кейін, Ленинград майданына жіберіледі. 250-атқыштар бригадасының құрамында жүрген әкем 1943 жылғы 15 наурыздағы қатты ұрыста тағы ауыр жарақат алады. Қансырап, ессіз жатқан ол кісіні ұрыс даласынан өзіне де оқ тиген солдат арқалап алып шығыпты. Санитарлық бөлімге жеткізілген әкемді алғашқы көмек көрсеткеннен кейін госпитальға жібереді. Операциядан кейін есін жинаған оған дәрігерлер темекі қорапшасына жазылған қолхатты табыс етеді. Онда: “Сен өмір сүруге міндеттісің, украин азаматы Вася” деп жазылған екен. Өзінің тірі қалуына себепші болған сол жігітті артынан көп іздегенмен әкем оны таба алмады.
Әкей операциядан кейін жарақаты жазылмай, төсекте жатқанда әсем бір әуен естиді. Ол соғыстың барысы жайлы барлық ақпаратты радио арқылы хабарлайтын кез болатын. Алғы шепте жүріп шайқасқа кіргелі отырғанда талай естіп, дауысына тәнті болып жүрген сүйікті әншісі Роза Бағланованың әнін естіген әкем медбикеге радиоқабылдағыштың даусын көтерсеңіз деп өтінсе, ол концерт радиодан емес, далада жүріп жатыр депті. Әлгі медбикеге жалынып, сүрініп-қабынып әкем концерт алаңына жеткенде бірінің аяғы, бірінің басы, бірінің қолы байланған, дәкеден қан дағы көрінген жаралы солдаттар мен госпиталь қызметкерлерінен көз сүрінгендей екен. Алаңда құйқылжыта ән салып тұрған кіп-кішкентай, үріп ауызға салғандай сұлу, жанарынан жылылық ұшқындаған жап-жас нәзік қазақ қызы орысша-қазақша бұлбұлдай сайрап тұрыпты. Роза Тәжібайқызының сол күні салған “Степь да степь”, “Қараторғай”, “Айнамкөз”, “И кто его знает”, “На солнечной поляночке”, “Сырымбет” әндері жауынгерлер бойына күш-жігер беріп, көңілге жақсылықтың нұрын құйғандай әсер береді.
– Сол концертті шыбынның дыбысы естілетіндей тыныштықта тұрып тыңдадық. Бір жарым сағаттық мәдени демалыс кезінде туған елдің самал желін сезгендей, ыстық топырағынан жылу алғандай, ананың аялы құшағында болғандай әсер алдық, – дейтін әкем.
Операциядан кейін госпитальда жатқанда командирлер әкемнің кеудесіне “Ленинградты қорғағаны үшін” медалін тағады. “Батыр бір оқтық” болғанымен “қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі” демекші, ұзақ емделуден кейін сапқа қайта тұрған қатардағы жауынгер Әбдіхалықұлы Кенжеболат Жеңіс хабарын 191-гвардиялық атқыштар полкының құрамында Балтық майданында естиді. Сол кезде “Ерлігі үшін” және “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталады. Содан кейін, 1945 жылғы 20 қыркүйектегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес төрт және одан да көп жарақат алған жауынгерлер қатарында әкем сол жылғы 21 қазанда елге қайтарылады.
Күздің қара суығында Щучье стансасынан жаяулап 45 шақырымдай жол жүріп, түн ортасында үйіне келген әкем есік ашқан жеңгесіне: “Ағатайымнан хабар бар ма?”, – деген екен. Жалғыз інісімен соғысқа бір күні аттанған атам, мүлде хабарсыз кеткен. Жеңгесі соны айтады. Әкем таң атқанша демалып, ерте тұрып, ағасынан бір хабар білу үшін қайтадан 18 шақырым жол жүріп, военкоматқа барады. Көп ізденіс, сұраныстың арқасында ол кісінің тірі екенін біліп, көңілі тынышталған. Атам соғыстан 1947 жылы оралды.
Ұлы Отан соғысының отты жылдары туған жерінің азаттығы, жас ұрпақтың болашағы үшін күрескен ағайынды азаматтар Ұлы Жеңістің 65 жылдық тойына жете алмады. Көздері тірісінде еншілері бөлінбеген екі арыс Қазақстанның інжу-маржаны атанған Бурабай бөктеріндегі бейітте жатыр. Елінің еркіндігі мен азаттығы жолында айқасқан азаматтардың ерлігі ұрпақтарының есінен ешқашан шықпақ емес. Сол екі ағайынды азаматтар салған дәстүрді жалғастыру ниетімен әкесі Асан мен ағасы Кенжеболатты соғысқа шығарып салғанда анасы мен апасының жанында қара шаңыраққа ие болып қалған 7 жастағы, бүгінгі күні 75 жасқа толған ағамыз Естай Асанұлы ұлы Жеңістің 65 жылдығында ағайынды екі жауынгерден тараған 65 ұрпақты Ақшоқы етегіндегі бейітте жатқан аталарымызға құран оқытуға Щучье ауданының Мәдениет ауылына шақырып отыр. Бұл бүгінгі ұрпақтың отты соғыс жылдарында қасық қаны қалғанша елін қорғаған жауынгер аталарына деген құрметі.
Бақыт ӘБДІХАЛЫҚОВА, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.
АСТАНА.