Интернетпен бірге әр үйге қауіп-қатер де кіре алады
Осы мақаланы жазуға «Интернеттегі балалар» атты қысқа метражды көркем фильмнің тұсаукесері түрткі болған-ды. Аталмыш картина Майкрософт корпорациясының Windows жүйесіндегі «Ата-ана бақылауы» атты бағдарламасымен таныстыратын және Интернет ағынындағы түрлі қауіптердің алдын алуға көмектесетін қарапайым ережелер туралы екендігіне қарамастан, ғаламтормен келіп жатқан қауіп-қатерлерді ешкім енді жоққа шығара алмас. Шындығында, онлайн-озбырлықтың салдары сорақы. Бар болғаны 20 минутқа созылатын фильм ата-аналардың өз балаларының өмірінде Интернет қандай үлкен рөл атқаратынын толық түсінбейтіні жөнінде және олардың онлайн-қауіпсіздігі мен жеке ақпаратты қорғауға жеткілікті түрде көңіл бөлмейтіні туралы әңгімелейді. Виртуалды әлемнен келетін қауіпке жеңіл қарау айтарлықтай зардапқа әкелуі мүмкіндігі айтылады. Осы арада біздің мақаламызға орайлас оқиғаға да тоқтала кетуге тура келеді. Ақпан айында ғана Ресей Мемлекеттік Думасы «Балаларды олардың денсаулығы мен сана-сезіміне зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» федералдық заңның 16-бабына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарауды қолға алды. Мемлекеттік Думаның басқасын жиыстырып қойып, дәл осы мәселені талқылауды кідіртпей қолға алуында көп мән бар. Оның үстіне бұл мәселе бізді де айналып өтпейді. Себебі жалғыз – біздің отандастарымыздың басым бөлігі Рунетте отырғаны тағы өтірік емес. Және интернеттен келіп жатқан қауіп қазақ пен орысқа ғана емес, бүкіл ғаламға ортақ болып қалды. Ғаламтор өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған ғасырда Интернет оқыту мен ойын-сауықтың тамаша құралы ғана емес, қауіптің көзі болып тұр. Бұл мәселеге педагогтар да алаңдаушылық білдіріп, интернет ойындары оқушылардың психологиялық, эмоциялық және дене бітіміне кері ықпал ететіні жөнінде жиі сөз қозғауда. Қазіргі балалардың зейіні нашарлап барады дегенмен арнайы мамандар да келіседі. Бүкіләлемдік желіні қолданушылардың саны жыл сайын артып келеді және олардың басым бөлігін балалар мен жасөспірімдер құрайтындықтан, олар виртуалды кеңістікте күтіп тұрған жасырын қауіпті аңдай бермейді. Мәселен, арнайы зерттеулерге қарағанда, интернеттен келетін негізгі қауіптің тізімі төмендегідей. Кісіні қорлайтын, адамгершіліктен ада азғындаған контент. Мұнда тек порнография туралы ғана айтылып отырған жоқ, бұдан өзге пиротехника, суицид, қандай да бір есірткілердің әсерін талқылауға арналған сайттар бар. Осыдан есірткіге, ішімдік пен темекіге, басқа да қауіпті заттармен әуестену туындайды. Онлайн-озбырлық – зорлық-зомбылықты, бейәлеуметтік және өз өзіне қол жұмсау, жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеу мен кемсітуді насихаттау. Өзін құрдаспын деп таныстыратын, алайда шын мәнінде олай емес болып шығатын тұлғаларға сеніп, желіде олармен қарым-қатынас жасау арқылы жастарды әдепсіз әрекеттерді жасауға жетелеу. Бала мен оның отбасына қарсы қолданылуы мүмкін жеке ақпаратты жариялау және бопсалау. Енді қараңыз, ең болмағанда күндіз-түні компьютер құшақтап отырған балаңыздың атыс-шабыс ойындарын өзіңіз де бірнеше сағат уақытыңызды бөліп, ойнап көріңізші. Бұл «ойындар» қарсыласыңызды дәл қалай көздеуге болатындығын, барлық қарулардың түрлерімен жауды жер жастандырудың, анығырағы кісі өлтірудің барлық түріне үйрете алады. Жауыздық жайлап-жайлап жарнамалануда Сондықтан да көрші Ресей парламентшілері «Балалар үшін тыйым салынған мәліметтер базасы мен ЭВМ-ға арналған бағдарламаларды» ашық қолжетімділіктен алып тастауды ұсынуда. Қарап отырсақ, өмір мысалдарын алыстан іздеудің тіпті қажеті жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік әріптесіміз Андрей Малаховтың «Пусть говорят» телебағдарламасында компьютер ойындарына әбден тәуелді болған балаларды көрсеткен-ді. Тамақтан, сабақтан қалған бір баланы әке-шешесі компьютерден тұрғызбақ болғанда, ол кәдімгі аңдар сияқты тісін ақситып, ызаланып, ысылдап, ата-анасына қол жұмсамақшы болып айбат шеккенін көрген едік. Бәрін ұмытып, виртуалды «жауларын» қанша күннен бері компьютерде өлтіре алмай ызаланған, тіпті қаны қарайған бала ноутбугын алып қойған анасына ұмтылып, ноутбугын қайта жұлып алмақшы болып өршеленеді. Баланың психикасы бұзыла бастағаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Осындай зұлымдыққа да тәрбиелей алатын технологияны адал табысына сатып әперген ата-анаға енді ойлануға тура келеді. Адами құндылықтардың құнын көк тиын етіп жатқан компьютерлік ойындардан от шығып, онлайн-озбырлық жасөспірімдер санасын улап жатқанынан мысалдар іздейтін болсақ, шашыңыз жетпейді. Кәмелет жасына жетпей-ақ қатыгездікке шімірікпей бара алатын балалар пайда болды. Жоғары компьютерлік технологиялар заманында мұндай ойындар өте тартымды жасалынуда. Көздің жауын алған анимэ картиналарға қарап, балалар бұл ойындарға қалай кіріп кеткенін өздері де байқамай қалады. Жауыздық жайлап-жайлап жарнамалануда. Бастапқыда бұл ойындар оңай көрінеді, кез келген күрделі тапсырманы өзің шешіп, күшті, ақылды екеніңе көзің жете бастайды. Кімді мүсіркесең де, кімді өлтірсең де өзің білесің. Әрине, бұл кітап оқығаннан әлдеқайда қызық. Салдары сорақылыққа білдірмей жетелейтін бұл ойындар алғашқыда адамның тығылып жатқан агрессиясын сыртқа шығарып алудың ең қарапайым әдісі сияқты да көрінеді. Мысалы, ақпан айының басында Мәскеудегі №263 мектептің оқушысы оқтаулы винтовкамен сыныпқа кіріп келіп, география пәнінің мұғалімін атып өлтіріп, бүкіл сыныптастарын кепілдікке алды. Полиция қызметкерлері бұл сұмдықты тоқтатпақшы болып жатқанда, жасөспірім прапорщик Сергей Бушуевты атып өлтіріп, полиция қызметкері Владимир Прохинді ауыр жаралады. Осы уақытқа дейін компьютерден шықпай отырған көзілдірікті бала осының бәрін қайдан үйренген? Сол сияқты мәскеулік синагогаға келушілерді жаппай қырып салған Александр Копцевтің жайын алайықшы. 16 жылға сотталып тынған жасөспірім осындай жауыздыққа компьютер ойындарының салдарынан барғанын көптеген сараптамалық тергеу амалдары дәлелдеп шықты. Мәселен, Мәскеудегі «Ригла» дейтін дәріханалар желісінде осы кеңсенің қызметкері болып табылатын Дмитрий Виноградов та жұртты жаппай қырып тастағанға дейін компьютер құшақтап отырған, моп-момақан жігіт еді ғой. Айсбергтің көрінбейтін жағы Онлайн-озбырлық деген осы. Өз ішімізде жуырда болған мына бір оқиға да жаға ұстатуы тиіс. Өткен жылдың 10 қазаны күні Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің ауласынан 14 жастағы Г. есімді жасөспірім қыздың аладорбаға салынған денесі табылды. Жалаңаш дене ақ қапшыққа оралып, басына полиэтиленді пакет кигізілген. Осы қылмысқа қатысты күдіктілер екі күннен кейін қолға түседі. Олар 20 жастағы Виктория мен 21 жастағы Сергей болып шықты. Ұсталған Викторияның айтуынша, жігіті Сергей туған күніне пәктігінен айырылмаған қыз сыйлауын сұрайды. Олар өздерінің құрбандығын түк те қиналмай тапқан. Жасы кәмелетке толмаған Г. атты қызды оңаша пәтерге қонаққа келтіруге олар көп күш жұмсамаған. Ажал айдаған 14 жастағы қыз жауыздардың үйіне өз аяғымен келген. Викторияның айтуынша, алдымен «етегін жел тұрмеген қонаққа» порнографиялық фильмдер көрсетілген. Осыдан кейін Сергей қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрлей бастайды. Жасөспірімге дәрі немесе ішімдік берілген болуы мүмкін деген болжамдар бар. Оны медициналық сот-сараптамасы анықтаған да болар. Олар таң алдында қорланған, зорланған қызды тұншықтырып өлтіреді. Виктория бастақыда «қызғанып кеттім» десе, артынша мәлімдемесін өзгертіп, қыз таңға қарай жылап, болған оқиғаны бәріне айтам деп қорқытты дейді. «Шығасыға иесі – басшы», деген осы шығар. Осы оқиғаға орай оқырмандардың баршасының басындағы басты сұрақ, 9 сыныптың оқушысы бейтаныс адамдардың үйіне қонуға қалай келісім берген болса керек. Сөйтсе, сол күні Г. ата-анасы қыдырып кеткен бір құрбысының үйіне қонуға сұранады. Досы пәтерде жалғыз қонуға қорқып отырғанын айтып, оның үй телефоны мен ұялы телефонының нөмірін беріп, ақыры әке-шешесін айтқанына көндіріп үйінен шығып кетеді. Кешке қыз үйіне өзі хабарласып, бәрі дұрыс екендігін айтады. Осыдан кейін ата-анасының көңілі жайланып, алаңсыз отыра береді. Тоғызыншы сынып оқушысын туған-туысқандары келесі күні сабақтан келмегеннен кейін, түстен кейін ғана іздей бастайды. Г. осы мектепте оқитын туысқандарының баласына бүгін сабаққа келе алмайтындығы жайлы SMS хат жазған. Ал әке-шешесі мұндай хатты қыздары жазғанына күмәнді еді. Ересектер осыдан кейін жоғалып кеткен қыздарының интернет-жазбаларын тексере бастайды. Г. қайғылы оқиға орын алатын күні біреумен хат жазысып, кешке қарай көңіл көтеруге келісім берген екен. Алайда, «құрбысы» сол күні өзінің интернет-парақшасын жойып жіберген. Осылайша, азғындағандар өз құрбандығын интернет арқылы табады... Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Бұл аз десеңіз, Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы растаған ақпарат мынадай. Тағы да осы ақпан айында Оралда мектеп жасындағы кішкентай қыздарды азғындыққа итермелеген Ұлыбритания азаматы ұсталды. 37 жастағы Питер Борухтың жергілікті «Жайықмұнай» мұнай өндіруші компаниясында жұмыс жасайтыны анықталған. Осы жылдың 14 қаңтары күні түнде Орал қаласының Батыс Қазақстан облысы ІІД Абай бөлімшесінің кезекші бөліміне В.Брызгина деген азаматша хабарласып, өзінің 2001 жылы туылған 6 сыныпта оқитын қызының телефон арқылы белгісіз біреумен жазысқан хабарламаларынан күдіктенетінін айтқан. Артынша «Шағала» қонақүйінде тұратын бейтаныс ер адамның 12 жасар қызды шешіндіріп, жалаңаш фотоға, бейнетаспаға түсіргені анықталады. Хабарламаны тексеріп, оқиға орнына жеткен жедел тергеуші топ пен полиция өкілдерін өз нөмірінің терезесінен көрген 1976 жылы туылған ағылшын азаматы ноутбук, қатты диск, видеокамера мен флеш-карталарға су құйып, қысқатолқынды пешке салып өртеп, көзін жоймаққа әрекет жасаған. «Жарым-жартылай қайтадан қалпына келтірілген электронды ақпарат тасымалдаушы құралдарында жас қыздардың қатысуымен түсірілген порнографиялық мазмұндағы фототүсірілімдер табылады. Олардың қатарында Орал, Атырау қалаларындағы жалпы білім беретін мектептердің кәмелеттік жасқа толмаған оқушы қыздары да бар. Барлық түсірілімдерді шетелдік азамат өзі тоқтаған қонақүйлердің нөмірлерінде жасаған», деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметінің маманы Оксана Каткова. Жуырда Оралда құрықталған британдық бостандыққа сұраныпты. Питер Борухтың ісін апелляциялық алқа қарап, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған. Біз арзан сенсация іздеп отырған жоқпыз. Бұл мысалдарды саналы түрде алға тартып отырмыз. Егер жәбірленуші қыздың шешесі қызының интернетте кімдермен дос болып жүргенін дер кезінде анықтамаса соңы тағы не болар еді? Абай болу керек, өйткені, көптеген ата-ана баласының көше қаңғып кетпей үйде компьютерге алданғанына мәз болып, интернетте кімдермен байланысып отырғанына мән бере бермейді. Қазір ғаламторда аса келеңсіз жағдай қалыптасып отырғанын жоққа шығармау қажет. Жауыздықты немесе кісіні қорлауды ұялы телефонға түсіріп, ақпараттық-технологиялардың көмегімен тарату көбейіп барады. Мұндай бейресми тіркелген қылмыстардың саны артуда. Ең сорақысы осындай ауыр қылмысқа барып отырғандарды онлайн жүйеде анықтау оңай емес. Одан да қорқыныштысы, бұл – балалар порнографиясы – жасы кәмелетке толмағандарды зорлық пен қорлыққа тарту арқылы табыс табатын индустрияның бар екендігін айғақтайды. Және біздің білетініміз – оның айсберг сияқты көзге көрініп тұрған бөлігі ғана. Адамзат өмірінде Интернет пайда болғалы қылмыстың бұл түрі бірден қарқындап, жаһандық сипатқа ие болып шыға келді. Осыған қарамастан, алаңсыз отырысымыздан еш ажырамақ емеспіз. Біреулер үшін балалардың қатысуымен жасалған эротикалық суреттер – бар болғаны шешініп түскен жасөспірімдердің тентектігі ғана. Бұл жерде зәбір көріп жатқан ешкім де жоқ сияқты. Виртуалды әлемдегі азғындар Мысал үшін 13 жастағы Лена есімді қыздың оқиғасын алып қарайықшы. Қазір Астраханьға көшіп кеткен жасөспірім барлық балалар сияқты «В контакте» әлеуметтік желісінде өз парақшасын ашады. Өмірде неше түрлі қиянаттың бар екендігінен хабарсыз ол анкетасын толтырғанда туылған жылы, айы-күнін ғана емес, оқитын мектебі мен ұялы телефон нөмірін де қоса көрсетеді. Және әдемі суреттерін іліп қояды. Көп ұзамай әлеуметтік желіде «Алина Запорожцева» атты жаңа досы пайда болады. Бастапқыда бәрі әдеттегідей «қал қалай?», «не жаңалықпен?» басталған. Көп ұзамай Лена бәрін де түсінетін виртуалды досына ата-анасымен ұрсып қалатындығын, достарының еш түсінбейтінін, шаршағанын, алда ҰБТ келе жатқандықтан бөлмесінен шықпай дайындалатынын, қысқасы, басынан өткеннің бәрін баяндайтын болған. Тіпті торығып кеткен кездерінде өмірден түңіле жаздайтындығын да жазады. Хат жазысулар осы жерге жеткен кезде «Алина» мұның бәрі түкке тұрғысыз екендігін айтып, бәріне түкіріп, ересектерше өмір сүруді ұсынады. Көңіліңді аулап, өзің сияқты замандастарың кәдімгі үлкендермен не істеп жатқанын көр деп «қызықты суреттерді» лақтырады. Бастапқыда мұндай «ұятсыз фотолар» келгенде Лена әке-шешесі қазір бөлмесіне кіріп келердей, қысыла тамашалайтын. Уақыт өте келе «Алина» мұның бәрі әншейін екенін айтып, нағыз өмірде кездесуді ұсынады. Тар бөлмеде тығылып отыра бергенше дәмханаға барып, суретке түсіп, жақын танысуға үгіттейді. Дәмханада еш сыр жасырмаған «байырғы досы» оған осындай қызықты суреттерге түссе олардың «ересек досы» ақша төлеп, табыс табуға болатындығын да құлағына құйып қояды. Міне-міне, «даярға тапсың, қолыңнан түк келмейді» деп қақсай беретін ата-анаға өз тәуелсіздігін көрсетудің сәті түсіп тұрған жоқ па? Біздің кейіпкеріміздің бағына орай, бұл кезде оның шешесі қызының компьютерінде кіммен ұдайы сырласатынын оқып отырған еді. Бұл адам Ленаның құрдасы емес, әлдеқайда ересек және ер адам екенін аңғарады. Осы сәтте виртуалды досқа шешесі қызының атынан кіммен достасып жүргенін ата-анасы біліп жүргенін жазған кезде, жиырма минуттың аясында әлеуметтік желідегі «Алина Запорожцеваның» парақшасы жойылып кеткен. Әрине, бұл бақытты аяқталған оқиға. Алайда, қылмыскерлер құрған «сценарий» бойынша Лена бастапқы кезеңнен-ақ құрыққа іліккен жоқ па?! Олар жасөспірім қыздың сеніміне кірді. Оны әке-шешесі мен достарынан оқшаулауға қол жеткізді. Мамандардың айтуынша, егер бұл қыздың өміріне шешесі дер кезінде араласпағанда оқиға былай жалғасқан болар еді. Екінші кезеңде қызды жыныстық «тәрбиелеу» басталады. Ұл балаға немесе қызға үлкендермен бірге түскен өздеріндей замандастарының күліп, құшақтасып түскен неше түрлі фотоларын көрсетіп, оның бойын үйрете бастайды. Жасөспірімнің жаңа өмірге, ашып айтқанда –жыныстық қатынасқа қорқынышын сейілтіп болған соң, осындай суреттерге түсіп, оп-оңай ақша табуға үгіттейді. Үшінші кезеңде мұндай суретке қолы жеткен қылмыскер баланы да уысына түсірді деген сөз. Енді одан әрі қарайғы әрекетке көнбесе мұндай «ұятсыз фотоларды» ата-анасына көрсетіп немесе интернетке салып, жария етеміз деп арандатуға әбден болады. Ал нағыз ересектерше өмір сүріп жатырмыз деп есептеуге көшкендерін араласпай қоямыз деп тағы қорқытады. Осының бәрі болған төртінші кезеңде мұндай «достар» енді оңашада кездесуге көндіреді. Қысқасы, виртуалды қылмыскерлермен өмірде кездескен балалардың 90 пайызы зорлыққа ұшырайды және бұл сорақылық бейнекамераларға түсіріледі. Компромат қолда. Мұндай қасіретке ұшыраған балаға енді басқа жол жоқ. Өз басынан өткен масқарашылық жария болмау үшін олар жаңа құрбандарды жетелеп келуі керек. Алтыншы кезеңде адамдықтан кеткен азғындар әбден шырмалған, айдағанына көніп, айтқанымен жүретін құрбанын өзі сияқтыларға сатып жібереді. Және қылмыскер өз «қызметінен» ләззат алып ғана қоймай, қаржы табуды да көздейді. Авторлық жұмысын ол өзі сияқтылардың контентіне сатады. Осы жолдарды жазу біз үшін аса жиіркенішті болса-дағы, қамсыз жандардың қаперіне осындай да бар екенін салып отыруға тура келеді. Ал әлеуметтік желілердегі азғындар тек қыз балаларды аңдиды деген түсінік қате. Мәселен, «Дружественный Рунет» деп аталатын ресейлік қордың мәліметтеріне қарасақ, порнографиялық материалдарды зерттегенде олардың 53 пайызында ер балалардың бопсаланғаны анықталған. Әсіресе, педофилдердің қолына көбінесе 13 жасқа дейінгі балалар түседі. Қорқыныштысы, бұл қылмысқа итермеленген жеткіншектердің 25 пайызы 6 жасқа дейінгі сәбилер. Сақтықта қорлық жоқ Қалай болғанда да, ендігі жерде интернетпен бірге әр үйге қауіп-қатер де кіре алады деген сөз. Әрине, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алатын үлкендердің өзі де ғаламтордан келген келеңсіздіктерге ұрынып жатады. Жалған жарнамаларға алданады. Мұндай жағдайда өсіп келе жатқан ұрпақ – оң мен солын әлі танымаған балалар жайлы не айтуға болады? Басқасын айтпағанда, жағымсыз ақпараттардың өзін кез келген адам әлеуметтік желі, ұялы телефон көмегімен-ақ оңай жайып жібере алатынына күнде куәміз. Ал кибералаяқтар туралы әңгіме тіпті басқа. Күдікті сайттарға кіру компьютерлердегі өмірлік маңызы бар ақпараттарды ұрлап немесе жойып жібере алатынымен қызметі компьютерге тікелей қатыстылардың барлығы біледі. Сондықтан да қазірге балаларды кибераулауды, яки балалары арқылы әке-шешелерін кибераңдуды тиюдың тетіктері табылған жоқ. Сонда ғаламдық желілердегі жасырын қауіптерден қорғанудың жолдары қандай? Әрине, шетсіз де шексіз интернет-кеңістікте бәрі де бар. Бар жақсылықты – танымдық, қызықтыны, пайдалыны табуға болады. Бірақ, интернеттің игілігінен де бөлек, ішіне бүккен әлеуетті қаупі бар екенінен балаңызды үнемі құлағдар етіп отыруға тура келеді. Ауылда өскен, өзгенің бақшасына түскен адам біледі. Бала күнімізде көршінің бақшасындағы алма да қауын да тәтті көрінетіні бар еді ғой. Интернеттегі «келе ғой, кіре ғой» деп жыпылықтаған, қызыл-жасылды бояулармен жарқыраған сайттар да сол сияқты. Оның үстіне бала мен ит қорыған жерге өш келеді, тыйым салғанды татып көргісі келіп тұрады. Сонда қайтпекпіз? Мүмкіндік те көп, қауіп те көп Осыдан төрт жыл бұрын бүкіл Еуропада «EU Kids Online» деп аталатын ауқымды зерттеулер жүргізілген. Нәтижесінде, апта бойы интернетті 9-16 жас аралығындағы балалардың 93 пайызы пайдаланатыны анықталған. Оның 60 пайызы күн сайын интернеттен шықпайтын болған. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Еуропа бойынша жасөспірімдердің 87 пайызы компьютерді үйде қолданса, 63 пайызы мектепте пайдаланады. 2010 жылдан бері де тағы уақыт өтті. Статистика ұлғайып келеді. Оның үстіне планшеттер мен смартфондар пайда болғалы бері интернетке кез келген жерден қосылуға болады. Бұл жерде айтқымыз келіп отырғаны, мүмкіндік көбейген сайын қауіп те ұлғаюда. Мұндай жағдайда балаға интернетте қара ниетті контенттің де бар екендігін айтып, компьютерді вирустардан ғана емес, күдікті сайттардан қорғайтын, яғни сүзгісі бар бағдарламамен қамтамасыз етуге тура келеді. Алайда, баланың аты – бала. «Кірме» деген сайттарға бір рет кіріп көрсе не болады екен. Озбырлықты насихаттайтын сайттарды былай қойғанда, жасырын вирусы бар пираттық ойындардың өзі де біраз әлекке салады. Сондықтан баршамыз үшін мына бір жеті кеңестің артықтығы жоқ деп ойлаймыз: Біріншіден, балаларды интернеттен келетін қауіптен сақ болудың жауапкершілігін тікелей өз мойныңызға алыңыз. Интернетке кіргенде нені пайдаланып, нені пайдалануға болмайтындығын талқылап алыңыз. Екіншіден, заманыңызға бейімделуге тура келеді. Білмеген нәрсе туралы ақыл айта алмайтындықтан өзіңіз де интернетті пайдалануды меңгеріп алыңыз. Сонда ғана балаңыздың қандай сайттарда «сайрандайтынын» біле аласыз. Және сабақ оқығанда қандай сайттардан керекті ақпараттарды табуға болатынын алдымен өзіңіз біліп алыңыз. Үшіншіден, баламен әңгімелесіп, интернеттен келетін қауіптердің бар екенін ашық айтыңыз. Оны қызықтыратын сайттарға бірге кіріп көріңіз. Және балаға әлеуметтік желілерде әдепсіз болмауды үйрету керек. Төртіншіден, компьютерді бәрінің көз алдындағы қонақбөлме сияқты жерге орналастырыңыз. Өзіңіз немесе үйдегі бауырлары баланың компьютерде қанша уақыт және не істеп отырғанын бақылап отырады. Бесіншіден, баланың компьютерде отыруына қатысты үйде екеуара ереже орнатып, оны өзіңіз де сақтаңыз. Алтыншыдан, бала интернетте бірдеңені түсінбей жатса немесе бүлдіріп қойса, барлық кезде қорықпай сұрауға үйретіңіз. Жетіншіден және ең бастысы – компьютер ешқашан әке-шешені алмастыра алмайтындығын ұмытпаңыз. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше