Үкімет • 07 Желтоқсан, 2021

Сенаторлар сот жүйесі туралы заң жобаларын талқылады

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Владимир Волковтың төрағалық етуімен Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болды, деп жазады Egemen.kz.

Сенаторлар сот жүйесі туралы заң жобаларын талқылады

Онда сенаторлар Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген сот жүйесін одан әрі реформалау туралы заң жобаларын қарады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасында судьялар корпусының кәсіби біліктілігін көтеру, тар аядағы құқық салалары бойынша маманданған сарапшыларды сот жүйесіне тарту және судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруды көздейтін бірқатар түзетулер бар.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы арқылы қолданыстағы заңнаманы Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес келтіру көзделіп отыр. Құжатта сонымен қатар Жоғары Сот Кеңесінің судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды тағайындау мәселелерін қарау, соттарды қаржыландырудың жаңа үлгісін белгілеу және сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін судьялар қоғамдастығы органдарының қаржы бөлу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту туралы толықтырулар қамтылған.

Қаралған заң жобаларының үшіншісі дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамытуға, сондай-ақ азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Ол жаңалықтар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған.

Отырыс қорытындысы бойынша заң жобаларын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.