Мойынқұмдағы қар мен аяз сексеуілдерге де сор болды. «Сексеуіл-2014» жедел алдын алу іс-шаралары барысында Құшаман ауылының тұрғыны Ернар Бұзаубаев ұсталды. Ол жас сексеуілдерді ешқандай рұқсат құжатсыз ат-шанаға тиеп алып келе жатыр екен.
Мемлекеттік нөмірі жоқ «ГАЗ-53» маркалы автокөлігінің қорабына 3 текше метр сексеуіл артқан жүргізушісі Ерлан Бекбосынов та өз әрекетін «ұрлық емес» деп айта алмады.
Мемлекеттік нөмірі Н 064 ЕDМ «ЗИЛ-131» маркалы автокөлігіне 4 текше метр сексеуіл өскіндерін тиеп алған Владимир Коноваловтың «кәсібі» де заңсыз болып шықты. Сондай-ақ, мемлекеттік нөмірі Н 532 NКМ «ГАЗ-53» маркалы автокөлігіндегі 3 текше метр балауса сексеуілдердің жастай солған «тағдыры» да осыған ұқсас. Бұл автокөліктің жүргізушісі Елжан Аханов та құқық қорғаушылар алдында адал еңбек етіп жүргенін айтып, ақтала алмады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауылы.