Биылғы жылдың жұмыс қорытындысы бойынша қуғын-сүргін құрбандары көмілген орындар картасы жобасы жасалып, «Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы» деп аталатын көптомдықтың бірінші томы жарыққа шықты.
Жаз кезінде комиссия мүшелері 1928-1938 жылдар аралығындағы қылмыстық істер бойынша облыстық мұрағат пен облыстық полиция департаментіндегі «аса құпиялы» белгісі бар құжаттар бойынша Ырғыз, Байғанин, Темір, Ойыл аудандарында қақтығыс ошақтары болған орындарды аралап, ел ішінен құнды деректер жинады.
Ақтөбе облыстық ІІД архивіндегі осы кезге дейін ашылмаған «аса құпиялы» белгісімен сақталған құжаттарда аса ауыр қылмыстық жазаға тартылған жандар көбінесе Кеңес өкіметінің саясатына қарсы болғандықтары үшін РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58, 59, 73, 79,109-баптарымен айыпталған екен. 1928 жылдан бастап «саяси сенімсіздіктері» үшін Ақтөбе округінен бақылауға алынған 1 051 адамның 216-сы контрреволюциялық топ құрды деген айыппен (58-бап) қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бесеуі ату жазасына кесілген. Олар Кеңес өкіметінің күштеп тартып алу саясатына, дәлірек айтқанда астық, ет тапсыруға, ұжымдастыруға, колхоз құрылысына қарсы шыққандар. Сол жылдары Ақтөбе округінен мемлекеттік тәртіпке қарсы тұрды деген айыппен (59-бап) сотқа тартылған 23 адамның біреуі атылған. Мемлекеттік уәкілдерге қарсылық көрсеткен 10 адам 73-баппен айыпталып, бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандықтарынан айрылған. Мемлекеттік мүлікке зиян келтіргені үшін (79-бап) 8 адам, тауар бағасын көтергені және жасырғаны үшін 67 адам айыпталған. Мемлекеттік қызметте қылмыс жасағаны үшін 109-баппен 43 адам ұзақ мерзімге сотталған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы Дәулет Әбенов қиын-қыстау жылдары түрмеге айдалып, жер аударылып кеткен адамдардың әрі қарайғы деректерін көршілес облыстардан іздестіру керек дейді. Өйткені мұрағатта айыпталған адамға қатысты дерек түгел емес. Мәселен, қылмыстық іс бойынша қозғалған әрбір істе соттың бір немесе бірнеше адамға тағайындаған жазасы жазылады да, осы кісілердің қай жаққа жер аударылуға не түрмеге жіберілгені туралы дерегі жазылмайды. Осылайша, адамның әрі қарайғы тағдыры белгісіз күйінде қалады. Ол кісі жазасын өтегеннен кейін ауылына қайтып оралды ма немесе жер аударылған жағында тұрақтап қалды ма, әлде түрмеде қайтыс болды ма? Бұл жағынан мұрағатта дерек жоқ деп айтуға болады.
Сол жылдары Ақтөбе округінің әкімшілік аумағы бірнеше рет өзгерді. Қостанай, Қызылорда облыстарының бірнеше ауданы кіріп, бірер жылдан соң осы аудандар қайта бөлініп шықты. Ақтөбе облысының Ақбұлақ ауданы 1939 жылы Орынбор облысына қаратылды. Жазықсыз қудаланған азаматтардың дерегін республикалық комиссияға ұсынғанда, осы жағдайлар ескеріліп, сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу арқылы ортақ деректер базасы түзілмекші. Сондай-ақ аштық жылдары босып кеткен адамдардың өлген жерлерін, олардың көмілген жерлерін анықтау да өте маңызды болып тұр. Комиссия мүшесі, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайұлы 1921, 1932-1933 жылдары аштан өлген адамдар көмілген жерлерді ауылдардағы ескі мешіт орындары жанынан және бұрынғы жетімдер үйінің қасынан іздеу керек деген ұсыныс айтты. Өйткені 1921, 1932-33-тің аштығында босқан ел көбінесе темір жол бекеттері мен мешіттердің маңайына жиналған.
Облыс әкімі комиссия мүшелерінің биыл атқарған жұмыстарына алғысын білдіріп, алдағы жылы зерттеу ауқымын кеңейтуге тапсырма берді. Ресей Федерациясы Астрахань, Орынбор облыстық мұрағаттарындағы 1928-1934 жылдар аралығындағы жазба деректерді зерттеуге, алыс шетелдердегі мұрағаттармен жұмыс істеуге шақырды. Бүгінде ғалымдардың сапарын қаржыландыру, шетел мұрағаттарынан мәліметтер жинау қыруар қаржыға келіп тіреледі. Қазіргі кезде шетел мұрағаттарындағы құжаттардың көшірмесін жасау да қымбаттап кетті. Көп жағдайда осы мемлекеттік ауқымды шараға дипломаттардың да араласқаны жөн сияқты. Өңір басшысы жиын қорытындысында осы ұсыныстар бойынша кешенді жұмыс жоспарын әзірлеуге тапсырма берді.
Ақтөбе облысы