Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2021

Тоқсанның төрінде

488 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазыналы Қарағанды өңірінің шежіресін тоқсан жылдан бері түзіп келе жатқан қос басылым – «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Тоқсанның төрінде

Іс-шара өткен Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ театрының фойесінде бүгінде «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің қарамағына көшкен қос басылымның тарихынан сыр шерткен көрме тойға келген қонақтардың көзайымына айналды.

Салтанатқа арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сахна төрінен құттықтау сөзін айтып, ізгі тілегін жолдады.

– Тоқсан жылдан бері жарық кө­ріп келе жатқан «Ortalyq Qazaqstan» мен «Индустриальная Караганда» газе­ттерінің мерейтойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Қос басылымның ел мүд­десі жолындағы еңбегі зор. Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген сөзі бар. Отандық массмедианың беделі ел дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан да ақпарат құралдарына жан-жақты қолдау көрсету – уақыт талабы. Облысымызда бұл бағытта атқарылып жатқан бірқатар іс бар. Жыл сайын сала үздіктеріне облыс әкімінің арнайы сыйлығы беріліп келеді. Алдағы уақытта ашылатын «Қасым үйі» де руханияттың орталығына айналып, ол жерден Жур­налистер одағының филиалы да ойып орын алады. Қалың оқырманы қалыптасқан екі газет бүгінде «Saryarqa аqparat» медиахолдингі құрамында жемісті қызмет етуде. Биыл қос газеттің «Алтын сұңқар» сыйлығын иеленуі – осынау еңбекке берілген шынайы баға, – деді өңір басшысы.

Салтанатты кешке облыс әкімі құр қол келмеген екен. Өзінің құттықтау сөзінде ол қарағандылық журналистерге баспана алуға арнайы квота бөлінетінін мәлім етіп, қалам ұстаған қауымға қуанышты хабарды жеткізді.

Сонымен бірге бұл кеште қос га­зеттің ұжымына Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығма­тулиннің, Пре­зидент Әкімшілігінің басшысы Ер­лан Қошановтың, Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Аида Балаеваның арнайы жолдаған құттықтау хаттары оқылды.

Қос басылым­ның мерейтойына арнайы келген «Egemen Qazaqstan» РГ» АҚ басқарма төр­ағасының орынбасары Айбын Шаға­лақ, төраға Дархан Қыдырәлінің құттық­тауын жеткізді.

Кештің құрметті қонағы Қазақстан Жур­налистер одағының бас­қарма төр­ағасы Сейітқазы Матаев Қара­ғандыда ең­­бек еткен жылдарын еске алып, қа­ла­ның өзі үшін қашанда ыстық екенін айтты.

Бұдан кейін аймақ журналис­тика­сының дамуына сүбелі үлес қосып, сан­даған шәкірт тәрбиелеген қарт қа­лам­гер Аман Жанғожин, «Ortalyq Qa­­zaq­stan» газетінің тілшісі Әлібек Әбді­раш, «Индустриальная Караганда» газе­тінің ардагері Андрей Пухальский «Қазақ­станның Құрметті журналисі» атағымен марапатталды.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек пен белгілі фототілші Валерий Петуховқа Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалі табыс етілді.

Сондай-ақ салтанатты кеште Пре­зидент Әкімшілігі басшысының Ал­ғыс хатына «Ortalyq Qazaqstan» газе­тінің бөлім меңгерушісі Жансая Омар­бек, «Ин­дустриальная Караганда» басы­лы­мының тілшісі Светлана Свич ие болды. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагері Сүйіндік Жанысбай, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких пен «Or­talyq Qazaq­stan» газеті бас редакторының орынбаса­ры Ілияс Мұқай Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің «Ақпарат сала­сы­ның үздігі» төсбелгісімен марапат­талды.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­трінің Алғыс хатын «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бет қаттаушысы Шынар Адам­бекова және «Индустриальная Ка­ра­ган­да» басылымының тілшісі Самал Шиль иеленді.

Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, аға дизайнер-бет қаттаушы Марал Әйнековаға, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі Аман Жанғожинге, «Индустриальная Караганда» басылымының аға дизай­нер-бет қаттаушысы Юрий Билушен­коға, «Индустриальная Караганда» басылы­мының тілшісі Әсел Жетпісбаеваға және корректоры Бағдат Нұрмағамбетоваға табыс етілді.

Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен «Ortalyq Qazaq­stan» газетінің бөлім меңгерушілері Жә­лел Шалқар, Аяулым Совет және газет тіл­шісі Нұрдос Кәрім, «Индустриальная Ка­раганда» басылымының дизайнер-бет қат­таушысы Дмитрий Мехаев мара­пат­талды.

Одан кейін Мағауия Сембай атын­­­дағы облыстық байқаудың жеңім­паз­дары ретінде белгілі қаламгер Төлеу­бай Ермекбаев пен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Қызғалдақ Айтжанова арнайы жүлдеге ие болды.

Салтанатты жиынды түйіндеген «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов қос газеттің уақыт талабына сай қызмет етіп келе жатқанын айтты.

 

ҚАРАҒАНДЫ