Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2021

Мың үш жүзден астам халықты ауызсумен қамтамасыз ететін нысан құрылысы аяқталды

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Шеңбертал мен Жаныс би ауылдарындағы топтық су құбыры жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мың үш жүзден астам халықты ауызсумен қамтамасыз ететін нысан құрылысы аяқталды

Қазір мамандар  нысанды сынақтан өткізіп жатыр. Бұл туралы «Қазсушар» РМК өкілдері аталған өңірге іссапарға барғанда белгілі болды.  

Шеңбертал мен Жаныс би ауылы қаладан 360 шақырым жерде орналасқан. Шалғайдағы ауылда ауызсу мәселесі бұрын өзекті болса, қазір түбегейлі шешілді. Өйткені экология министрлігінің Су ресурстар комитеті әлеуметтік маңызы бар тың  жобаны жүзеге асырды. «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы директоры орынбасарының сөзінше қазір нысанды коммуналдық меншікке өткізу үшін құжаттар рәсімделіп жатыр.

«Қазіргі таңда осы жоба бойынша құрылыс  жұмыстары бітті. Бүгін аяқталған нысанды тәжірибе жүзінде іске қостық. Келесі жылдың мемлекеттік комиссияның оң қорытындысымен Ырғыз аудандық әкімдігіне  коммуналдық меншігі ретінде тапсырылады. Содан кейін ауыз суға тариф бекітіліп, толықтай пайдалануға беріледі. Осылайша аталған екі ауылда  ауызсу мәселесі түгелдей шешіледі», деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Әділжан Әлізақ.        

Жаңа нысанның құрылысы аяқталғанына ауыл тұрғындары дән риза. Жаныс би ауылының байырғы тұрғыны Сайытбек Төлегеннің айтуынша осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары  ауыз суды құдықтан алған. Сол себептен бұрын қиындықтар болғанын айтады.

«Біздерде енді ауызсу мәселесі ауылдық жерде қиын болды. Топтық су құбыры ашылып, су берілейін деп жатыр дегенді естіп қуанып жатырмыз, мәз болып жатырмыз. Барша халықтың атынан алғысымды айтамын, қуаныштымыз», дейді ауыл тұрғыны Сайытбек Төлеген.

Айта кету қажет, жоба «Қазсушар» РМК-ның техникалық жетекшілігімен жүзеге асты. Су құбырының ұзындығы  42,349 шақырымды  құрайды. Құбырдың су өткізу қабілеті тәулігіне  4 495,92 текше метр. Аяқталған жоба мың үш жүзден астам тұрғыны бар Жаныс би мен Шеңбертал аулын сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді.