05 Наурыз, 2014

Міндеттер сараланып, меже белгіленді

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Алматыда қалалық денсаулық сақтау басқармасының 2013 жылғы қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Шаһар басшысы Ахметжан Есімов, қалалық мәслихаттың хатшысы Төлеубек Мұқашев, Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, сондай-ақ, аудан әкімдері, республикалық ғылыми орталықтардың, жекеменшік емдеу мекемелерінің, емхана мен ауруханалар басшылары мен отандық медицинаның майталман ардагерлері қатысты. Жиында өткен жылы қаладағы денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар, қол жеткізген жетістіктер мен кемшіліктер талқыланып, алдағы 2014 жылы атқарылар межелі міндеттер айқындалды. Әдеттегідей, алқа мәжілісінде қа­лалық Денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Жанат Қасымжанова баяндама жасады. – Былтыр алматылықтарға 83 қалалық, 15 республикалық ғы­лыми-зерттеу институт пен ор­талық, 4 ведомстволық және 14 жекеменшік емдеу мекемесі ме­дициналық қызмет көрсетті, – деді Жанат Кәкімсейітқызы. – Кадрлық әлеует те жеткілікті дайындалды. Осы ретте әрбір үшінші дәрігер мен әрбір екінші медбике білімін қайта жетілдірді. Үш жылда денсаулық сақтау мекемелерінің жүйесі жаңарды. Мәселен, са­лынған 12 емдеу мекемесінің 5-уі стационарлық, 7-уі алғашқы медико-санитарлық көмек нысандары. Сонымен қатар, үш жылда денсаулық сақтау бюд­жеті 33 пайызға, ал 2013 жылы 14 пайызға артты. Баяндамашының айтуынша, қан тамырлары жүйесі 32 па­йызға, яғни 100 мың адамға шаққанда 231,3-ке, ал инфаркттан өлім көрсеткіші 12,7-ден 10,4-ке төмендеген. Туберкулезбен ауыратындар саны 12-ге, ал өлім-жітімі 38 пайызға азайған. Сөйтіп, респуб­ликада жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Трансплантация саласында №7 қалалық клиникалық аурухана еліміз бойынша ал­дыңғы қатарда. 16 желтоқсанда қаламызда тұңғыш рет бауыр алмастыру отасы, сондай-ақ, №4, №5, ЖШМК, орталық клиникалық ауруханаларда да бірегей оталардың жасалуы – отандық медицинаның ілгерілеуіне қосылған үлес деуге болады. Міне, осындай жүйелі атқарылған жұмыс нәтижесінде шаһар ұрпақтың өмірге келу бойынша 2011 жылмен салыстырғанда – 4, тұрғындардың табиғи өсімі 11 пайызға өссе, жалпы өлім-жітім 11 пайызға, сәби өлімі 9,6-ға тө­мендеген. Алматылықтардың өмір сүру жасы 77,66-ға жетіп, үш жылда екі жас қосылған. Алқалы жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Бай­­жүнісов алдымен Елбасы Жол­да­у­ында әлеуметтік салаға, оның ішінде медицинаға ерекше кө­ңіл бөліп, алдымызға үлкен мін­деттер қойып отырғанын, осы жөнінде министрлік қандай жос­парлар межелеп, шаралар атқа­рып жатқандығы жайлы ке­ңінен баяндап өтті. Алматының денсаулық сақ­тау саласы өзге өңірлермен салыс­тырғанда, алда екендігіне екпін түсірген вице-министр, әсіресе, трансплантологияда бүгінге дейін елімізде 177 ағза алмастырылса, осыдан бес жыл бұрын бірді-екілі оқиға ғана болғанын, бұл ретте Ұлттық хирургия орталығы көш бастаса, Алматыдағы профессор Болат Баймаханов басқарған №7 қалалық клиникалық аурухананың белсенділігі қуантып отырғанын алға тартты. – Мегаполисте жетекші бейінді  институттар шоғырланған, мұнда ең озық ғылыми-зерт­ханалық әдістер қолданылуда. Былтыр сала 528 маманмен то­лықты. Десе де, алып шаһарда әлі де медицина қызметкерлері жетіспейді. Алматы қаласында екі жоғары оқу орны бола тұра маман тапшылығын қалай түсінуге болады? Білуімше, жұмыс жәр­меңкесі кезінде бір де бір рет осы саланың мамандарының отыр­ғанын көрмедім. Сондықтан ал­дағы уақытта қанша студент бар, оның қаншасы Алматы қаласында жұмыс істегісі келеді, барлығын есептеп маман мәселесін шешу керек, – деді Е.Байжүнісов. Жиынды қорытқан қала әкімі А.Есімов 2013 жылы көптеген параметрлер бойынша мегаполистің денсаулық сақтау саласы орта рес­публикалық көрсеткіштен асып түскенін алға тартты. Әкім сон­дай-ақ, «Бірыңғай ұлттық жүйе не­гізінде алматылықтар кепілді ме­дициналық көмекті толық ауқым­да алуы тиіс», деп қадап айтып, Денсаулық сақтау министрлігі өзге өңірлерден келушілер санының артуына байланысты алматылық емханаларды материалдық жа­ғынан жарақтандыруды ұлғайту қажет­тігін атады. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап ден­саулық сақтау саласы қызмет­керлерінің жалақысына 10 пайыз қосымша төленеді. Келер жы­лы сала қызметкерлерінің әлеу­меттік пакеті қайта қаралып, 2015 жылдың 1 шілдесінен жалақы 28 пайызға дейін өседі», деді Ахметжан Есімов. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.