Өйткені ол бұл жағдайдың «табиғатына» өңірде жұмыс істеген кезінен бастап-ақ қанық болып, соңынан оның республикалық, тіптен одақтық деңгейде қатерлі ісікке айналып кеткендігін жақсы түсінді. Осы тұрғыда оның экономикалық саясаттағы күрделі қателіктерге баса назар аударуы да заңды нәрсе. Сондықтан Елбасы елдегі ахуалдың осыншама ушығуының себебін «қайта құру» барысында одақтық басшылықтың көпірме сөздер және жалаң ұрандармен әуестенуге бой ұруымен байланыстыра қарады. Себебі саладағы шынайы жағдай нашарлап, түйткіл мәселелер Кеңес Одағы аумағында орын алып, қордалана түсті. Орталық билік туындаған ахуалды өзгертуге қабілетсіз болып шықты. Олардың оған саяси ерік-жігері жетіспеді. Н.Назарбаев өзіне тән турашылдығымен Мәскеудегі көсемдер алдында КСРО экономикасының жағдайын ешкімнің нақты білмейтіндігін беттеріне басып, азық-түлік өндірісі мен жоспарлардың «артығымен» орындалуындағы көзбояушылықтардың бетін ашып, бәрін жайып салды. Қазақстанның тек шикізат көзі ретінде ғана «дамып», әлеуметтік және экологиялық дағдарысқа ұшырағандығын да көтерді.
Егемендіктің алдындағы жылдары Қазақстанда шиеленісе бастаған саяси күрес жағдайында қоғамдық-саяси ахуал күрт өзгеріп кетті. Қарама-қарсы көзқарасты ұстанатын кейбір теріс пиғыл танытқан топтар автономиялық саясат жүргізуге тырысса, ал оның экстремистік бөлігі жеке аймақтарды Қазақ Кеңестік Республикасы құрамынан шығаруға шақырды. Ал ұлттық қоғамдық-саяси бірлестіктері болса, Қазақстанның КСРО құрамынан шығуының қажеттілігін талап етті. 90-жылдардың басында республиканың экономикалық жағдайы да нашарлап, өндіріс құлдырады, ақшаның құнсыздануы тоқтамай қойды. Республикада ұлттық табыс пен еңбек өнімділігі төмендеді. Халық тұтынатын тауарлардың бағасы үш есеге дейін өсті. Бұл әлеуметтік ахуалды шиеленістіріп жіберді. Қоғам жіктеліп, ол ескі мен жаңа, өткен мен болашақ қағидаты бойынша екіге қақ айырылып, оның іргесі сөгіле бастады. Оның үстіне ондаған жылдар бойы қалыптасып, қатып қалған көзқарастар мен ойлау жүйесінен адамдар қол үзгілері келмей, өмірі мен ахуалды өзгертуге деген қарсылықты да батыл түрде еңсеру сияқты әлеуметтік-саяси проблеманы шешу қажет болды.
Одақтың ыдырап бара жатқандығын жақсы түсінсе де, Н.Ә.Назарбаев «егемендік шеруі» кезінде асығып-аптықпай, әр қадамын жан-жақты ойластырып, нық басты. Басқа одақтас республикалардың кейбірінде орын алған ұлтаралық қақтығыстардағы сияқты бізде қантөгістер мен анархияға жол берілмеді. Олардың басшылары мәселені саясиландырып, «демократия» ойындарымен айналысып жатқанда, Елбасы қателіктер жібермей, өмір қойған сұрақтарға нақты жауап іздеп, халқын трагедиядан аман алып қалды. Президенттік институтқа негізделген жаңа саяси жүйе Қазақстандағы мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті.
Мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Н.Ә.Назарбаев жаппай жайлаған экономикалық және әлеуметтік дағдарысты тежеп, жағдайды тұрақтандыруға, бірлік пен татулықты орнықтырып, оны әрі қарай дамытып, нығайтудың дұрыс бағытын айқындай алды. Елбасы мемлекеттің алдында бір мезгілде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға, бір партиялық әміршілік-әкімшілік жүйеден демократиялық жүйеге, дәстүрлі санадан либералдық құндылықтарға көшу міндеті тұрғандығын дәлелдеді. Десек те, көпшілік шетелдік сарапшылар Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жоқ, ол дербес өмір сүруге дайын емес, оның ұлттық валютасы шектен тыс құнсызданып, қаржы-экономикалық жүйесі күйрейді, ол артынан әлеуметтік дүмпу мен бүлікке ұласады деп, тіпті оның мерзімін де көрсетіп, бал ашты.
Алайда Н.Ә.Назарбаев өзгерістер дәуірінде көшбасшылық сынағынан абыроймен өтіп, өзінің мүмкіндіктерін дәлелдеуге тура келді. Оның саяси ерік-жігерін шетелдік сарапшылардың да мойындауына тура келді. Елбасының кеңестік жүйе күнінің өткендігін айқын түсінгендігіне, елін аман алып қалғандығына олардың көздері жетті. Сондықтан сарапшылар Н.Назарбаев болмаса, Қазақстан Пәкістанның кебін киер еді деген тұжырымға келді. Олар оның төтенше жағдай жарияламай, күш көрсетпей-ақ ішкі бүлдіргіш күштерді жеңіп шыққанына күмән келтірмейді.
Ең бастысы, түпкілікті өзгеріс жасауды қажет ететін өте қиын кезеңде ондаған жылдар бойы қалыптасып қалған қасаң болмысты да батыл түрде жаңғырту керек еді. Бұған қарсылық жасағандар да көп болды. Адамдар 70 жыл бойы бойларына сіңіп қалған жалған әлемнің қияли елесінен қол үзгілері келмеді. Елбасы оларды шындықтың қатал, алайда жалғыз шынайы әлеміне қайтарды. Қиындықтарға қарамастан Елбасының елді модернизациялау жобасы қоғамның табиғаты мен халықтың жанын өзгертті. Ендеше Н.Ә.Назарбаевтың жаңа еңбегінің қоғамның тарихи санасының дамуы мен рухани жаңғыруына тигізер ықпалы орасан зор болары күмәнсіз.
Жапсарбай Қуанышев,
қоғам қайраткері