Қазақстан • 09 Желтоқсан, 2021

Ұлттың сапасын көрсететін қасиет

173 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында телеарналарда Тәуелсіз Қазақстанды құрушы тұлға – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы деректі фильмдер беріліп жатыр. Соның біреуі – «Qazaq: Алтын адам тарихы».

Ұлттың сапасын көрсететін қасиет

Аталған фильмде Елбасымыз бір сәт өзінің балалық шағына оралып, «...бұл – өте ыңғайлы үй. Қабырғаларын кереге деп атайды, олар құралмалы. Ағаштан жасалған, тез бұзылып, тез жиналады. Ең басты экспонат – шаңырақ. Әр отбасы, әр ру әкесінің шаңырағын сақтаған» деп, қазақ үй туралы сыр шертеді. Сонымен бірге, «Бала кезімде өзім де тұрдым. Әкемнің тонына оранып жатып ұйықтайтынмын. Киізге тиген жаңбыр дауысын естіп, тәтті ұйқыға батқанмын...» деп, сол бір күндерді сағынышпен еске алады.

Ұлт көшбасшысының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқып отырып, менің көз алдыма өзімнің бала­лық шағым елестеп кетті. Себебі мен де сол киіз үйде туып, көшпенді өмірдің соңын көрген азаматпын.

Елбасының балалық дәуірі өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында өтсе, біздің балалық шағымыз жетпісінші жылдарға түспа-тұс келді. Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың сексенінші жылына дейін біздің басымызда үй болған емес. Кәдімгі қазақ үймен қыстау, жайлау және күзеу-көктеуге көшіп-қонып жүре­тін­біз. 1981 жылы Дэн Сяопин Қытай­ды нарықтық экономика­ға бұрып, жекешелендіру бас­талды. Мал мен жерді бір жылдың ішінде азаматтарға 49 жылға жекеменшікке бөліп берді. Мен ол кезде он екі жастамын. Қорамыз­ға мал толып, жер тиген соң, әкем орта жайлаудың етегі саналатын Жіңішкебұлақ деген жердегі көш жолдың бойындағы бір қыраңның үстіне екі бөлмелі соқпа тамнан үй және мал қора салды. Мен сол үйден жоғары оқу орнына аттандым.

Кейін «Кәсіби дүй» аталып кеткен кенттің шетіне көшіп келіп, тағы да соқпа тамнан үй, мал қора тұрғыздық. Үйіміз үш бөлмелі болғанмен, жердің тар­лы­ғына байланысты қорамыз іргемізге тиіп тұратын. Қырдан түсіп, отырықшы елдің шетіне таман келді демесең, ол үйіміздің де жетісіп тұрғаны шамалы еді. Бірақ соның өзін құт санап, қуанып жүрдік. Бұрын үй көр­мегендіктен болса керек, кең сарайға балап, шаттандық...

Мен оқуды бітіріп, қызметке тұрып, қолым айлыққа енді жеткенде, әке-шешем, бір ағам бірінен соң бірі өмірден өтіп кетті. Бәрінің сүйегін сол жұпыны үйден шығардық. Құран оқуға келген жұрттың қарасы көбейді. Көбі алыстан қонаға келеді. Үйдің жұпынылығы өз алдына, тарлығы арқамызға аяздай батты. «Атақты Мұқибек зәңгінің үйінің түрін қара!» деп, сылтың қылған күншіл-міншіл ағайындарды да көрдік, сынын естідік...

Бірақ мен «Әттең, неге үлкенірек, әдемі үй салмаған!» деп, әкеме ренжіген емеспін. Елдің сылтың сөзіне де жасығам жоқ. Себебі әкемнің сол кездегі қолынан келген бар мүмкіндігі сол еді. Қайта, әкемнің қызыл қырғын – сар сүргіннен аман қалып, бізді осы халге жеткізгеніне тәубе дейтінмін. Тек, еңселі жаңа үй салып, әкем мен шешемді бір қуанта алмадым-ау деген өкініш қана өзегімді өртейді. Қазақстанға кетерде ескі үйді бұзып, орнына сол кездің алды болмаса да, ортасынан ілгері тұратын етіп, қара шаңырақты ұстап отырған жесір қалған жеңгеме еңселі төрт бөлмелі үй жасатып беріп, жігіттік парызымды өтедім. «Отан отбасынан басталады» деген сөзге жүгінсек, мемлекет те сол үйдің үлкейтілген түрі ғой.

Елбасымыздың «Тәуелсіздік тағылы­мы» атты мақаласында сол Үлкен үй – Қазақстанның қалай тәуелсіздік алғаны, бүгінгі деңгейге қандай жолмен жеткені, әлемдік қоғамдастықтан өз орнын қайтіп алғаны рет-ретімен әсерлі баяндалған. Біз айтатын сөз қалдырмапты Елбасы.

Нұрсұлтан Әбішұлы – Алла қазақ­тың бағына берген тұлға. Ол қазір «Тұңғыш Президент», «Елбасы», «Ұлт көшбас­шысы» және «Бүкіл түркі дүниесінің ақсақалы» деген халықтың өзі берген аса мәртебелі атақтардың иесі. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттың әкесі. Мемлекет құру оңай шаруа емес. Ол Тәуелсіз Қазақстанды бүгінгі деңгейге жеткізу жолында өз қолынан келгеннің бәрін жасады, Қазақстан атты алып үйдің қаңқасын ғана тұрғызған жоқ, көздің жауын алатын бүкіл мүкамалын түгендеп, іргетасын мықтап қалап берді. Қазақпен бір мезгілде еркіндік алған елдердің алдыңғы қатарына шығарды. Әлемдегі дамыған елдерде не бар, соның түгелге жуығы қазір Қазақстаннан табылады.

Біз Елбасымыздың осынау ұлы еңбегін өз деңгейінде бағалап, оған алғыс айтуымыз, оның жасаған тарихи шешімдері мен жүріп өткен жолдарын жас ұрпақтың санасына сіңіріп отыруымыз керек. Күдігіңіз болмасын, ертең уақыт бәрін Нұрсұлтан Назарбаевтың пайдасына шешеді. Сол үшін, әр қазақ өзінің әкесін қалай құрметтесе, біздің ұлты­мыз да Нұрсұлтан Әбішұлын дәл солай сыйлауға, ардақтау­ға және мақтаныш етуге міндет­ті деп білемін. Бұл – ұлттың сапасын көрсететін қасиет болмақ. Ал Нұрсұлтан Назарбаев бас болып құрған жаңа Қазақстанды жетпегенін толықтап, екінші биікке көтеру Қасым-Жомарт Кемел­ұлы бастаған біздің мін­детіміз әрі парызымыз.

 

Ауыт МҰҚИБЕК,

қоғам қайраткері