Бизнес • 09 Желтоқсан, 2021

«Аграрлық несие корпорациясы»: Жұмыссызға қолдау көрсету – басты мақсат

1027 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кәсіппен айналысамын деп ниеттенгенмен, оның әліппесін меңгеру, істі ойдағыдай ұйымдастыра білу, нәтижеге қол жеткізу – оңай шаруа емес. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» дегендей, кәсіпті бастау үшін, әсіресе айналымға түсірер қаржының қомақты болуы да маңызды. Қаржылық тұрғыда қазақстандықтарға «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ-тың еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» қолдау көрсетіп келеді.

«Аграрлық несие корпорациясы»: Жұмыссызға қолдау көрсету – басты мақсат

Кәсіп бастап өзін де, өзгені де жұмыспен қамтимын деген жан­дарға аталған Корпорация же­ңіл пайызбен несие беріп, жұ­мысының жолға түсуіне қол­ға­быс етіп келеді. Нақтырақ айт­сақ, микроқаржыландыру ұйым­д­ары бірнеше салаларда биз­нес­ті дамытуға көмектеседі. Же­ңіл­де­тіл­ген несие ісін жаңа бастаған кә­сіпкерлерге, шағын бизнес өкіл­де­рі­не, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытып жүрген тұлғаларға өз бизнес-жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі. Мысалы, кызмет көрсету сала­сы­ның өкілдері де жылдық 6% мөл­шер­лемемен жеңілдетілген не­сие ала алады. «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы орган­дар­дың қатысуымен Кор­по­ра­­ция­ның серіктесі ретінде 15 микро­қар­жы ұйымы құрылған, олар Қа­зақ­станның барлық өңірінде өз жұмыстарын жүргізуде.

«Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ маркетинг және PR қыз­метінің басшысы Руслан Ескен­дір­дің айтуынша, өңірлердегі бизнесті қолдау үшін Аграрлық несие корпорациясы тарапынан 22,5 млрд теңге мөлшерінде мик­ро­қаржы ұйымдарын қор­ландыруға арналған кредиттік желілер ашыл­ған.

– Осы бағдарламаны іске асыруда «Аграрлық несие корпорация­сы» кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқымын қолжетімді қаржы­лан­дыруға жәрдемдеседі. Өз ке­зе­­­гінде бұл ауылдық жерлерде азаматтардың әл-ауқатының дең­гейін арттыруға әсер етеді: жұ­мыс орындары пайда болады, жаңа өндірістер ашылады, қызмет көр­сету саласы дамиды, дейді Р.Ескендір.

Микронесие алғысы келетін азаматтар алдымен «Бастау Биз­нес» жобасының немесе басқа да мемлекеттік бағдарламалар шең­бе­рін­дегі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарында білім алуы тиіс, сондай-ақ кепіл мүлкі болуы қажет. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар бойынша несие 7 жылға дейінгі мерзімге берілсе, басқа салаларда 5 жылға дейін несие алу мүмкіндігі бар. Бизнес-жоспарды сәтті қорғаған қатысушы МҚҰ-да несие ресімдей алады.

Микронесиенің ең жоғары сомасы әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, ауылдық елді мекен­дер­­де және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейін, яғни 7,2 млн теңге болса, Шымкент, Ақтау, Аты­рау­­дан басқа қалаларда, моно­қа­ла­ларда – 6,5 мың АЕК-ке дейін не­месе 18,9 млн теңге көлемінде. Ал Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында – 8 мың АЕК-ке дейін, яғни 23,3 млн теңгеге тең.

Қазіргі таңда өңірлердегі биз­нес­ті микронесиелеуге аграр­лық несие корпорациясы 22,5 млрд теңге бөлген. Маңғыстау облы­сына бөлінген 1 млрд теңге қар­жы­ның алғашқы жылына қаралған 500 млн теңгенің бүгінде тең жар­ты­сынан астамы, яғни 283 млн теңгесі игерілген. Аталған Корпо­ра­ция­ның Маңғыстау өңіріндегі жұмыс барысымен танысу арнайы тур ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылды. Тур барысында БАҚ өкілдері «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнеске микронесие беру рәсімдерімен танысып, Аграрлық несие корпорациясының қорландыру құралдары арқылы МҚҰ-нан микронесие алған бір­қа­тар кәсіпорынға барды. Кә­сібін бастауға жасалған мүм­кін­дікті маңғыстаулық кәсіпкерлер әр салада киім-кешек және азық-түлік дүкендерін ашу, автосервистер мен химиялық тазалау қызметі, мал шаруашылығы саласында пайдалануда.

Ақтау қаласының 19 шағын ауда­нынан ашылған Hi MOM балалар киім дүкенінің иесі Жанбөпе Құрақбаева – «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алып, «Аграр­лық несие корпора­ция­сы­ның» же­ңіл­­детілген қаржысына қол жет­кіз­ген кәсіпкер.

– «Бастау Бизнесте» оқып, көп нәрсе үйрендім. Дүкен ашсам деген ниетім болғанымен, жұмысты одан әрі қалай алып жүру керектігін білмей дағдарған мен курста білім алып, шағын несие алу мүмкіндігіне ие болу арқылы өз мақсатыма қол жеткіздім. Жолдасым екеуміз үш ай жеңілдік мерзімімен несиеге 6 млн теңге алдық. Бұл қар­жы біздің жұмысымыздың көле­мін үлкейтуге, тауар түрлерін арттыруға үлкен көмек болды. Қ­а­зір­гі таңда дүкенде екі адам жұ­­мыс істейді, тағы үш адамды еңбек­пен қам­туға ниеттіміз. Келу­ші­лер аз емес, киімдеріміз сапалы, – дейді Ж.Құрақбаева.

Келесі кезекте сапарымыз Мұ­най­лы ауданында жалғасты. Бұл аудан­да біз жеңілдетілген несие алып, көлік жөндеу қызметін көр­се­тетін және азық-түлік дүке­нін ашқан кәсіпкерлермен жүз­дес­тік. Ісін жолға қоя алған олар жеңіл­де­тіл­ген несиеге риза. Тек оларды бұл мүм­кіндікті тұрғын­дар­дың жаппай түсі­не бермейтіндігі алаңдатады екен.

Түпқараған ауданы Сайын ауы­лының тұрғыны Қ.Данша­баев­тың мал шаруашы­лығын дамытуына аталған корпорациядан жеңілдетілген несие алуының әсері көп болған.

– Оның тиімділігі алдымен – жеңілдетілген несиеде, екіншісі – төлем уақытына берілетін демалыста. Мен 6 пайызбен 4 млн теңге алып, Оралдан алты бас сиыр, бес тонна кебек сатып алдым. Сиырлар бұзаулайтын күн де алыс емес. Өзім бұрыннан түйе, қой мен ешкі, жылқы ұстаймын. Енді олардың саны сиырлармен толықты, дейді кәсіпкер Қуаныш Даншабаев. Тек бұлар емес Маңғыстау облысында Түпқараған ауданы Сайын ауылындағы «Есен Сейіт» ша­руа қо­жа­лығы микроқаржы ұйым­да­­­рынан 8 бас түйе сатып алуға және оны өсіруге шағын несие алса, Қарақия ауданы Мұнайшы ауылындағы «Алпамыс» жеке кә­сіп­керлігі 6 асыл тұқымды симмен­тал сиыр сатып алып өсі­ру­ге несие алған.

­– Бұл бағдарламаның мақсаты – тұрғындардың өзін өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік беру арқылы жұмыссыздықты еңсеру, халыққа қолдау көрсету. Бағдарлама жұ­мыс­сыз адамдарға барынша тиім­ді, оларға жеңілдік кезеңі де қа­рас­тырылған. Мысалы, несиеге алын­ған мал жеңілдік кезеңінде төлдеп, көбейеді, кейін оны бор­да­қылап сату арқылы қаражат табу­ға болады. Кепілге қаладағы, ауылдағы нысандарды, техникаларды, республикамыздың өзге өңірлеріндегі мүліктерді қоюға болады. Бағдарламаның бағыты тек ауыл шаруашылығымен шектеліп қалмайды, техника алу, наубайхана, дүкен, шаштараз, тігін цехын ашу жобаларын және т.б қаржыландыра аламыз. Қазіргі таңда біз Маңғыстау облысы бойынша 283 млн теңгеге 60-тан астам жобаны қаржыландырдық, алдағы жоспарда 150-200 жобаны несиелендіруді межелеп отырмыз. Қаражат бар, келем деушілерге есік ашық. Бағдарлама биыл алғашқы жыл жүзеге асуда, келер жылы сұраныс болса жалғасын табады деп ойлаймыз, – дейді «Аграрлық несие корпорациясының» Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Әсет Байбосынов.

Тұрғындардың мүмкіндікті молынан пайдаланып, жеңілдетілген несиемен кәсібін жолға қоюы – елдің әлеуметтік- экономикалық жағ­дайына қолдау болып табыл­мақ.                                                                                                                            

 

Маңғыстау облысы