Ауыр атлетика • 09 Желтоқсан, 2021

Ташкенттегі жарыс табысты басталды

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күні кеше Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте жалауы желбіреген ауыр атлетикадан әлем чемпионаты қазақстандық спортшылар үшін сәтті басталды. Төрткүл дү­ниенің төрт бұрышынан жиналған мықтылар жа­рысының бірінші күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті.

Ташкенттегі жарыс табысты басталды

Ташкенттегі додада 55 кило салмақ дəрежесінде өнер көрсеткен Арли Чонтей қос­сайыс қорытындысы бойынша 260 (118+142) кило зілтемірді еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Екінші орынды 256 (115+141) килоны бағындырған Таиланд өкілі Тада Сомбунуан иеленсе, үздік үштікті болгариялық Анхель Русев түйіндеді. Ол қоссайыста 254 (110+144) килоны көтерді.

Айта кетерлігі, 2018 жылы Ашғабадта (Түрікменстан) өткен жаһандық біріншілікте жерлесіміз 258 (120+138) киломен екінші орынға табан тіреген еді. Міне, араға үш жыл салып ол өз нәтижесін екі килоға жақсартып, күмісін алтын жүлдеге ауыстырды. Бұл – 2012 жылдан бері Қазақстан туы астында өнер көрсетіп келе жатқан Чонтейдің әлем біріншілігіндегі алғашқы алтын медалі.

Бір қызығы, бұған дейін бірнеше Азия жəне əлем чемпионаттарында бақ сынаса да, алтын тұғырдан көріне алмай келе жатқан спортшы бір жылда екі бірдей ірі жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Яғни осы жылдың сәуір айында ол дәл осы Ташкентте өткен Азия чем­пионатында 255 (115+140) кило зілтемірді басынан асыра көтеріп, өз салмағында Сары құрлықтың теңдессіз ауыр ат­леті атағын иеленіп еді.

Қазақстан құрамасынан ал­дағы күндері жарыс жолына Нұрғиса Әділетұлы (96 кило), Артем Антропов (96 кило), Кари­на Құзғанбаева (81 кило) және Ай­зада Мүптілдә (+87 кило) шығады. Әлем чемпионаты 17 жел­тоқсанға дейін жалғасады.