“Қазақстанның Даму банкі” АҚ басқарма төрағасы Ғали ЕСҚАЛИЕВПЕН әңгіме
– Ғали Нәжімеденұлы, Қазақстанның даму банкі қандай мақсатпен құрылды? Банк қызметінің қазіргі екінші деңгейлі банктердің атқарып отырған қызметінен басты айырмашылықтары қандай?
– Қазақстанның даму банкі мемлекеттің инвестициялық қызметін жетілдіріп, экономиканы әртараптандыру, өңдеуші, өндіруші өнеркәсіпті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында құрылған. Банктің негізгі қызметі инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамытатын инвестициялық жобаларды іске асыру. Яғни Даму банкі өз қызметін коммерциялық банктер бизнестің инвестициялық қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтын секторларында жүзеге асырады.
Даму институты ретінде банк табысы төмен, бірақ мемлекет үшін маңызы зор экономика салаларын, атап айтқанда, металлургия мен энергетика, тоқыма өндірісі, өнеркәсіп пен көліктік инфрақұрылым, мұнай химиясын қаржыландырады.
Қазақстанның даму банкіне мемлекеттік бағдарламалар аясында стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға қатысты Үкімет тарапынан маңызды міндеттер жүктелген. Біздің банктің екінші деңгейлі банктерден басты айырмашылығы және негізгі мақсаты пайда табуды емес, инвестициялық жобаларды іске асырып, өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Әдетте екінші деңгейлі банктер пайдасы көп жобаларды қаржыландырады, ал біздің банк үшін ең бастысы, ел экономикасында жаңа, модернизацияланған дайын өнім өндіруші, бәсекеге қабілеттілігі жоғары, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген серпінді өндірістер ашу. Сонымен бірге, Даму банкі тек ірі, нақты айтсақ, сомасы 5 млн. АҚШ долларынан жоғары инвестициялық жобалар мен 1 млн. АҚШ долларынан астам соманы қажет ететін экспорттық операцияларды, сондай-ақ 5-тен 20 жылға дейінгі ұзақ мерзімге, екінші деңгейлі банктердің пайыздық ставкаларынан төмен жағадайлармен қаржыландырады.
– Сіздер үшін өткен жыл қандай болды, қандай жетістіктерді атап өте аласыздар?
– Өткен жылдың біздің банк үшін маңызы жоғары болды деуге болады. Ең бастысы, біз әлемдік деңгейдегі банктер қолданатын несиелік құралдарды қосып, қызмет көрсету кеңістігін үлкейттік. Банктің нормативтік құқықтық актілеріне өзгертулер енгіздік, соған сәйкес банктің инвестициялық тиімділігі артуда. Біз айналымдық капиталды қаржыландыруға, алдын-ала берілген қарызды жобадағы үлестік қатысумен алмастыруға құқылы болдық және қарыз алушының жарғылық үлесіне немесе оның акцияларын конвертациялау құқығымен қосалқы қарыз ретінде берілетін мезониндік қаржыландыруды, банкаралық қаржыландыру және тағы басқа несие құралдарын ұсынуға мүмкіндік алдық.
Сонымен бірге өткен жылы банктің жарғылық капиталы едәуір артты. 2009 жылдың 28 қыркүйегінде банкті 167,7 млрд. теңгеге капиталдандыру туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Қаржы қадағалау агенттігінің және банктің несие берушілерінің талаптарын орындау мақсатында, жаңа несиелер тарту үшін банктің жарғылық капиталы арттырылуы қажет еді. Біз осы мүмкіндікке ие болдық.
Сонымен бірге “ҚазАгро” холдингінің қызметін қайталамау мақсатында агроөнеркәсіп кешенінің жобаларын ең төменгі қаржыландыру сомасы 20,0 млн. АҚШ долларына теңдестірілді. Оған қоса, қарыз алушылардың сатып алулары банктің сайтында орналастырылады және тәуелсіз сарапшыларға да талаптар күшейтілді. Сол сияқты, несие алуға үміткерлердің құжаттарын қарастыру мерзімін қысқарттық. Бұл өзгерістердің барлығы банктің қызметін жақсартады деп сенемін.
– Қазақстанның Даму банкі Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырушы басты операторлардың бірі екені де белгілі. Кәсіпкерлерге, несие алушыларға дағдарыс кезінде қандай қолдау көрсетудесіздер?
– Иә, Даму банкі Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламаларына белсенді қатысады. Сонымен бірге банкті үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырушы негізі қаржы институты деп айта аламыз. Өйткені Даму банкі арқылы мемлекет тарапынан инфрақұрылым мен өндіріс саласына қомақты қаржы бағытталуда.
Біз екінші деңгейлі банктерге ықпалды қолдау көрсеттік. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын іске асыру мақсатында екінші деңгейлі банктердің, оның ішінде “Альянс банк”, “АТФ банк”, “Банк Центр Кредит”, “БТА банк”, “Қазақстанның Еуразиялық банкі”, “Казкоммерцбанк”, “Қазақстанның Халық банкі”, “Қазақстанның Эксимбанкі” АҚ-тардың жалпы сомасы 344 млн. АҚШ долларына тең 19 инвестициялық жобасына Даму банкі қолдау көрсетті. Сонымен бірге, жылдың соңында Үкімет тарапынан Стрессті активтер қоры арқылы Қазақстанның Даму банкіне бөлінген 20 млрд. теңгеге қоса өз тарапымыздан 30 млрд. теңге қосып, өндіруші өнеркәсіптегі біршама жобаларға пайыздық мөлшерлемені 8 % -ға дейін төмендеттік.
Елбасының инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді несиелеуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында, банк жақын арада коммерциялық банктерге банкаралық несиелеу түрінде жаңа қаржы құралын ұсынады. Біздің банк тарапынан екінші деңгейлі банктерге ұзақ мерзімді қаражат бөлінеді. Инвестициялардың көлемі 5-тен 50 млн. АҚШ долларына дейінгі сомаға өңірлік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерді ұзақ мерзімді қорландыру көзделген. Бұл Даму банкіне өз инвестицияларының географиясы мен ауқымдарын кеңейтуге мүмкіндік береді, ал екінші деңгейлі банктер өздерінің корпоративтік клиенттеріне инвестициялық несиелер ұсына алады.
Айта кететін бір жәйт, капитал рыногында ақшалай қорлар құнының өзгеруіне және жалпы экономикалық белсенділіктің төмендеуіне қарамастан, банк әлемдік қаржы дағдарысы басталған кезден-ақ бұрын берілген қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлерін арттырған жоқ. Оған қоса қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл өндірмей, клиенттердің міндеттемелерін қайта құрылымдау бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп келеді.
– Қазақстанның Даму банкі 2010 жылы қандай басымдықтарды алға қояды? Сіздердің жобаларыңыздан экономикаға келетін тиімділік қандай?
– Биыл банк өзіне белгіленген мемлекеттің инвестициялық қызметінің тиімділігін арттыру мен жетілдіру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бағытындағы қызметін одан әрі жалғастырады. Біз ірі серпінді жобаларға қомақты қаражаттар бағыттауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні банкте мемлекеттік маңызы жоғары жобаларды қаржыландыруға қажетті қаражат бар.
Биылғы наурызда Елбасының қатысуымен керамогранит зауыты іске қосылды. Қазіргі күні біз бұл өнімді шетелден экспорттаймыз, ал аталған өндірістің қызметі ішкі рынокты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз тағы осындай 23 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың ішінде атап айтсақ, Шымбұлақ тау шаңғысы демалыс орнының кешенді дамытылуы, Орал қаласында газ-турбиналы стансаның бірінші энергетикалық бөлімі, Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту, Оңтүстік еркін экономикалық аймағында мақта-мата өндірісін дамыту, Тараз металлургиялық зауытын жаңалау және тағы басқа маңызды жобалар бар.
Біздің банк 2001 жылы Елбасының бастамасымен экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етіп, инвестицияларды шикізаттық емес секторға бағыттау мақсатымен құрылған болатын. Әрине бүгінгі таңда біздің банктің экономика үшін маңызы зор. Банк жүзеге асырып отырған жобалар ұзақ мерзімді тиімділікті көздейді. Мысалы, банктің қаржыландыруымен іске қосылған жоғары вольтты энергетикалық “Солтүстік-Оңтүстік” жүйесінің ел үшін тиімділігін сөзбен жеткізу қиын, бұл жоба аясында энергияға тапшы оңтүстік өңір электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Алматы және Астана қалаларындағы ірі көліктік-логистикалық орталықтардың маңызы да өте зор. Компаниялар өздерінің үлкен көлемдегі тауарларын таза, жоғары технологиялармен жабдықталған логистикалық орталықта сақтай алады. Логистикалық орталықтардың жоғары технологиялы қоймаларында тауарлардың сапасы, құрамы өзгеріске ұшырайды деп қауіптенбеуге болады.
Біз ең бастысы, өз өндірістерімізде жобаның жоғары технологиялармен қамтамасыз етілуіне назар аударамыз. Біздің қолдауымызбен іске қосылған жобалардың басты өндірістерінде 15 мыңнан астам қызметкерлер жұмыс істеп келеді. Мүмкін бұл өте үлкен көрсеткіш емес болар, алайда жобалардың жоғары технологиялармен қамтамасыз етілуі өндірістің, одан шыққан тауарлардың тиімділігі мен экономикалық пайдалылығын арттырады.
– Банктің инвестициялық мүмкіндіктері жайлы айтып берсеңіз. Сырттан несиелер тартуда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Біздің жарғылық капиталымыздың өсуі шетелдерден қомақты қаражат тарту мүмкіндігімізді арттырды. Банк туралы заң бойынша біз жарғылық капиталды инвестициялық жобаларға бағыттай алмаймыз. Банктің негізі қаржыландыру көзі— шетелдік немесе ішкі инвестициялар.
Біз 2009 жылы инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларға шетелдерден қаражат тарту бойынша өте жақсы көрсеткіштерге жеттік. Банк Қытай Халық Республикасының екі көшбасшы мемлекеттік даму банктерімен, яғни Қытайдың Мемлекеттік даму банкімен және Экспорттық-импорттық банкімен белсенді ынтымақтастықты жүзеге асырды. Ел Президенті Н.Назарбаевтың Қытай басшылығымен қол жеткізген уағдаластықтары осындай игі бастамаларға зор ықпалын тигізді. Біз Қытайдың Мемлекеттік даму банкімен Алматы облысындағы Мойнақ ГЭС-і құрылысы жобасын бірлесе қаржыландырудамыз. Басында қытайлық банк біздің банк үшін 300 млн. АҚШ долларына несиелік желі ашты, ал кейінірек экономиканың шикізаттық емес салаларының инвестициялық жобаларын қаржыландыру үшін қытайлық банк пен “Самұрық-Қазына” қоры арасында 3 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі ұзақ мерзімді несиелік келісім-шартқа қол жеткізілген болатын. Даму банкі аталған желі бойынша оператор болып табылады. Өткен жылдың шілдесінде банк Қытайдың Эксимбанкімен 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде ұзақ мерзімді несиеге бас келісім-шарт жасады.
Банк инвестиция тарту бойынша басқа да елдердің банктерімен жұмыстар жүргізуде. Қаржылық дағдарысқа қарамастан 2008 жылы банк 2,2 млрд. АҚШ долларына тең қаражат тартты. Сонымен қатар өткен жылы экспорттық несиелік агенттіктер арқылы бірқатар жапондық және еуропалық банктермен келісімдерге қол жеткізілді. Оның ішінде Франция Президенті Н.Саркозидің елімізге сапары аясында 10 млн. еуродан артық сомаға несиелік келісімге қол қойылғанын атап көрсету қажет.
Шетелдік қаржы ұйымдарының банк секторына, атап айтқанда, Қазақстанның Даму банкіне деген сенімнің нығайып, арта түскенін айта кету жөн, сондықтан да біз өз рейтингіміз бен беделімізді шетелдік инвестицияларды неғұрлым көбірек тарту мақсатында пайдаланатын боламыз.
Сонымен қатар капитал рыноктарында бүгінде қалыптасқан ахуалды ескергенде, бұл займдар шетелдік кредит берушілер тарапынан банк орнықтылығының тәуелсіз рейтингтер растаған сенімді әріптес ретінде қабылданатынын көрсетіп отыр. Біз болашақта да өз жұмысымызды осы бағыттарда жалғастыра бермекпіз.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.