Ал ол елімізде өз деңгейінде ме?
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Ұлттық баспасөз клубында «Әйелге қамқорлық – болашаққа қамқорлық» деген тақырыпта талқылау өткізіп, әйелдердің басындағы проблемаларды шешудің жолдарын ортаға салды. Шараға Парламент Мәжілісіндегі Халықтық коммунистер фракциясының депутаттары Жамбыл Ахметбеков пен Айқын Қоңыров және арнайы шақырылған екі жас ана қатысты. Алдымен сөз алған Ж.Ахметбеков өткен аптада партияның ұйытқы болуымен өңірлерде әйелдер қауымының әлеуметтік жағдайына қатысты дөңгелек үстелдер өткенін тілге тиек етті. Бұл баспасөз мәслихаты соның қорытындысына арналғандығын алға тартқан депутат әйелдерге қамқорлық мемлекеттің үлкен саясатының бірі болуға тиіс екенін атап көрсетті. Қазіргі таңда елімізде тұңғыш балаға төленетін ай сайынғы жәрдемақының көлемі 10186 теңгені құрайтындығын алға тартқан халықтық коммунистер еліміздегі ең төменгі өмір сүру көрсеткіші 19966 теңге екендігін қаперге салды. Бұл арада бір баланы мектепке дайындау республика бойынша 30 мың теңгені құрайтыны көлденең тартылды. Ал 2014 жылы елімізде бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы 1, 2 және 3 балаға 55 000 теңгені құраған. Депутаттар жәрдемақыны өзге елдермен салыстыра отырып, оның мардымсыз екеніне назар аударды. Мысалы, 2013 жылғы көрсеткіш бойынша Сингапурда бір жолғы жәрдемақы – 4900, Беларусьте – 1000-1500, Ресейде 3000 доллар шамасында екен. Францияда бала туып, үш жылға декреттік демалысқа кеткен ана ай сайын 400 еуроға дейін жәрдемақы алатын көрінеді. Осылардың барлығын ортаға салған ҚКХП депутаттары әйелдерге қосымша жеңілдіктер ұсынуды және бала күтімінде отырған аналар мен болашақ аналарға қаржылық көмектің көлемін ұлғайтуды қолдайтындықтарын дәйектеуге тырысты. Олардың пікірінше, бірінші балаға берілетін біржолғы жәрдемақыны екі есеге көбейткен дұрыс. Сондай-ақ, Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың жаңа баптары бойынша аяғы ауыр әйелдерді жұмыстан шығуға мәжбүрлегендерді айыппұлмен және қызметінен төмендету жазасымен жазалау орынды болмақ. Бұдан басқа, халықтық коммунистер бала күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 3 жасқа дейін ұзартуды да ұсынды. Ж.Ахметбеков көп балалы отбасыларға да ерекше қамқорлықтың қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, егер отбасында үш бала болса, онда коммуналдық қызметтің 30 пайызын өтеп берген орынды болмақ. Ал 4-5 балалы отбасыларға 50 пайыз жеңілдік беріп, 7 және одан көп балалы отбасыларды коммуналдық қызметке ақы төлеуден мүлдем босату керек. Баспасөз мәслихатына арнайы келген жалғызбасты ана Шарихат Иманбаеваның мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 100 мың бала әкелерінен алимент ала алмай жүр екен. Сондықтан да ол әкелерге қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынды. Жалпы, баспасөз мәслихатын өткізудегі басты мақсат әйелдердің проблемасына назар аударту болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше