Футбол • 09 Желтоқсан, 2021

Плей-оффқа шыққан 12 команда белгілі

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Чемпиондар лигасы турнирінің топтық кезеңіндегі соңғы тур ойындары аяқталды. Сәрсенбі күні алғашқы төрт топтың матчтары өтіп, плей-оффқа жолдама алған командалар белгілі болды.

Плей-оффқа шыққан 12 команда белгілі

А тобында мерзімінен бұрын 1-орын мен плей-офф мәселесін шешіп қой­ған «Манчестер Сити» сырт алаңда «Лейп­цигтен» жеңіліп қалды – 1:2. Екінші орынмен 1/8 финалға шыққан ПСЖ өз алаңында аутсайдер «Брюггені» Мбаппе мен Мессидің дублі арқасында ірі есеппен жеңді. В тобының көшбасшысы «Ливерпуль» қонақта «Миланды» ұтып (2:1), мүмкін болған 18 ұпайдың бәрін олжалады. Екінші матчта «Атлетико» «Портудан» басым түсіп, 1/8 финалға жолдама алды.

Барлық мәселе алдын ала шешіліп қойған С тобында «Аякс» соңғы ойында «Спортингті» (4:2) жеңсе, Еуропа лигасына түсіп қалған «Боруссия» (9) Дортмундта «Бешикташтың» тас-талқанын шығарды – 5:0. D тобындағы 1-орын үшін таласта «Реал» «Интерді» екінші ойында да жеңді – 2:0. Ал «Шериф» сырт алаңда Донецкінің «Шахтерімен» тең ойнап, Еуропа лигасының плей-офф сатысында ойнауға мүмкіндік алды.

Сөйтіп «Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Манчестер Юнайтед», «Челси», «Атле­тико», «Реал», «Аякс», «Спортинг», «Ин­тер», «Ювентус», «Бавария» мен ПСЖ клуб­­­тары жарысты одан әрі жалғастыратын болды. Сондай-ақ кеше қалған 4 топтың 6-тур ойын­дары өтіп, плей-оффқа шыққан 4 команда белгілі болды.