Үкімет • 09 Желтоқсан, 2021

Үкімет басшысы халыққа ревакцина маңызын түсіндіруді тапсырды

3370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, ревакцинацияның маңызын халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет басшысы халыққа ревакцина маңызын түсіндіруді тапсырды

«Жалпы экономикалық жағдай тұрақты. Коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны азайып келеді. Инфекциялық ауруханалардағы орындар 24 пайызға, ал реанимациядағы орындар 21 пайызға жүктелген. Өңірлердің көбі «жасыл» аймақта (11), «сары» аймақта 5 өңір, «қызыл» аймақта 1 ғана өңір бар. Коронавирус инфекциясынан қорғауы мүмкін негізгі құрал вакцина алу мен ревакцинация болып табылады. Қазіргі уақытта шамамен 8,8 млн адам бірінші компонент салдырды. Бұл 18 жастан асқан азаматтардың 77,5 пайызы. Екінші компонентті 72,4 пайызы салдырды»,  деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, ол вакциналау қарқыны төмен өңірлерді атады.

«Маңғыстау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарына вакциналаумен және ревакциналаумен қамтуды күшейту қажет. Әкімдіктер Денсаулық сақтау және Ақпарат министрліктерімен бірлесіп, халықтың арасында ревакцинациялау қажеттілігі жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмысын қамтамасыз етсін. Вирустың жаңа штамы пайда болғанын ескеріп, мемлекеттік шекарада сырттан келетін адамдарды күшейтілген бақылау жалғастырылсын», деген Үкімет басшысы бұл істің бәрін бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді.