Оңтүстік Қазақстан облысындағы әртүрлі деңгейдегі 30 мыңнан астам кәсіпорындар бір-бір мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа қабылдап, қамқорлыққа алуды мақсат тұтып отыр. Бұл бастаманы облыстағы кәсіпкерлер бірауыздан қолдады. Шымкентке келген сапарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осындай игілікті істің куәсі болды.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында еңбекке жарамды 28 мың мүгедек жан бар. Шымкент қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамту мәселесіне арналған облыстық форумда барлық жұмыс берушілерге арналған үндеу қабылданды. Сонымен қатар, енді қолға алынып отырған «Бәріміз біргеміз, мықты болсын іргеміз» акциясы аясында тағдыр тәлкегіне ұшыраған азаматтарды жұмыспен қамту ісі күшейетіні айтылды. Министр бұл форум өзге өңірлерге үлгі болуы керек екенін айта келе, оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің үндеуін еліміздегі 340 мыңнан астам кәсіпорын басшылары қолдайтынына сенім білдірді. Сонда ғана алға қойған мақсаттарды, мүдделерді жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ, министр осы іске атсалысқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек болатынын баса айтты.
«Біз кәсіпкерлерді мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алыңдар деп қана қоймай, жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қандай көмек болатынын да түсіндіріп жатырмыз. Егер кәсіпкерлердің қарамағында осындай жарымжан жандар жұмыс істеп жатқан болса, ол азаматтардың мамандығын көтеруге қажетті қаржының 70 пайызын мемлекет, 30 пайызын кәсіпорындардың өздері көтереді. Дәл осылайша жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы еңбекақысының 35 пайызын мемлекет, 65 пайызын жұмыс берушінің өзі төлеп отырады», дейді Т.Дүйсенова.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің айтуына қарағанда, былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша шағын несиемен қамтамасыз ету үшін 3 млрд. теңге, кәсіпкерлік негіздерінің оқытуларына 46,6 млн. теңге бөлінген. Осы бағыттағы оқыту ұйымы ретінде облыстық «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» белгіленіп, 2013 жылы 2 663 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытты. Облыстың шағын несиелендіру жөніндегі өкілетті өңірлік ұйымы тарапынан бағдарламаның 1 075 қатысушысына жалпы 2,5 млрд. теңге несие берілді. Бұл күні облыс орталығында өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 90 жұмыс берушіден 1000-нан астам жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеде 252 мүгедек азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Жалпы алғанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы бірінші орында келе жатыр. Былтыр елімізде аталған бағдарлама бойынша еңбекке араласқандардың 33,8 пайызын оңтүстікқазақстандықтардың құрауы осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Сондай-ақ, алдағы уақытта дәрігерлер мен мұғалімдерге жалақы олардың білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыстарының қиындығы мен жауапкершілік дәрежесіне қарай төленеді. Бұл мәдениет және спорт саласының мамандарына да қатысты. Яғни дәрігер, мұғалім және әлеуметтік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізіледі. Бұл жаңа жүйенің басты мақсаты – әр салада еңбек етіп жүрген негізгі қызметкерлерді анықтап, олардың еңбегін дұрыс бағалау. Өйткені, бүгінде елімізде дәрігерлер жалақысының 38 пайызы, ал мұғалімдер еңбекақысының 48 пайызы ғана негізгі қызметтері үшін төленеді. Жалақының қалған бөлігін қосымша жұмыстар үшін берілетін төлемдер құрайды. Басқаша айтқанда, дәрігер науқасты емдегені, мұғалім баланы оқытқаны үшін алатын ақысы оның барлық жалақысының жартысына да жетпейді.
– Біздіңше, бұл дұрыс емес. Адамдардың еңбегі өз мамандығы бойынша атқарған негізгі жұмысына қарап бағалануы керек. Сонда адамдар қосымша жұмыстармен әуестенбей, өздерінің біліктілігін арттыруға назар аударады, – деді Т.Дүйсенова.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.