05 Наурыз, 2014

«Ордабасы Құс» өнімін шетелге шығарып жатыр

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ордабасы Құс» ЖШС-нің тұсауы осыдан төрт жылдай бұрын Елбасымен болған тікелей телекөпірде кесілген болатын. Бұл құс кешені 2010 жылы үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы арқасында тір­лігін өрістетті. Қазіргі таңда, «Ордабасы Құс» ЖШС 30 түрлі өнім ассортиментін шығарып отыр. Алдағы уақытта бұл көр­сеткішті 100-ге дейін жеткізу жос­парлары бар. Шығарылатын өнім Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Алматы, Астана қалаларына сатылады. Сондай-ақ, өнімнің 20 пайызы Ресей Фе­дерациясына экспортталады. Бұл, әрине, Кеден одағына мү­ше елдермен аймақаралық ын­ты­мақтастықты дамыту арқа­сында мүмкін болып отыр.

SAM_1342

SAM_1354Жаңа құс кешенінің бірінші сатыдағы өндірістік қуаты шамамен жылына 4800 тонна күркетауық етін шығару болған. Болашақта өндіріс қуатын 2 есе арттыру мүмкіндігі бар және ол еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту идеясына толығымен сай. Инвестициялық жоба құны 1728,9 млн. теңгені құрап, өткен жылы өндіріс көлемін ұлғайту бойынша «Тірі салмақты күркетауық еті көлемін жылына 8110 тоннаға жеткізу» жобасы жүзеге асырылды. Аталған серік­тестікте қолданылып отыр­ған озық технологиялардың арқа­сында жылына 150 мың бала­пан өсірілуде. Алдағы жыл­дары мұнда өсіріліп жат­қан балапандардың санын 1 млн.-ға жеткізу көзделуде. Өңірі­мізде құс шаруашылығы өндірі­сін өркендету мақсатында серік­тестік басшылығы 5 жылдық да­му бағдарламасын да әзірлеген. Жалпы алғанда, бұл кәсіп­орын­ның болашағы зор. «Ор­дабасы Құс» ЖШС Ұлыбри­танияның Оксфорд қаласында Еуропалық сапа сертификатын, Париж қаласында Тәуелсіз қо­ғамдық сапа жөніндегі бір­лестіктің алтын медалін алды. «Қа­зақстанның үздік тауары» деген номинацияға лайық деп табылып, қатарынан екі жыл жеңімпаз болды. Мұ­ның барлығы, әрине, бұл кәсіп­орынның шығарған өнімінің сапасына берілген баға екені анық. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.