05 Наурыз, 2014

Күміс жүлдегер атанды

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстандық Галина Вишневская АҚШ-тың Преск Айл қаласында биатлоннан 7,5 шақырымға жүгіруден өткен жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Сочиде болып өткен Қыс­­қы Олимпия ойындарына қатысқан Вишневская мәреге бұл жолы бірінші орын алған ресейлік Евгения Павловадан бар-жоғы 0,3 секунд қана қалып келді. Чемпионатта одан басқа қазақстандықтар Анастасия Кондратьева – 19, Александра Сасина – 38, Валентина Сауленко 44-орынға орналасты. Жарысқа барлығы 47 биатлоншы қатысқан болатын. Жасөспірім жігіттер ара­сында дәл осындай қа­шық­тыққа жүгіруде аме­ри­калық Шон Доэрти бірінші орынға көте­рілді. Жалпы айтқанда, қазақ­­­стандықтар арасындағы үздік Роман Еремин жеңімпаздан 38 секунд қалып, көмбе сызығын жетінші болып қиып өткен-ді. Келесі жерлесіміз Владислав Витенко – 10, Андрей Ла­рио­­нов – 12, ал Владислав Ми­ропольский 36-шы болды. Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ, «Егемен Қазақстан».