05 Наурыз, 2014

Жеті жасар қыз отбасын құтқарып, өзі қаза тапты

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Солтүстік Қазақстан облысында 7 жасар қыз отбасын туралап келген ажалдың аранынан құтқарып, ал өзі отқа жанып кетті. Бұл жантүршігерлік оқыс оқиға Мағжан Жұмабаев ауданының Чистов ауылында орын алды. Түн ішінде үйде бықсып шығып жатқан түтіннің иісінен оянған қыз бала айналаны қаумалап бара жатқан жалынды көріп, әкесі мен шешесін орындарынан тұрғызады. Ал олар сол бойда жедел терезе әйнегін сындырып, басқа бөлмеде жатқан 2 ұл баланы дереу далаға шығарған.  Өкінішке қарай, ересектер өздері сыртқа шығып алған соң ғана қыздарының іште қалып қойғанын байқайды. Бірақ бұл кезде өзінің қаһа­рына мініп алған өрт үйді түгел қаусырып, орап алған еді. Сон­дық­тан ішке қайта кіруге ешбір мүмкіндік болмайды. Шамасы, 7 жасар қыз тастай қараңғы мен қара түтіннің салдарынан тысқа шығар жолды таба алмай қалған сияқты. Тек келесі күні оның мүрдесі от толық басылғаннан кей­­­ін ғана күл қоқысы арасынан табылды. «Өрт сағат түнгі 2:25-те сөнді­рілді. Ал таңғы 5-тер шамасында түгел ауыздықталды. Оның нә­­­ти­­же­сінде 2 және 12 жастағы екі бала жеңіл жарақат алып, оттың тү­тіні­нен уланып қалған. Қазір олар ауру­ханада жатыр. Жалын пештен шық­ты деген негізгі болжам бар. Демек, пешті салған кезде сақтық шара­ларын қолданбаған», – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев. Руслан ИГІЛІК.