Қос нысан да көгілдір отын сапасын саралаудың жаңа моделіне сай жарақталған. Мұнда мамандар сұйық отынды сүзгіден өткізіп, халықаралық стандарттар шеңберінде қабылдайды. Газ құрамындағы қысым мен өзгерістерді анықтауға цифрлы форматтағы жаңа технологиялардың көмегі пайдаланылмақ. Жаңа стансалардың шалғай аймақтарда орналасқанына қарамастан, қажетті инфрақұрылымдық жағдай жасалып су, жарық, кәріз жүйесімен толықтай қамтылған.
Бұған дейін елімізде дәл мұндай газ есептеу стансалары болмаған еді. Яғни бізге газ жөнелтерде өзбек тарапы көгілдір отын мөлшерін өздері өлшеп жіберетін-ді. Енді «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының бірегей жобасы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы көгілдір отынға қатысты алыс-берісте күрделі мәселелердің туындауына жол бермейді. Құрылысы екі жылға созылған алып стансалар нақты мәлімет алып, газбен қамту ісіне серпін беруге қолай тудырмақ. Бұл өз кезегінде сала мамандарын қуантып отыр.
«Шардара» ГӨС «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырының 314 шақырымында орналасқан, жобалық газ қысымы 7,5 МПа (75 кгс/см2) және өнімділігі сағатына 834 мың текше метрді құрайды. «Шардара» ГӨС елді мекендерден ең шалғай және өз аналогы бойынша іс жүзінде бірегей объект екенін атап өткен жөн. Ондағы өндірістік процесс электр энергиясының және сумен жабдықтаудың сыртқы көздеріне қарамастан, дербес жүзеге асырылады.
Ал «Жетісай» ГӨС «Бұқара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» магистралды газ құбырының 372 шақырымында орналасқан, жобалық газ қысымы 5,4 МПа (55 кгс/см2) және өнімділігі сағатына 834 мың текше метр. Екі стансасы да заманауи және дәлдігі жоғары құрылғылармен жабдықталғандықтан газ шығынын өлшеу нақтылығы арта түскен. Сонымен бірге газ компонентінде құбыр металына агрессивті әсер ететін химиялық элементтердің болуын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ Техникалық директоры Серікхан Байзақовтың айтуынша, соңғы үлгідегі заманауи стансаларды пайдалануға берудің нәтижесінде Өзбекстан аумағынан қазақстандық магистралды газ құбыры жүйесіне түсетін газды есепке алуды өлшеу дәлдігі артатын болады. Сондай-ақ бұл газ тасымалдау жүйесіне газ құбырының өткізу қабілетінің төмендеуіне, қызмет ету мерзімінің азаюына, гидраттардың пайда болуы үшін қолайлы жағдай тудыруға, газ құбырын жөндеу бойынша шығыстардың ұлғаюына жол ашпақ. Оған қоса кондициялық емес газды беруді бақылау және алдын алу үшін газдың сапалы көрсеткіштерін арттыруға да мүмкіндік молаймақ.
– Ел игілігі үшін ашылып отырған қос нысанның маңызы ерекше. Бұл – қуатты газ есептегіш. «Жетісай» және «Шардара» жаңа стансаларын пайдалануға беру Өзбекстаннан Қазақстанға келетін газды есепке алуды өлшеу дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар стансаның заманауи жабдығы газдың сапалық құрамын бақылауға және құбыр металына кері әсер ететін химиялық элементтерді уақтылы анықтауға септеседі. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының басты міндеттерінің бірі – отандық газ тасымалдау жүйесінің сенімділігі мен қуатын арттыру. Бүгінгі таңда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай газшылар еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, оның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Алайда жабдықтар қаншалықты заманауи болса да, «ҚазТрансГаз» компаниясының ең құнды ресурсы – адамдар. Сондықтан газ өлшеу стансаларының маңында вахталық қалашықтар салынды, онда қызметкерлер үшін барынша қолайлы еңбек және тұрмыс жағдайлары жасалған. Ауысымнан кейін жұмысшылар тыныш, жайлы ортада демала алады, – дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ Техникалық директоры Серікхан Байзақов.
Ел аймақтарын көгілдір отынмен қамту мемлекет үшін маңызды мәселенің бірі. Бұрын газ сапасы аптасына бір мәрте сараптамадан өтетін болса, қазір Германияда шығарылған тың қондырғының көмегімен мұны дер кезінде анықтау мүмкін болып отыр. Стансалар қоршаған ортаны ластамайды әрі үнемді. Екі станса да еліміздің газ саласындағы энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек. Отандық өндірістің дамуына да оң ықпал етіп, өңір экономикасының ілгерілеуіне де жол ашады деп есептейді мамандар.
Елдің экономикалық ахуалы жақсарған сайын көгілдір отынға деген сұраныс арта бермек. Бұл, әсіресе, аумағы ұлғайып, халық саны еселеп өсіп жатқан аймақтарға тән құбылыс.
Қазақстанның тарихындағы іргелі инфрақұрылымды жоба – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының салынуы арқылы оңтүстіктегі жүздеген елді мекендер және ең бастысы, ел астанасы Нұр-Сұлтан мен Қарағанды облысы газдандырылып жатыр. Бұл да Тәуелсіздік жылдарындағы ең игілікті шаралардың бірі екенін уақыт көрсетіп отыр.