Тәуелсіздік • 09 Желтоқсан, 2021

Бұл – ел тілегінің қабыл болғаны, Елбасы еңбегінің жанғаны

1481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету, Тәуелсіздігімізді нығайту бағы­тында жүзеге асырылған ауқымды жұмыстарды сөз еткенде мем­лекетіміздің астанасын Арқа төсіне көшіру ісі бірінші кезекте ойға оралады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамасы мен өлшеусіз еңбегінің арқасында жаңа астана ел Тәуелсіздігінің басты нышандарының біріне, жалпыұлттық құндылыққа, қоғамдық келісім мен ынтымақтың ордасына, саяси-экономикалық, рухани-мәдени ірі орталыққа айналды. Ұлтымыздың ірі табысы, үлкен ұтысы саналатын бұл игілікті шаруаның шапағатын қалай мақтанып айтсақ та жарасады.

Бұл – ел тілегінің қабыл болғаны, Елбасы еңбегінің жанғаны

Мемлекетіміздің астанасын Алматыдан Ақмола қаласына ресми түрде көшіру ісі 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асырылды. Ал Тұңғыш Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығы негізінде Ақмоланың атауы Астана болып өзгертіліп, оның халықаралық тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті. Ал 2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды. Бұл көрсетілген айтулы күндердің барлығы ел тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Дегенмен, кезінде Алматыдан Сарыарқаға бет түзеген бұл көштің ресми тұрғыда 10 желтоқсанда басталғанын ескере сөйлесек, бұл күннің Қазақ елі үшін маңызы зор екенін терең ұғына түсеміз.

Тарқата айтар болсақ, 1997 жылдың 9 желтоқсанында жаңа елорда – Ақ­мо­лаға еліміздің мемлекеттік рәміздері жет­кізілді, Елбасы Резиденциясында Көк туы­мыз желбіреді. Осы күні Алматы жұрт­шылығының, зиялы қауымның өкілдері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жаңа астанаға шығарып салу рәсімін жасады.

Ал осы жылдың 10 желтоқсанында аста­надағы Елбасы Резиденциясының Күмбезді залында республика Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісі болды. Оны кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бас­тап мемлекетіміздің астанасы болып ресми түрде жарияланатынын салтанатты жағ­дайда мәлімдеді.

Міне, осылайша елордамыз – Нұр-Сұл­тан қаласының мемлекетіміздің астанасы ре­тіндегі алғашқы ресми қадамы бастау алды.

Елдің жаңа орталығы ә дегеннен сая­си-экономикалық, рухани-мәдени ірі оқи­ғалардың, қайнаған тіршіліктің ордасына айналып шыға келді. Жаңа Астана ел орта­лығы болғанына бір жыл өтер-өтпес уақытта, яғни 1999 жылы ЮНЕСКО ұйғарымымен «Әлем қаласы» деген мәртебелі атақты еншіледі, ал 2000 жылы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне қабылданды. Осылайша, алғашқы қадамын сәтті бастаған елорда бүгінде еліміздің айбары, мерейі болып отыр. Еуразия құр­лығының ортасында орналасқан Нұр-Сұл­тан қаласы еліміздің тыныс-тіршілігін жаңа бағытқа бұрды.

Қазақстанның, ұлтымыздың брендіне айналған Нұр-Сұлтанның дамуы, мол табыстарға жетуі, қолайлы орта атануы, қа­на­тын кеңге жаюы, бұл – халқымыздың ақ ті­легінің орындалуын, Елбасы еңбегінің жан­ғанын білдіретіні сөзсіз.