Мемлекетіміздің астанасын Алматыдан Ақмола қаласына ресми түрде көшіру ісі 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асырылды. Ал Тұңғыш Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығы негізінде Ақмоланың атауы Астана болып өзгертіліп, оның халықаралық тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті. Ал 2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды. Бұл көрсетілген айтулы күндердің барлығы ел тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Дегенмен, кезінде Алматыдан Сарыарқаға бет түзеген бұл көштің ресми тұрғыда 10 желтоқсанда басталғанын ескере сөйлесек, бұл күннің Қазақ елі үшін маңызы зор екенін терең ұғына түсеміз.
Тарқата айтар болсақ, 1997 жылдың 9 желтоқсанында жаңа елорда – Ақмолаға еліміздің мемлекеттік рәміздері жеткізілді, Елбасы Резиденциясында Көк туымыз желбіреді. Осы күні Алматы жұртшылығының, зиялы қауымның өкілдері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жаңа астанаға шығарып салу рәсімін жасады.
Ал осы жылдың 10 желтоқсанында астанадағы Елбасы Резиденциясының Күмбезді залында республика Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісі болды. Оны кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап мемлекетіміздің астанасы болып ресми түрде жарияланатынын салтанатты жағдайда мәлімдеді.
Міне, осылайша елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласының мемлекетіміздің астанасы ретіндегі алғашқы ресми қадамы бастау алды.
Елдің жаңа орталығы ә дегеннен саяси-экономикалық, рухани-мәдени ірі оқиғалардың, қайнаған тіршіліктің ордасына айналып шыға келді. Жаңа Астана ел орталығы болғанына бір жыл өтер-өтпес уақытта, яғни 1999 жылы ЮНЕСКО ұйғарымымен «Әлем қаласы» деген мәртебелі атақты еншіледі, ал 2000 жылы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне қабылданды. Осылайша, алғашқы қадамын сәтті бастаған елорда бүгінде еліміздің айбары, мерейі болып отыр. Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің тыныс-тіршілігін жаңа бағытқа бұрды.
Қазақстанның, ұлтымыздың брендіне айналған Нұр-Сұлтанның дамуы, мол табыстарға жетуі, қолайлы орта атануы, қанатын кеңге жаюы, бұл – халқымыздың ақ тілегінің орындалуын, Елбасы еңбегінің жанғанын білдіретіні сөзсіз.