Қазақстанның ғана емес, әлемнің білім брендіне айналған «Болашақ» халықаралық стипендиясы сонау 1993 жылғы 5 қарашада Елбасының тарихи қаулысымен бастау алды. Тәуелсіздік табалдырығымыздан аттаған 90-жылдар еліміздің әлі де бұғанасы қата қоймаған кезі еді. Ел дамуындағы шешуші әрі қиын кезеңдердің бірінде жастарды әлемнің үздік университеттеріне жіберу үшін Елбасының стратегиялық шешімі керек болды. Экономика құлдырап, тіпті бюджет қызметкерлеріне жалақы тауып бере алмай отырған тұста ел дамуы үшін заманауи кадрлардың керектігін түсінген Н.Ә.Назарбаев шұғыл шешім қабылдады. Елбасының сол тағдырлы шешімі бүгінде өз жемісін беріп отыр. Елбасының ерекше идеясы еліміздегі адам капиталын дамытуға ықпал еткен ең сәтті жобалардың бірегейіне айналды.
Аталған мақаласында Н.Ә.Назарбаев «Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін», дейді.
Елбасы атап өткендей, әлемнің үздік оқу орындарында оқыған «Болашақ» түлектері қоғамның әр саласында: денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет, мәдениет, ғылым және техника, ауыл шаруашылығы, өндіріс, IT және инновациялар, бизнес стартап жобаларда – барлық жерде өлшеусіз үлестерін қосып жатыр.
Бағдарлама тиімділігіне жасалған зерттеуге сәйкес, тек бір жылдың ішінде 545 дәрігер түлегіміз 213 мың күрделілігі әртүрлі операция жасады, ал 842 педагог-оқытушы түлегіміз 145 мың мектеп оқушысы мен студентін оқытты. Профессор атағы бар 150 түлек мыңнан астам ғылыми мақаласын әлемнің алдыңғы қатардағы ғылыми басылымдарында жариялады. Өнер саласындағы санаулы түлек 5 мың концерт ұйымдастырды, сонымен қатар 100 мыңнан аса жоғары сыныптағы мектеп оқушысына тәлімгер болды. Бұл тек түлектердің бір шоғыры бір күнтізбелік жылда жасаған жұмыстар. Бүгінде 11 мыңнан астам түлектің тең жартысы шешім қабылдау деңгейіндегі басшылар, түлектердің 10 пайызы өз кәсібін ашып, басқарып отырғандар. Жалпы, Тәуелсіз Қазақстан дамуының қай саласын алсақ та, маңызды жобалардың жүзеге асырылуында «Болашақ» түлектері жаппай тартылған және тартыла береді.
Сондықтан буыны бекімеген елдің ең алғашқы қарлығаштары мен бүгінгі «болашақтықтар» мемлекет қамқорлығын шын сезінеді әрі өздері арқалаған аманатты абыроймен алып жүр деп сеніммен айта аламын.
Сөз соңында, «Болашақ» бағдарламасының түлегі әрі Халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі ретінде Елбасының өзі тікелей назар салып, қолдап отырған бағдарламаның одан әрі сапалық тұрғыдан жетілуіне, ізгі идеяның іркіліссіз жұмыс істеуіне үлес қосып келе жатқанымды мақтан тұтатынымды әрі «Болашақ» түлегі» деген мәртебе салмағы маған зіл жауапкершілік жүктейтінін айтқым келеді.
Ел болашағы үшін еңбек ете берейік!
Айнұр КӘРІБОЗОВА,
«Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Лондон экономика мектебі (LSE)