Білім • 10 Желтоқсан, 2021

«Болашақ» – Қазақстан бренді

895 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында өзінің төл жобасы «Болашақ» бағдарламасын атап өтті. Осыған орай «Болашақ» бағдарламасының түлегі әрі бағдарлама әкімшісі, Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті ретінде мәні зор мақалаға өз үнімді қосуды парыз санадым.

«Болашақ» – Қазақстан бренді

Қазақстанның ғана емес, әлем­нің білім брендіне ай­налған «Болашақ» халық­аралық стипендиясы сонау 1993 жылғы 5 қарашада Елбасы­ның тарихи қаулысымен бастау алды. Тәуелсіздік табал­дыры­ғымыздан аттаған 90-жылдар еліміздің әлі де бұғанасы қата қойма­ған кезі еді. Ел дамуындағы шешуші әрі қиын кезеңдердің бірінде жастарды әлемнің үздік университеттеріне жіберу үшін Елбасының стра­тегиялық шешімі керек болды. Экономика құлдырап, тіп­ті бюджет қызметкерлеріне жалақы тауып бере алмай отырған тұста ел дамуы үшін  заманауи кадрлардың керектігін түсінген Н.Ә.Назарбаев шұғыл шешім қабылдады. Елбасының сол тағдырлы шешімі бүгінде өз жемісін беріп отыр. Елбасының ерекше идеясы еліміз­дегі адам капиталын дамытуға ықпал еткен ең сәтті жобалардың бірегейіне айналды.

Аталған мақаласында Н.Ә.Назар­баев «Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағ­дар­ламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерін­де оқыттық. Ал қаражат жеткілік­сіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезі­ніп, елге қызмет етіп, біз­дің үмітімізді ақтайды деп сенемін», дейді.

Елбасы атап өткендей, әлемнің үздік оқу орындарында оқыған «Бола­шақ» түлектері қоғамның әр саласында: денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет, мәдениет, ғылым және техника, ауыл шаруашылығы, өндіріс, IT және инновациялар, бизнес стартап жобаларда – барлық жерде өлшеусіз үлестерін қосып жатыр.

Бағдарлама тиімділігіне жасал­ған зерттеуге сәйкес, тек бір жылдың ішінде 545 дәрігер түлегіміз 213 мың күрделілігі әртүрлі операция жасады, ал 842 педагог-оқытушы түлегіміз 145 мың мектеп оқушысы мен студентін оқытты. Профессор атағы бар 150 түлек мыңнан астам ғылыми мақаласын әлемнің алдыңғы қатардағы ғылыми басылымдарында жариялады. Өнер саласындағы санаулы түлек 5 мың концерт ұйымдастырды, сонымен қатар 100 мыңнан аса жоғары сыныптағы мектеп оқушысына тәлімгер болды. Бұл тек түлектердің бір шоғыры бір күнтізбелік жылда жасаған жұмыстар. Бүгінде 11 мыңнан астам түлектің тең жартысы шешім қабылдау деңгейіндегі басшылар, түлектердің 10 пайызы өз кәсібін ашып, басқарып отырғандар. Жалпы, Тәуелсіз Қазақстан дамуының қай саласын ал­сақ та, маңызды жобалардың жүзеге асырылуында «Болашақ» түлектері жаппай тартылған және тартыла береді.  

Сондықтан буыны бекіме­ген елдің ең алғашқы қарлы­ғаштары мен бүгінгі «бола­шақтықтар» мемлекет қамқор­лығын шын сезінеді әрі өздері арқа­лаған ама­натты абыроймен алып жүр деп сенім­мен айта аламын.

Сөз соңында, «Болашақ» бағдар­ла­ма­­сының түлегі әрі Халықаралық бағ­дарла­малар орта­лығының жетекшісі ретін­де Елбасының өзі тікелей назар салып, қолдап отырған бағдар­ламаның одан әрі сапа­лық тұрғыдан жетілуіне, ізгі идея­ның іркіліссіз жұмыс істеуіне үлес қосып келе жатқанымды мақтан тұтатынымды әрі «Бола­шақ» түлегі» деген мәртебе сал­мағы маған зіл жауап­­кер­­шілік жүктейтінін айтқым келеді.

Ел болашағы үшін еңбек ете берейік!

 

Айнұр КӘРІБОЗОВА,

«Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Лондон экономика мектебі (LSE)