Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2021

Маңғыстаудағы маңызды өзгерістер

765 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Маңғыстау облысы бірталай оң көрсеткішке қол жеткізді. Осы уақыттың ішінде өңірге 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Егер 1991 жылы өңір экономикасына 1,3 млн теңге инвестиция құйылса, оның көлемі бүгінде 582,3 млрд теңгеге дейін өсті.

Маңғыстаудағы маңызды өзгерістер

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Аймақтың қай саласында да оң өсім байқалады. Ең әуелі әлеу­меттік саладан бас­тасақ, Тәуел­сіздіктің 30 жы­лы ішінде өңірде мектепке дейінгі білім беру ме­ке­месінің саны 3 есе артқа­нын көруге болады. Облыстық әкім­­діктің ресми мәліметі бо­йынша, 1991 жылы өңірде 113 балабақша жұ­мыс істесе, 2021 жылға қарай олардың саны 331-ге жеткен. Мұнда 3-6 жас аралығындағы балалар 100 па­йыз балабақшамен қамтылған.

Ал орта білім беру сала­сын­дағы жетістіктерге тоқталсақ, Маңғыстау облысында орта білім беретін мектептер саны 30 жыл ішінде 2 есеге өсті. Айталық, 1991 жылы өңірде 86 мектеп болса, 2021 жылы 171-ге жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тағы да көбейеді. Себебі облысты дамыту жоспары аясында алдағы бес жылда жаңадан 35 білім бе­ру нысанын салу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 2 мемлекеттік, 5 жекеменшік мектеп ашылды.

Өңірдің мәдениет сала­сының да­м­уы жөнінде ақпа­рат берген әкім­дік ел еге­мен­­дігін алған жыл­дар­дан бері Маңғыстау об­лы­сын­да 34 мәдениет нысаны іске қо­сыл­ғанын айтады. Ауыл­дарда мә­дениет үйлері мен ­театр­лар ашылып, балаларды өнерге бау­луға мүм­кіндік туды.

Облыстың әлеуметтік-эко­­но­ми­калық даму көрсет­кіш­те­рінің қоры­тындысы тұрғын үй саласында да оң өзгерістер барын көрсетті. Айталық 30 жылдың ішінде өңірде 11 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілген. Әсі­ре­се тұрғын үй құрылысы облыс орталығында қарқынды жүр­гі­зіліп жатыр. Ақтауда соңғы бес жылда жаңа 11 шағын аудан­ бой көтерген. Биылғы 10 ай­дың қорытындысы бойынша 954 мың шаршы метр тұрғын үй тап­сы­рыл­ған.

Жұртшылыққа мәлім, ­Маң­­­­ғыс­тау облысы респуб­­ли­ка­лық туристенді­ру карта­сында үздік ондыққа кірді. Өңірде жа­ға­жай туризмі­мен қатар, дала туризмі де қарқынды дамып ке­ле­ді. Ақ­тау іргесінде тұтас ку­рорт­тық аймақ пайда болды. Жаңа демалыс кешендері салынды. Осыған орай облысқа келетін турис­тердің саны бір­неше есе артқан.

2007 жылы Президенттің Жар­лығымен Маңғыстауда жаңа – Мұнай­лы ауданы құ­рылғаны белгілі. Бұл – тәуел­сіз­дік алғаннан кейінгі еліміз­д­е құрылған алғашқы аудан болды. А­лғашқы кезде аудан халқы­ның саны 53 мың болса, қазір Мұ­най­лыда 174 мыңнан астам адам тұрады. Өңірде­гі ең ірі және халық тығыз ор­наласқан аудан­дардың бірі де қазір осы аудан.

Жалпы, басқа өңірлер се­кілді, Маң­­ғыстау облы­сы­ның тұрғын­да­ры да көбейе түскен. Тәуелсіздік алғалы бері Маңғыстау облысы тұрғын­дары­ның саны екі есеге өсіп, бүгінде 720 мың адамға жетті (1989 жылы 322 700 бол­ған). Облыс соңғы 4 жылда туу көр­сеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр. 

Азаттықтың отыз жылы ішін­­де Маңғыстау облысында 150-ден астам денсаулық сақтау нысаны іске қо­сылған. Ал жедел жәрдем автопаркі 100%-ға жа­ңар­д­ы. Жаңа­өзен қала­сын­да озық үлгідегі ­аурухана мен емханалар пай­далануға берілді.

Өңірдің көлік-инфра­құ­ры­лым деңгейіне тоқталсақ, Маң­ғыс­тау облысында 30 жыл­да 1 100 шақырым авто­мо­биль жолы салынып, үш темір жол іске қосылған. Маң­­ғыс­тау­­дың шекаралық облыс ре­тін­де транзиттік, кө­лік­тік-ло­гистикалық және инфра­құ­рылым­дық әлеуеті артқа­­нын да атап өтуге болады. Ай­талық үш мемлекетті жал­ғай­тын «Өзен – Берекет – Горган» халықаралық те­мір жол дәлізі ашылды. «Жез­қазған – Бей­неу» темір жолы салынды. «Атырау – Ақтау» автокөлік жолы жаңар­тыл­ды. Елімізді Түрік­менс­танмен байланыстыратын «Өзен – Түрікменстан» автожолы пайда бол­ды.

Өткен ғасырдың 90-жылдары об­лыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1 778 шақырымды құраса, тәуел­сіздік алған жылдан бастап тағы 1 мың шақырымнан астам жол салынды, тозығы жеткен 2 мыңға жуық жол жөндеуден өткізілді.

Маңғыстау облысы бұқара­лық спорт­пен шұғылдану көр­­сет­­к­іші бо­­йын­ша да елі­міз­де алда ке­леді. Ста­тис­ти­калық мәліметтерге сәй­­­кес, қазақ­стандықтардың 31 па­­­йы­­зы ғана бұқаралық спорт­пен айна­­­лысса, Маң­ғыстау об­лысында бұл көр­­сет­кіш – 36,4 пайыз. Мұндай көр­сет­кіш­­ке жетуге аула­дағы спорт алаң­да­ры мен елді мекендердегі спорт­тық нысандардың көп­теп салынуы мүм­­кіндік берді, дейді облыс әкі­мі­нің баспасөз қызметі. Биыл­дың өзін­де облыста бірне­ше спорт ке­шен­і ашылды. Соның екеуі – Түп­қа­раған ауданындағы Ақшұқыр ауылында.

Маңғыстау – мұнайлы өлке ғана емес, өнеркәсіп өндірісі жағы­нан да қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда еліміз бойынша өндірілген мұнай­дың 23%-ы, табиғи газдың 5,5%-ы, азот минералды тыңайт­қыш­тар өндірісінің 85%-ы, кокс пен битум өндірісінің 25%-ы, бор мен доломиттің 25%-ы, портландцементтің 8%-ы өнді­рі­леді. Бүгінде өңірде өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 6 млн тең­ге­ден 2,6 трлн теңгеге дейін ұл­ғайды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3 млн теңгеден 183 млрд теңгеге дейін өсті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау өнеркәсіптік өндіріс көлемі жағынан рес­публикада үшінші орынды иеленді.

Өңірде жұмыссыздықты жою, эко­номикалық белсенді азамат­тардың санын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту бағы­тында да көптеген жұмыс қолға алынған. Бүгінде облыста 55 мың кәсіпкерлік су­бъекті жұмыс істеп тұр. Онда 125 мың адам еңбек етеді. Осылайша, шағын және орта биз­нестен түскен түсім – өңір эконо­микасының 30%-ын құрайды. Осы 10 айда шағын және орта бизнес өкіл­дері 711 млрд теңгенің өнімін өн­дір­­ді. Сәйкесінше, «Бизнесті қол­дау», «Еңбек», «Қарапайым заттар эко­номикасы» сынды бағдар­ла­малар­дың аясында шағын және орта биз­нестің 2 146 нысаны 77 млрд теңге көле­мінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде ­1 877 адам жұ­мыс­пен қамтыл­ды, дейді әкім­дік өкілдері.