Былтырғы маусымнан бастап ҚКФЛ шешімімен маусымның үздік ойыншысына әйгілі қазақстандық футболшы, КСРО спорт шебері, еңбек сіңірген бапкер Тимур Сегізбаев атындағы сыйлық беріліп келеді. Биылғы жүлде «Астана» көшбасшысы Марин Томасовқа бұйырды. Сұрауға қатысқандардың басым көпшілігі (120 дауыс) Томасовты үздік деп таныды. Хорватиялық легионер осы маусымда «Астана» сапында 33 ойын өткізіп, 24 мәрте қарсыластары қақпасынан саңылау тапқан. 14 рет әріптестеріне нәтижелі пас берген.
Екінші орынға «Қайрат» командасының шабуылшысы Вагнер Лав (71 ұпай) орналасса, үздік үштікті ел чемпионы атанған «Тобылдың» қақпашысы Александр Мокин (59 ұпай) қорытындылады. Айта кетейік, бұған дейін Марин Томасов чемпионаттың үздік сұрмергеніне тапсырылатын Е.Пехлеваниди атындағы сыйлықты да жеңіп алған еді.