Кино • 10 Желтоқсан, 2021

Өзбек киносы – елордада

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өзбек киносы күндерінің салтанатты ашылуы өтті. Өз­бекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мем­лекеттік сапары барысында ұйымдастырылған мәдени іс-шараға Өзбекстанның белгілі кинорежиссерлері мен актерлері қатысты.

Өзбек киносы – елордада

Өзбекстанның кинематографис­тер делегациясын «Өзбеккино» ұлт­тық агенттігінің бас директоры Фир­давс Абдухаликов бастап келді. Ал­қалы жиынға Қазақстан тарапынан Мәдениет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрлігі Мəдениет коми­тетінің төрағасы Ақан Әбдуалиев, «Қазақфильм» киностудиясының пре­зиденті Ақан Сатаев, сондай-ақ елі­міз­дің кино өнерінің көрнекті қай­раткерлері қатысты.

Жиында сөз алған Ақтоты Райым­құлова көпшілікті Өзбек киносы күн­дерінің ашылуымен құттықтады.

«Қазақ пен өзбек халықтарының мәдени байланысының тамыры тереңде жатыр. Біздің өткен шағымыз ортақ, рухани мұрамыз да орасан. Тіліміз, дініміз, діліміз бір. Осы өткізіліп отыр­ған шара – осының бір айғағы. Өзбек мәдениеті мен өнері, әсіресе, кино өнері қазақстандықтар арасында кеңінен танымал. Өзбек телесериалдары біздің көрермен үшін етене таныс. Үш күн бойы, яғни, желтоқсанның алтысы мен сегізі аралығында біз үшін Өзбекстан киносының заманауи туындыларымен танысу мүмкіндігі туып отыр. Өзбек фильмдері кинотеатрларда ғана емес, республикалық телеарналарда да көрсетілетін болады», деді министр.

Сонымен қатар «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов алдағы уақытта бауырлас екі ел арасында, ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

«Іс-шара Өзбекстан Президентінің Қазақстанға келуіне орай өткізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Өзбекстан кине­матографияcы қазақстандық кино саласына ортақ жобалар жайлы ұсыныс жасай алатындай дәрежеде екенін мақ­танышпен айтамыз. Өзбекстан тарапынан бауырлас екі елдің достығын бейнелейтін «Мирос» және «Абай» атты екі фильмді ұсынып отырмыз. Жас мамандарымыз да тәжірибе ал­ма­суға дайын. Бүгін «Шабыт» ұлттық өнер академиясында қонақта болдық. Аталған оқу орнында болашақ маман­дарға барлық жағдай жасалғанын көрдік», деді Фирдавс Абдухаликов.

1