ҚЫМБА ӘЖЕ
Осы тақырыпта қолыма қалам алғаным сол еді, 36 жасында жесір қалып, 5 ұл, 1 қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай 93 жасында өмірден өткен Қымба әжемнің келбеті көз алдымда сағымданып сала берді. Әжем туралы ойласам, өмірден жапа шегіп, сұрапыл соғыс жылдары тұрмыс тауқыметін тартса да бір Аллаға сыйынып, бар қажыр-қайратын аналық ақ сүтінен нәр алған ұл-қыздарының келешегіне жұмсап өмірден өткен алып ананың нұрлы бейнесі елестейді.
1994 жыл болатын. Ол кезде 88-дің сеңгіріне шықса да соқпақты да тоқпақты өмір өткелдерін басынан өткерген Қымба әжемнің күш-қайратына біздің әулет қана емес, ел-жұрт қайран қалатын. Әлі есімде. Қосаман елді мекені Арал қаласынан шалғай, яғни 120 шақырым қашықтықта қоныс тепкен малшы ауылы болатын. Бір күні “К-700” алып тракторына отырған әжем біздің үйге келмесі бар ма. 93 жыл бойы бейнетті белшеден кешіп жүріп, балалары мен немерелері, шөберелерін қамқор құшағына алумен өмірден өткен әжемнің бұл келісіне қалайша қайран қалмассың. Жапырлай жүгіре алдынан шыққан бізді ыстық құшағына орап, шөпілдете сүйіп жатыр.
– Айналайындар, жаңа үйге қоныс теуіпсіңдер. Құт-береке әкелсін. Мен сендерге көрпе-төсек көктеп берейін деп түйе жүнін ала келдім.
Айтса айтқандай, ине-жібін өзі сабақтап, әжемнің көктеп берген көрпесі бізді күні бүгінге дейін тоңдырмай, рахат сезіміне орап, шапағат нұрын шашумен келеді.
... Сәл-пәл шегініс жасалық. Қымба әжем 1922 жылы 18 жасында атамыз Сұлтангереймен бас қосып, қабырғалы да киелі шаңырақ көтереді. Заманында төрт түлік мал өсіріп, қолдарынан қамшы мен кетпен түспей, елім деп емірене жүріп еңбек етеді. Сол кезде әжеміз бен атамыздың 1932 жылғы ашаршылықтан босып келген шеттегі қандастарымыздың маңдайларынан сипап, барымен бөлісіп жеп, қамқор құшақтарына қыса ұстағандарын ел-жұрт жыр етіп айтумен жүр.
Қымба әжемнің көзі тірісінде айтқан, менің жүрегіме жазылып қалған мына бір сөзі құлақ түбінде бүгінгі күнге дейін күмбір қағумен тұр.
– Айналайындар-ай, біздің жастық шағымыз зұлмат жылдармен тұспа-тұс келді ғой. Ашаршылықтан енді-енді арылдық-ау дегенде сұрапыл соғыс басталды. Бұл зобалаң басталғанда тұла бойы тұңғышым Аққалиым – 16 жаста, Қара балам – 13 жаста, Әбжәмиім – 11 жаста, Мырзабайым – 8 жаста, жалғыз аққуым – Асылзатым 1 жаста, ал кенже балам Мұздыбайымды әкесін соғысқа аттандырған жылы, яғни 1942 жылы өмірге әкелдім. Құй сенерсіңдер, құй сенбессіңдер, құдай қосқан қосағым – Сұлтангерей аталарыңды 1942 жылы қақаған қыс айында жан-жүрегім езіле қан майданға қимастықпен шығарып салдым. Сонда Мұздыбайымды тымаққа орап, шелекке салып алғанмын. Үлкен ұлым – Аққалиымды да 1943 жылы қан майданға жібергенмін.
Сұрапыл соғыс жылдары Қымба әжем: “Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады”, деген атам қазақтың ұлағатты сөзін мұрат тұтып, үйелмелі-сүйелмелі балаларын аяқтарынан тік тұрғызу үшін күн күлкісіз, түн ұйқысыз ғұмыр кешеді. Шөп шабады. Қолына қамшы алып, атқа мініп, мал бағады. Иінағашпен су тасып, ауыл ақсақалдарына иіле сәлем етуден жаза баспайды. Көрген азабы мен қуанышын бір Алланың ісі деп қабылдап, бәріне шүкіршілік етумен соқпақты да тоқпақты өмір жолымен жүре береді, жүре береді. Құдай қосқан қосағын сағына күтеді, сарғая күтеді. “Заман-ай!” дейміз, демеске лаж жоқ. 1943 жылы Қымба әжеме Сұлтангерейдің мәңгілік сапарға мезгілсіз кеткені жайлы “қаралы қағаз” келеді. Жан-жүректен қан құсып, қаншама қиындық көрсе де жасымаған жесір әжем ақырын Алладан күтіп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырады. Үлкені Аққали 1945 жылы елге оралып, ұлағатты ұстаздық жолына түссе, Қарасы сауда саласында қызмет етеді. Әбжәмиі басшылық қызметтерде сатылай өрлеп, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Мырзабайы темір жолда ересен еңбек етсе, кенже баласы –Мұздыбайы дәрігер-хирург болып, өмір мен өлім арпалысына түседі. Ал, анасының аққуы – Асылзат апамыз ұлағатты ұстаздық жолымен жаза баспай жүріп, “Халық ағарту ісінің озық қызметкері” атағын алады. Бір сөзбен айтқанда, олар Ұлы Отан соғысынан оралмаған әкелерінің аманаты мен аялы алақанымен мәпелей өсірген аналарының ақ сүтін ақтап, елі үшін есепсіз қызмет еткен тумысы бөлек тұлғалар болды.
Жастайынан жесір қалса да ұл-қыздарына жетімдікті сездірмеген Қымба әжем немерелерін шөпілдете сүйіп жүргенде тағы да өмірдің тоқпағына түседі. Алдымен Әбжәми 48 жасында, араға 4 жыл салып, Мырзабай да 48 жасында, одан соң араға бары-жоғы 2 жыл салып Қарасы, келіні Зәру апа 52 жасында мәңгілік сапарға мезгілсіз кете барады. Жан-жүрегін езгіліп, қабырғасын қайыстырған осы бір қайғыларға қасқая қарсы тұрған Қымба әжемнің қайсарлығына қалайша қайран қалмассың. Зарлай жылап, еңкілдей етпеттеген келіндеріне әжемнің айтқан мына бір тоқтам сөздері әлі есімде.
– Тоқтаңдар, жыламаңдар. Өмір деген осы. Өлім біреуге ерте, біреуге кеш. Әбжәмиім, Қарам, Мырзабайым сендердің емес, менің бауыр етім – балаларым. Көз жастарыңды балаларыңа көрсетпеңдер. Мен де жесір қалғанмын. Жесірмін деп балаларыңды жетім етпеңдер. Бекем болыңдар, айтарым осы, – дегені бүгінгі ұрпаққа ұлағат болар деген ниеттемін.
Сонымен 36 жасында жесір қалып, өмірге әкелген 5 ұл, 1 қызынан ондаған немере-шөбере сүйіп, қызығын көрген әжеміз 93 жасында өмірден өтті. Десе де сүйген жарын көз жұмғанша күтумен үміт отын сөндірмей өмірден өткен ару әжемізге төселіп төсек, жазылып жастық болып біз келеміз. Қайран менің осындай әжелерім қайда екен?
РАЙХАН
Осы мақаламды жазу барысында соғыс және еңбек ардагері Бекен Мұсаев ағамызға “жесір қалған ана, жетім қалған бала жайлы не айтасыз?” деген сауал тастағаным бар. Сонда Бекең айтқан мына бір деректі назарларыңызға салайын.
– Сұрапыл соғыс кезінде ауыл тұрғындары үшін аса ауыр қасіреттің бірі – майданнан келетін “қара қағаз” еді. Майданда жүрген бауыр еті балаларынан, сүйікті жарларынан келетін суық хабарлар бүкіл ауылды күңірентіп қоя беретін. Шиелі жақтан сұр есегімен хат-хабар таситын Әбілқайыр келе жатқанда жұрт үрейленіп, “қандай хабар әкеле жатыр екен” деп қобалжи күтіп алатын. Сол бір қаралы күндердің куәсі болғанымыз күні бүгінге дейін сай-сүйегімізді сырқыратады. Жесір аналар қанды соғыс бітсе де өмірлері өксіп, ондаған жылдар бойы асыл жарларын асыға күтумен өмірлерін өткізді. Өзім куәгер болған мына бір жағдай күні бүгінге дейін көз алдымда көлбеңдеп тұр.
Кезіндегі “Еңбекші” колхозында Құрбанов Сәду есімді туыс ағам 20 жасында Кәрібаева Райхан атты 18 жасар уыздай сымбатты қызбен тұрмыс құрды. Екеуі де мектепте мұғалім болып қызмет атқаратын. Шаңырақ көтергендеріне бары-жоғы 5-6 ай болғанда, яғни 1939 жылы Сәду ағамыз Фин соғысына шақырылып, содан хабарсыз кетеді. Қаралы “қара қағаз” де келмейді. 18 жасында жесір қалған Райхан жеңешем 1976 жылға дейін күн-түн көз ілмей күйеуін күтумен өмірден өтті. Заманында сұлу да сымбатты, он екіде бір гүлі ашылмаған Райхан жеңешеме талайлар талпыныс жасап-ақ бақты. Бірақ адал жар ала жіпті аттамай бары-жоғы 56 жасында ұрпақсыз дүниеден өтті. Мезгілсіз гүл солды. Мұндай қайғылы ғұмыр көптеген отбасында болғаны бар. Ендігі жерде балаларымызға, немере-шөберелеріміздің басына осындай қаралы күндер келмесе екен деп тілейміз. Өйткені өзім де 7 жасымда әкемнен айырылып, жесір атанған анамның аялы алақанының тәрбиесімен өсіп, өндім.
Бекен ағамыз айтса айтқандай, сұрапыл соғысқа жан жарлары мен асқар таудай әкелерін көз жастарын көлдей етіп шығарып салған арулардың басына не келіп, не кетпеді десеңізші. Олар да жеңісті жақындату үшін маңдайларынан маржан терлерін сыпыра төгіп, ерлікке тән еңбек етті. Жан жарларын сағына, сарғая күтті. Әрбір таңды күдікпен емес, “жан жарым келе жатқан болар” деген үкілі үмітпен қарсы алушы еді. Отан соғысынан оралмағандардың жесірлері екінші мәрте тұрмыс құрмай өмірден өксікпен өткені кімнің болса да жан-жүрегін жылатады-ау, жылатады.
ТАЛШЫН, ҮРЖАМАЛ, БИБІХАТША АНАЛАР
Ел халықтың амандығы мен тәуелсіз Отанымыздың тыныштығын тілеп отырған Сыр аймағындағы 20-дан астам жесір аналарға ұлы Жеңістің 65 жылдық торқалы тойын көруді де тәңір жазыпты. Сонымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлері, Сыр өңірінің ару аналарына сөз берелік.
Арал ауданы, Тоқабай елді мекенінен Талшын Өтеуова: – Мен 1922 жылы Арал ауданына қарасты Ақирек ауылдық кеңесінде дүниеге келдім. Он тоғыз жасымда, яғни 1941 жылы Өтеуов Тілеумағанбетке тұрмысқа шығып, құдай қосқан қосағымды қанды майданға шығарып салдым. Күйеуім кеткеннен кейін 3 айдан соң жалғыз ұлымды дүниеге әкелдім. 1943 жылы ерінің мәңгілік сапарға кеткені жайлы “қара қағаз” келді. Бұл кезде мен 20 жаста едім, – деген Талшын әжеміздің көз жасы беттегі әжімдерін қуалай сорғалап бара жатты.
– Солай, балам. Бейнетті белшеден кешумен жастық шағымызды өткіздік. Жалғыз баламды қоржынға салып алып колхозда күн-түн көз ілмей тырбанып еңбек еттік. “Қара қағазды” жастығымның астына тықпалап тастап, күйеуімді бүгінгі күнге дейін күтумен келемін. Заманында небір жайсаң жігіттер қолқа да салған, бірақ жалғыз ұлымды жетілдіруден басқа ойым болған емес.
Алла сәтін салып Жеңіс күнін қарсы алдық. Содан 1953 жылдан бастап “Қарақұм” совхозында сауыншы болдым. Еңбегім де елеусіз қалған жоқ.
Талшын әжеміз айтқандай, оның ел үшін еткен еңбегі өлшеусіз. Ересен еңбегі еленіп, ауылдық, аудандық кеңестің депутаттығына бірнеше мәрте сайланады. Сол тәрізді аудандық, облыстық деңгейдегі мақтау, марапаттау наградалары да шаш етектен екен.
– Шүкір ғой, – дейді әңгіме соңында әже. – Жалғыз ұлымнан жеті немере, жиырмадан астам шөбере сүйіп отырмын. Ал, жасым болса 88-ге келді. Айтарым, Елбасымыз, ел-халқым аман болсын. Біздің басымызға берген зұлмат жылдарды бүгінгі ұрпақ басына бермесін.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, бүгінде жасы 104-ке келген Шиелі ауданындағы Назарова Нұркүл әжеміз де жары Назаров Қаппардан 1942 жылы көз жазып қалып, өмірге әкелген бір ұлынан 9 немере, 21 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Сондай-ақ Жаңақорған ауданындағы Әбиева Толқын әжеміз де күйеуі Әбиден 1944 жылы “қара қағаз” алса, бүгінде жан жарынан қалған аманат – жалғыз ұлының 3 немере, 1 шөбересінің қызығын көріп, рахат сезіміне бөленіп отыр.
Қызылорда қаласынан Үржамал Әбілдаева: – Мен 1912 жылы Сырдария ауданы, Амангелді атындағы колхозда дүниеге келіппін. Бүгінде жасым 98-де. Шүкір, күйеуім Бөріден бір балалы болып қалып, қазір сол бауыр-етімнің қамқор құшағына бөленіп отырмын. Жастайымнан жесір қалсам да бір балама жетімдіктің зардабын тарттырғаным жоқ. Қазір 7 немере, 15 шөбереме аналық ақ батамды берумен отырмын.
Үржамал әжеміздің жолдасы Бөрі Әбілдаев 1941 жылы Отан қорғауға өз еркімен аттанады. Содан хабарсыз кеткен. Қарт ананың айтуынша, Б.Әбілдаевтың мәйіті Ленинград қаласы, Псков деген жерде майдандастар қорымына жерленгендігі жайлы “қара қағаз” келеді.
1940 жылы 28 жасында өмірге әкелген бір баласын құндақтаған күйі қайта тұрмыс құрмастан Отан үшін ауыл шаруашылығының сан алуан салаларында еңсере еңбек етеді. Соғыс пен тұрмыстың бар ауыртпалығын отбасында бір өзі арқалаған ана зейнеткерлікке шыққанға дейін жалғыз баласын жетектеп, қой бағады.
Өз сөзінің соңында Үржамал әжеміз: – Айналайындар, аман болыңдар! Еліміздің еңсесін тіктеп келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан балама аналық ақ алғысымды жаудырамын. Кешегі қаралы күндерді енді қайтып сендердің бастарыңа бермесін, – деп ақ батасын берді.
Қызылорда қаласының тұрғыны Нышанова Бибіхатша: – Балам-ай, кешегі бір қаралы күндер бастарыңа қайтып келмесін. Біздер не көрмедік дейсіңдер. Күйеуім Қалиды 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттандырып салғанымда Сәруар ұлым үш айлық болатын. Баламды беліме байлап алып, көлдерді кешіп жүріп балық ауладым. Кезінде Кеңес әскерлеріне тонналап балық жөнелтуші едік.
Бибіхатша әжеміз бүгінде 90 жасқа келген. Ол майданнан оралмаған отағасының орнын жоғалтпай жалғыз ұлы Сәруардың, 8 немере мен 28 шөбересінің қызығын көріп отыр.
Сондай-ақ 1940 жылы Фин соғысынан ерлікпен елге оралған Қаналы Жәркенов Мараш Мүсілімовамен бас қосып, отау құрады. 1941 жылы Қаналы өз еркімен Отан қорғау мақсатында соғысқа аттанады.
– Күйеуімнен екі-ақ рет хат келді, содан кейін хабарсыз кетті. Қолымда қалған жалғыз балам Дастанды қатарынан қалдырмай ер жеткіздім. Бүгінде сол ұлымның бес немересі мен алты шөбересінің рахат сезіміне бөленіп отырған жайым бар, – деген Мараш әжеміздің де аналық батасын алдық.
* * *
Иә, бейнетті белшеден кешіп, “елім” деп еңіреп жүріп еңбек еткен ару аналарды қалай құрметтесек те лайық. Жесір аналардың балаға деген, Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі – бүгінгі және келер ұрпақты ерлік пен патриотизм рухына тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі. Еліміздің келешегі үшін саналы ғұмырын сарп етумен келе жатқан ару аналарымызды барынша ұлықтауды ұмытпайық, ағайын.
Сөз соңында: “аман болшы, ару аналарым” деген жүрекжарды лебізімді жеткізгім келеді.
Еркін ӘБІЛ.
ҚЫЗЫЛОРДА.