Тәуелсіздік • 12 Желтоқсан, 2021

Тұрақтылық пен өрлеудің 30 жылы

480 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

 

Елордадағы Назарбаев орталы­ғында «Көш­бас­шылық. Тұрақты­лық. Өрлеу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ха­лықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуының табысты тәжірибесі, Елбасының мемлекет тәуелсіздігінің қалыптасуындағы тарихи рөлі талқыланды.

Тұрақтылық пен өрлеудің 30 жылы

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғын мерекелеуге арнал­ған бағдарла­мадағы негізгі іс-ша­ралардың бірі са­налған бұл конференцияға танымал халық­аралық саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мем­лекеттік органдардың басшылары, Елбасымен қыз­меттес болған саясаткерлер қа­тысты.

Конференция аясында өткен «Тәуел­сіздіктің бағдары мен белестері» пленарлық отыры­сында Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығматулин құттықтау сөз сөйледі. Палата Спикері Елба­сы­ның 30 жыл ішінде экономика­сы мықты, қоғамы тұрақты, хал­қы тату, мәртебесі биік, тәуелсіз Қа­зақ­станның іргетасын қала­ғанын, бүгінде оны одан әрі ны­ғайту ісін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та­бысты жүзеге асырып жат­қанын атап өтті. «Тәуелсіздік көп ел­дер үшін асқақ арман. Біздің бабалары­мыз ғасырлар бойы аңсаған осы арманының орындалғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы 30 жыл­дың әрбір белесі біз үшін қайта­ланбас тарих. Ал тарихты әр­қашан да ұлы тұлғалар жасай­тыны белгілі. Тек ұлы тұлға­лар ғана жаңа мем­лекетті қа­лыптастырып, оның өркениетін қамта­масыз ететін үлкен қадамдар жа­сайды.

Мұндай тұлғалар уақыт өткен са­йын биіктеп, тек бір ұлттың ғана емес, бүкіл әлемнің дана, көреген саясаткеріне айналады. Дәл осындай ұлы тұлға ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Бүгінде қазақстандықтар егемен елі­міз­дің кең байтақ даласы ғана емес, соны­мен бірге Нұрсұлтан Әбішұлындай теңдессіз данасы бар екенін мақтанышпен айтады. Қазірде Елбасы және Тәуелсіздік деген сөздер қатар айтылып, бір ұғымға айналды.

Баршаңыз жақсы білесіздер, Тәуелсіз­діктің алғашқы жылдары бәрімізге оңай болған жоқ. 70 жыл бойы билік жүргізген Кеңес Одағы тарағаннан кейін біздің халқымыздың жағдайы өте ауыр болды. Сол кезде барлық өндіріс және зауыт, фабрикалар тоқтап, колхоз, совхоздар тарап, мыңдаған азамат жұмыссыз қалды», деді Н.Нығматулин. Палата Спикері бірнеше ай бойы еңбекақы, стипендия және басқа да төлемдер берілмеген кездер болғанын еске алды. Осы кезеңге көз жүгірткен Мә­жіліс Төр­ағасы экономикалық дағда­рыс ор­на­ға­нын атап өтті. Осындай ауыр кезеңде тәуе­­кел етіп, ел тағдырын қолына алған Ел­ба­сы елінің сенімін ерлік­пен, абыроймен ақ­та­ғанын жеткізді.  «Қазақ­станның 30 жыл­­дық даму жолында халқы­мыздың ру­хы көтерілді. Еліміздің еңсесі биіктеді. Да­ла­­мыз да, қаламыз да, өмір сапасы да за­ман талабына сай жаңғы­рып, жаңа өмір­ге қадам бастық. Жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық. Тарих­пен ал­ған­да аз ғана уақыт 30 жыл ішінде да­мы­­ған елдердің қатарына
кірдік. 

Бұл туралы Тұңғыш Президенті­міз «Тәуелсіздік тағ­ылымы» мақала­сын­да айтқандай, біз ерек­ше­ліктері­міз бен мүмкіндіктерімізді ескеріп, «Қазақстан-2030» стратегиясын мерзі­мінен бұрын орындап, одан кейін «Қазақ­стан-2050» бағдарламасын жаса­дық. Осы стра­тегиялық іс-жоспарлары­мыз біз­дің елі­мізді үлкен нәтижелерге жеткізді. Оны әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар мойындап отыр», деді Мәжіліс Төрағасы.

Н.Нығматулиннің айтуынша, бүгінде Тәуел­сіз Қазақстан – өзінің мыңда­ған ша­қы­рым шекарасын бекіткен, дүние жүзіне тараған қандастарын бір шаңы­рақтың астына жинаған, көп ұлт өкіл­дерін ортақ Отанға біріктірген, бүкіл әлемге қажетті халықаралық мәсе­лелерге бастамашы болған танымал, бедел­ді мемлекет. Оған Еуропалық қауіп­сіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық еткені, Орталық Азия ел­дерінің ішінде алғашқы болып БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болғаны дәлел. «Бүкіл әлемге әйгілі ЭКСПО көрмесін ұйымдастырдық. Бұл көрме Елбасының ерен ерлігімен, парасатты шешімімен, жасампаз идеясымен дүниеге келген астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қазір елордамыз дүние жүзі ел­дері­нің арасында дінара­лық және ұлт­ара­лық татулық ұғымының саяси диалог ала­ңына айналды», деді Нұрлан Нығматулин.

Палата Спикері қазіргі таңда

Нұр-Сұлтан қаласы Тәуелсіздігіміздің мәң­гілік ір­гетасы, Шығыс пен Батыс­ты бай­­­ла­ныс­ты­ратын Еуразия өрке­ниеті­нің Алтын Ордасы екеніне, Елбасы­­ның тағы бір тарихи шешімінің арқа­­сын­да ашылған жаңа Түркістан облы­сы – Еуропа мен Азияны қосатын бүкіл Түркі әлемінің рухани орталығы деп атан­ғанына назар аударды. «Біз тіліміз­ді, дінімізді, тарихымызды сақтай отырып, ұлы мақсатты алға қойған және соған жеткен, өзінің қазақстандық жолы қалыптасқан берекелі елміз. Бұл жолды әрбір азамат «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп мақтайды және құрметтейді. Себебі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 30 жылдың ішінде экономикасы мықты, қоғамы тұрақты, халқы тату, мәр­тебесі биік, тәуелсіз Қазақстанның ір­ге­тасын қалады. Бұл іргетасты одан әрі нығайту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар­ды қолға алып, нақты стратегиялық міндеттер қойды. Бір ел болып, бір халық болып осы алға қойған мақсаттарымызға абыроймен жетеміз деп сенеміз. Қазірдің өзінде Пре­зи­дентіміз ең алдымен, әлеу­меттік қол­дау­ларға және дағдарысқа қарсы шараларға ерек­ше назар аударып, еліміздегі басқа да барлық сала бойынша нақты қадам­дар жасауда. Осының бәрі абыройы асқақ, беделі зор мемлекетімізді одан әрі көр­кейтіп, жарқын болашаққа, кемел келешекке жеткізетіні сөзсіз», деді Н.Нығматулин.

Бұдан кейін Ресей Федерациясы Феде­ралдық Жиналысы Мемлекеттік Дума­сы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков сөз сөйлеп, Н.Назар­баев­тың Ресей Федерациясымен көпжақты достық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы рөлі мен маңыз­дылығына егжей-тегжейлі тоқталды. «30 жыл – салмақты белес. Жүріп өткен жолды қайта бір салмақтап, қорытынды шығаратын кезең. Ресей Федерациясы Қазақстан аумағында жаңа мемлекеттің қалай құрылып жатқанын бақылап отырды. Халықтың бірлігі мен ұйымшылдығының арқасында, ел басшылығының даналы­ғы мен көрегендегінің арқасында тари­хи өлшемдегі қысқа мерзім ішін­де Қазақстан егемендігі мен тәуелсіз­дігін алып, әлеумет­тік-саяси тұрақты­лық­қа қол жеткізе алды. Экономикасын тұрақ­тандырып қана қоймай, халық­аралық қоғамдастықтың беделді, құрметті мүшесіне айналды. Біз қазақстандық достарымыздың жетіс­тіктерін қуаныш­пен қабылдаймыз. Қазақ­станмен одақ­тас қатынасымызды нығайту және дамыту, стратегиялық әріптестік пен инте­грациялық байланысты тереңдету бағытын берік ұстанамыз. Нұр-Сұлтан­ның да осы бағытпен жылжып келе жат­қанын көріп отырмыз», деді А.Жуков.

Сонымен қатар Ресейден келген мейман қазақстандық тараптың жетістік­терін құптай­тынын атап өтті. «Сексенін­ші жыл­дар­дың соңында, тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы КСРО құрамындағы елдердің бәрінің экономикасы тығырыққа тіреліп, байланыс­тар түгел күйреген еді. Назарбаевтың бейбітшілікті ту еткен және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар бастамасы Қазақстанға халық­ара­лық аренада жоғары бедел әкелді. Бү­гінде толық сеніммен айтуға болады, Қазақ­станның мемлекеттілігі орнықты. Біз Қазақстан басшылығы көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатынын көріп отырмыз. Бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған саясатының арқасында әлемдік қоғамдастықтың толыққанды, бастамашыл мүшесіне айналды», деді А.Жуков.

Бұдан кейін БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун бейнебайланыс арқылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтады. «Қазақстан мен Орталық Азия аймағы­ның досы ретін­де Қазақстанның соңғы 30 жылда қан­ша­лықты алға басқаны жөнінде ой жүгір­ту мен үшін көңіл сүйсінтерлік жайт. Бар­шаңызға белгілі, өз елімнің отаршылдықтан соғысқа, ал демократия үшін күрестен эко­номикалық өсу мен тұрақтылыққа қа­лай жеткенінің куәсімін. Кедейшілікті, соғыс­ты, өсу мен орнықтылықты өз көзіммен көрген мен үшін Қазақстанның табысты өсуге, тұрақтылыққа және аймақтағы көш­басшы болуға апаратын өз жолы мен траекториясының куәсі болу зор мақтаныш», деді Пан Ги Мун.

Сондай-ақ БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанның дамуына Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың сіңір­ген еңбегі мол екенін атап өтті. «Қазақ­стан басшылығы «Қырғи-қабақ соғыстың» бұрынғы ошағын үміт­тің, халықаралық ынтымақтастық пен ядролық қарудан азат аумақтың символына айналдырды. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел­дер­дің бірі Корея мен Қазақстан ара­сындағы тығыз екіжақты қарым-қат­ынастар туралы әрқашан ерекше ықы­ласпен ойлаймын. Қазақстанның ай­мақтық көшбасшы ретінде өркендеуі жал­ғасып отырғандықтан, аймақтық тұ­рақ­тылықты сақтауға, Кореямен қарым-қаты­насын нығайтуға және 2030 жыл­ға дейінгі орнықты дамуға бағытталған бар­­лық игі ұмтылыстарында Қазақтан­ның та­быс­қа жетуіне тілектеспін. Қазақ­стан халқы­на зор денсаулық пен табыс тілеймін. Ал­дағы 30 жыл ішінде және одан кейінгі кезең­де өркендей беріңіз­дер», деді Пан Ги Мун.

Жиында сөз сөйлеген Конститу­циялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми Тәуелсіз Қазақ­станның мемлекеттілігінің қалып­тасуы жағдайындағы құқықтық жүйенің дамуының негізгі кезеңдері туралы айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстанның құқықтық жүйесі қалыптасуының бас­тапқы кезеңінде іс жүзінде құқықтық вакуум жағдайын­да болған. Шындық­тың жаңа тарихы өзінің ұлттық құқығын қалып­тастыру қажеттілігі туралы мә­селені барынша өткір қойды. Реформалар халықара­лық құқық нормаларын ескере отырып, Қазақстанда ұлттық құқық­тық жүйенің негізін қалау­ға көмектесті. Сондай-ақ Қ.Мәми Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына, атап айт­қанда, саяси реформаларға тоқталды.

Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл халықаралық ғылыми-практикалық кон­фе­ренцияға қатысушыларға жол­даған бейне сәлемінде 30 жылда Қазақ­стан Азия­дағы жарқыраған жұлдыз секілді экономикалық тұрақтылық пен қауіп­сіздіктің орталығына айналға­нын атап өтті. «Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті, менің қымбатты досым, бауырым Нұр­сұлтан Назарбаевты тәуел­сіздік мерей­тойымен құттықтай­мын. Оған денсаулық, амандық тілеймін. Оның қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне сіңірген еңбе­гі үшін алғысымды білдіргім келе­ді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей­тойы кезінде оның қызметі жал­пыға бір­дей мойындауға лайық. Қазақ­стан Азия­дағы жарқыраған жұлдыз секіл­ді эко­номикалық тұрақтылық пен қауіп­сіздіктің орталығына айналды. Сон­дай-ақ халықаралық қауымдастық орта­­сында сіздер қауіпсіз ел ретінде таныл­­ды­ңыз­дар. Осы жетістіктердің көш­бас­шы­сына, Нұрсұлтан Назарбаевқа денсау­лық пен амандық тілеймін. Осы мүмкін­дікті пай­далана отырып, құрметі Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ хал­қына табыс тілеймін», деді саясаткер.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әсерлі жетіс­тіктерін баяндап берді. «10 жел­тоқсан Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның тікелей халық сайлауы арқылы билікке келіп, ант берген күнімен сәйкес келіп отыр. Сонымен қатар 10 желтоқсан бүгінгі Қазақ КСР-нің Қазақстан Республикасы болып өзгерген күнімен сәйкес келіп тұр», деді Ералы Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары Қазақ­­станның бүгінде экономикасы мы­ғым, болашағы жарқын елге айналғаны­на екпін берді. «30 жыл бұрын Қазақстан әлеу­меттік-экономикалық тұрғыда әлсіреген мемлекет еді. Өмір сапасы бойынша біз бұрынғы одақтас елдердің арасында 13 орында тұрдық. КСРО құлағаннан кейін бұрынғы одақ­тастар арасындағы эконо­микалық бай­ланыстың үзілуі шұғыл гипе­рин­фля­цияға, тұрақты бюджет тапшы­лы­ғына, халық табысының шапшаң төмен­деуіне, жаппай жұмыссыздықтың өсуіне әкеп соқтырды. Инфляция 3000 пайызға жеткен кездері болды. Осындай күрделі кезеңде Ұлт көшбасшысы елдің дамуы­на негіз болған «Әуелі экономика, содан кейін саясат» дейтін стратегияны қа­былд­ады. Тұңғыш Президенттің жеке бас­шы­лығымен қысқа мерзімде нарық­тық эко­номикаға жол ашқан іргелі заң­намалық база құрылып, жаңа фискал­дық және банк жүйесі енгізілді», деді Ералы Тоғжанов.

Бұдан кейін Үкімет басшысының орын­­­басары Тәуелсіздік жылдарында қол жет­­кізген табыстардың бірі ретінде ұлт­тық валюта – теңгенің айналымға шық­қа­­нын, жаңа сауда-экономикалық бай­ланыс орнату бойынша шаралар қабыл­дан­ғанын жеткізді. «Нарық шарттарына кәсіпорындарды ғана емес, халықты да икемдеу керек еді. Бұл мүм­кін болды. Отан­дық бизнестің даму жағ­дайы түбегейлі өзгерді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің саны 2005 жылғы 500 мыңнан 2021 жылы 1,4 миллионға дейін артты. Нәтижесінде, 30 жыл ішінде ішкі жалпы өнім көлемі доллар эквивалентінде 17 есе өсті. Осы шаралардың бәрі елдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сая­си тұрақтылығына негіз болды. Халық­тың табысы 10 есе артып, жұ­мыс­сыздық деңгейі 12,8 пайыздан 4,9 па­йызға дейін азайды. 20 жылдың ішін­де халықтың саны 4 млн адамға көбейді. Бүгін елдегі өмір сүру ұзақтығы 71-ге де­йін ұлғайды. Ел тәуелсіздігінің басы­нан бері 1,5 млн азамат тұрғын үй жағ­дайын жақ­сартты. 5 мыңнан астам жаңа әлеу­мет­тік нысан салынды. Соның арқа­сында бала­лар­ды мектепке дейінгі білім берумен қамту үлесі 99 пайызға дейін жетті», деді Е.Тоғжанов.

Жиында ЕҚЫҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының Ливия жөніндегі арнайы өкілі Ян Кубиш Тәуелсіз Қазақстанның халықара­лық аренадағы жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі мен жеке қасиет­теріне тікелей қатысты екенін айтты. «Қазақстанның тәуелсіздік алған алғаш­қы сәттерінен бастап алға бас­қан жолы прагматизм­мен және бар­лық шешімдердің эволю­ция­лық сипаты­мен ерекшеленді. Осы­ның барлы­ғы қоғамның негізгі жалпы­ұлттық құн­дылықтары – ұлттық бірлік, бейбітші­лік пен келісім, жоғары руханиятпен зайырлық, ашық диалог идеологиясы, толеранттылық, елдегі этностық, мәдени және діни әртүрлілікті өзара түсіністік пен құрметтеу негізінде берік орнықты», деді Ян Кубиш.

Спикер Қазақстанның ядролық қару­сыздану және таратпау саласындағы өңірлік және жаһандық көшбасшылығы­на ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етуін, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуын жарқын жетістік ретінде атап өтті.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз сөзінде үздіксіз дамудың үш онжылды­ғының басты қорытындысы мемлекет құрудағы жетістік болып табылатынын ерекше атап өтті. «Бабаларымыз бөрілі байрақ астында біріккен тұста Байкал­дан Балқанға дейінгі алып аумақты еркін жайлады. Арғы тегіміз сақ, ғұн тайпалары Еуразия төсінде қуатты мемлекет құрып, тұтас адамзат дамуына елеулі әсер етті. Халқымыз орта ғасыр­лық аса қуатты империя – Ұлық ұлыс­тың өзегін құрады. Кейіннен осы жасам­паздық дәстүрін жалғастырып, Қазақ хандығының шаңы­рағын көтерді. Ат тұяғын тоздырып, атан белін талдырып жүріп, ұрпағына бүгінгі ұлан-бай­тақ жерімізді мұра етті. Ал татулықтың туы қисайғанда азат­­тық уыстан шығып кетті. Әсіресе, жиыр­­масыншы ғасыр­дың сынағы қазақ үшін өте ауыр болды. Бар-жоғы жарты ғасырдың ішінде бір­неше алапат қасірет, саяси қуғын-сүргін, дүниежүзілік соғыстарды бастан кешіру жұртымызды есеңгіретіп тастағаны жасырын емес. Осындай зобалаң кезінде тіліміз бен салт-дәстүрімізге сүйеніп, ұлт ретінде сақталып қалдық. Төл құн­ды­лықтарымызға табан тіреп, қайта еңсе тіктедік, егемендікке қол жеткіздік. Дегенмен бостандықтың сынағы бодан­дықтан көп болмаса, аз емес», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Д.Абаев Тәуелсіздікті енді алған тұста Алтайдан Каспийге дейінгі алып аумағымыз болғанымен, шекарамыз шегенделмегеніне назар аударды. Жері­міздің асты-үсті байлыққа толы бол­ғаны­мен, оны өзіміз игермегенімізді атап өтті. Мүмкіндіктерге қарамастан қо­ғам­­дағы шешілмеген түйінді түйт­кіл­дер одан да көп болғанына екпін берді. Осы орайда, азаттықтың таңы атқанда ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев сияқты көреген саясаткердің ұстауын қазақтың бағына балады. «Елбасының парасаттылыққа негізделген стратегия­сы күрделі кезеңдерді артқа тастап, Қазақстанды дамудың даңғыл жолы­на бастады. Жасампаздыққа толы жыл­дар­дың бұл үрдісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты арқылы бүгін де жалғасып келеді. Осы үш онжылдықтың кезеңінде біз қоғам­ның кемелденуіне қол жеткіздік және өзіміздің өмірлік кеңістіктеріміз бен белгілерімізді айқындадық. Оның бірін­шісі – мемлекеттің зайырлы болуы. Екіншісі – қазақстандық біртектілік және ғасырлардың түп-тамырынан бой алатын дәстүрлердің синтезі мен постин­дустриал­­ды қоғамның заманауи құнды­­лық­тары. Үшіншісі – экономикалық бақуат пен инвестициялық тартымдылық. Төртіншісі – аумағымыздың тұтастығы», Бесіншісі – болашағымыздың ортақ екені», деді Д.Абаев.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары аумақтық тұтас­тық­ты сақтауда ел астанасының ауысуы шешуші рөл атқарғанын еске салды. «Аумақ­­тық тұтастықты сәтті игерудің ай­қын кө­рі­нісі – астанамыздың ауысуы. Сая­си ор­талықтың географиялық ор­та­лық тұр­­ғысынан таңдалуы қазақ­стан­­­дық­тық бір­тек­тілікті нығайта түсті. Нұр-Сұлтан қа­ласы даму нүктесі ғана емес, жаңа өңір­­аралық байланыстардың қай­наған қазанына айналды», деді ол.

Ұлы ұлттық жиналыстың бұрынғы спикері, Түркияның бұрынғы премьер-министрі Бинали Йылдырым Нұрсұл­тан Назарбаевтың ерен еңбегі мен Қазақ­станның Түркітілдес мемлекеттердің интеграциясына қосқан зор үлесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті көтерген бастамалар халықаралық дең­гей­де кеңінен танылып, Қазақстан­ның халық­аралық бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті берік ұстануының көрінісі болды. «Келесі жылы АӨСШК-тің 30 жылдығы атап өтіледі. Бұл – Нұрсұлтан Назар­баев­тың құрлықтағы бейбітшілік пен қауіп­сіздікке жәрдемдесуге арналған жоба­сына айналды. Біз паназиаттық ынты­мақ­тастық пен еуразиялық интеграция оның ұлы мұраттарының бірі болғанын білеміз», деді Бинали Йылдырым.

Бұдан бөлек, пленарлық отырысқа бейнебайланыс арқылы Германияның бұрын­ғы федералдық канцлері Герхард Шредер, АҚШ-тың бұрынғы мемле­­­кет­тік хатшысы Джеймс Бейкер, М.В.Ло­мо­носов атындағы ММУ ректоры Вик­тор Садовничий қатысты. Әлем­дік сая­сат­кер­лер өздерінің құттықтау сөз­дерін­де Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарын­­дағы жетістіктерін атап өтіп, Нұрсұлтан Назар­баевтың маңызды рөлін сөз етті, бүкіл Қазақстан халқына өсіп-өркендеу, тұрақтылық пен қауіп­сіздік тіледі.

Конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасаған «Тарих сабақтары», «Қоғам және құндылықтар», «Одан әрі даму басымдықтары» атты үш панель­дік сессия өтті. Іс-шараны Президент жанын­­дағы ҚСЗИ, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қол­дауымен Нұр­сұлтан Назарбаев қоры, Сыртқы істер министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.