Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімнің ішінде экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Алайда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халықаралық сарапшылар және саясаттанушылар Қазақстан этностық және діни қақтығыстар салдарынан ыдырап кетуі мүмкін деген болжамдар айтатын. Бірақ бұл пессимистік болжамдар жүзеге асқан жоқ.
Көпэтносты Қазақстан үшін тұрақтылықты, этносаралық келісімді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүргізудің негізгі міндеті болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері, көрегендігі халықтың бірлігін қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл саясаттың өмірде іске асырылуы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінде көрініс тауып, ол халықаралық тұрғыдан мойындалды.
Еліміздің басты заңы – Конституциямызда этносаралық және конфессияаралық қатынастар туралы нормасы «біз, Қазақстан халқы» деген сөздерден басталады, бұл әуел бастан-ақ елдің барлық азаматтарының ортақтығы идеясын білдіру үшін жазылған. Біз біргеміз, біртұтаспыз және үлкен ұлт немесе кіші ұлт деп бөлінбейміз. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Елбасы еліміздегі бірлік пен татулық идеясын жүзеге асыру принципін әрқашан алға қойған болатын.
Елбасы: «Азат еліміздің жастары Тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан», деп айтады.
Ел тәуелсіздігінің басында тұрған, өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығын еңсеріп, мемлекетімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға соқтырмай, бүгінгі көз көрген ынтымақ пен жетістікке қол жеткізген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегін, дұрыс таңдаған саясатын әлем жұртшылығы да мойындауда. Қазір Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы жасалды.
Еліміздің Тәуелсіздігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқанын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екенін ақиқат есебінде тарих көрсетіп отыр.
Ойымды қорыта келе, Елбасының: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген сөзі болашақ ұрпаққа ұран болсын деп тілеймін!
Қасиетті Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Наталья ДЕМЕНТЬЕВА,
Мәжіліс депутаты