Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2021

Көркемдік деңгейі сын көтермейтін қойылымдар бар - Е.Тоғжанов

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен кино және театр салаларын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Көркемдік деңгейі сын көтермейтін қойылымдар бар - Е.Тоғжанов

Оған тиісті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ мәдениет саласындағы мамандар қатысты.

Кеңес барысында кинематография және театр өнері саласындағы бірқатар өзекті мәселелер қаралып, оларды жүйелі шешу жолдары талқыланды.

Қазір Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді, оның 54-і мемлекеттік, 11-і жеке меншік театр. Тәуелсіздік жылдары елімізде 21 мемлекеттік театр ашылды, 10 театрға жаңа ғимараттар салынды. Мәртебесін көтеру мақсатында 3 театрға «Ұлттық», 9 театрға – «академиялық» мәртебесі берілді.

Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары театрларда көркемдік деңгейі ешқандай сынға төтеп бере алмайтын қойылымдар бар екенін, өйткені оларда тарихи оқиғаларды бұрмалау фактілері кездесетінін атап өтті. Бұл ретте ол көркемдік кеңестердің мақұлдауынсыз қойылымдардың іске асырылуына жол бермеу, сондай-ақ олардың құрамына тарих саласындағы мамандарды енгізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге, Ералы Тоғжанов театр сыншылары институтын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, оларға қолдау көрсетуді тапсырды.

Үкімет басшысының орынбасары кинематография саласындағы бірқатар мәселеге де назар аударды. Қазіргі уақытта республикада 110 кинотеатр өз қызметін жүзеге асырады, оның 29-ы мемлекеттік меншікте. 1991 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясы 600-ден астам фильм түсірді. Алайда, еңбексүйгіштікті, азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, спортты насихаттайтын суреттер жеткіліксіз.

Ералы Тоғжанов кино және театр саласында жүйелі құндылықтар аясында тақырыпты анықтауды ұсынды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Мәдениет және спорт министрлігі мен өңірлер әкімдіктеріне кинематография және театр өнері салаларын дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдау туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.