Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2021

«Аltyn Samǵaý-2021» өз иелерін тапты

138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен елор­дадағы Конгресс орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналған «Аltyn Samǵaý-2021» жүлдесін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев бастаған спортшылар мен жаттықтырушылар және спорт ардагерлері қатысты.

«Аltyn Samǵaý-2021» өз иелерін тапты

Пандемияға байланысты шектеулерге орай, жылдың спорттық оқиғаларын қорытындылаған іс-шара еліміздің үш қаласы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Түр­кістаннан онлайн көрсетілім ар­қылы бір мезгілде өтті.

Салтанатты жиында сөз алған Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­­дығымен құттықтап, мемлекет спортшыларға әрдайым қол­­дау көрсететінін айтса, Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ел намысын қор­­ғап жүрген спортшыларға алғы­сын жеткізді. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Ра­йымқұлова егемендік алғалы елімізде бірнеше спорт нысаны пайдалануға берілгенін, сол спорт кешендерінен болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенімді екенін және осындай жетістікке тәуелсіздіктің арқасында қол жет­кізіліп отырғанын айтты. ҰОК бас­­шысы Тимур Құлыбаев спорт­шы­­лардың табысы мен жеңісін мақтан ететінін, олардың жетістігі жас ұрпаққа үлгі болатынын атап көрсетті.

Сонымен, еліміздің түкпір-түк­пірінен жанкүйерлер 22 қараша мен 6 желтоқсан аралығында өз­дерінің сүйікті спортшыларын Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы анықтады.

 «Үздік спортшы» және «Үздік спортшы қыз» аталымында қысқы және жазғы спорт түрлерінен төрт жеңімпаз таңдалды. Токио-2020 Олимпиадасының қола жүл­дегері, әлем чемпионы Сәкен Би­бо­сынов, каратэден Токио-2020 Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева, сондай-ақ шорт-тректен Әлем кубогы кезең­дерінің жүлдегері Денис Никиша мен фристайл-могулдан әлем чем­пионатының жүлдегері Юлия Га­лышева жүлде иегерлері атанды.

Қысқы спорт түрлеріндегі ко­мандалар бүгінде 2022 жылғы Бей­жің Олимпиадасына дайындалу үстінде. Сол себепті салтанатты іс-шараға қатыса алған жоқ.

«Үздік жаттықтырушы» ата­ғына бокстан Токио Олим­пиа­дасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен шорт-тректен Қа­зақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша лайық деп танылды.

 «Жылдың үздік команда­сы» аталымына биыл әлем чем­пио­натының жартылай финалына дейін шығып, төртінші орынға табан тіреген футзалдан Қазақстан құрамасы лайық деп танылды. Ал «Жыл жаңалығы» номинация­сында каратэден Токио Олимпиадасына қаты­сушы әрі әлем чемпиона­тының қола жүл­дегері Нұрқанат Әжіқанов топ жарды. Нұрқанат әлем бірін­ші­лігінде командалық сында да қола жүлде жеңіп алға­нын еске сала кетейік.

«Үздік аймақ» аталы­мында өзгерістер бар. Биыл ұйым­дас­ты­рушылар олимпиадалық спорт түр­лері бойынша 36 ұлттық феде­рацияға тізгін беріп, үздік аймақ­ты федерация өкілдері анық­тады. Өте тартысты өткен дауыс беру нәтижесінде Алматы қала­сы Алматы облысын бір ұпай басым­дығымен ұтып, жеңіске жетті.

«Үздік ұлттық спорт федерациясы» аталымында Теннис федерациясы топ жарды. Жеңімпазды Қазақстанның ҰОК жанынан құ­рылған арнайы комиссия анықтап, аталған федерация барлық талап бойынша үздік шықты.

Паралимпиадалық спорт түр­лері бойынша «Үздік спортшы» болып пауэрлифтингтен Токио-2020 Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяров танылды. Ал паралимпиадалық спорт түрлері бойынша «Үздік жат­­тық­тырушы» атағына парадзю­до­дан Қазақстан командасының бас бапкері Жандос Қиянов қол жет­кізді. Оның үш шәкірті – Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және Зарина Байбатина Токио-2020 Паралимпиада ойындарында үш күміс медаль жеңіп алған.

Жылдың спорттық оқиғасын қорытындылаған кеште қа­зақ­стандық атлеттерді барлық жат­тығу жиындары мен жарыстарға бас­тап апаратын кешенді-ғылыми топ мүшелері де ескерусіз қалған жоқ.

«Спорттық медицина бойынша үздік маман» номинациясы дәрігер Азамат Нұрматовқа берілді. Ол Токио-2020 ойындарында меди­ци­налық штабтың бас дәрігері ретінде жұмыс істеді, сондай-ақ Олим­пиадаға дайындық кезінде спорт­шылардың қауіпсіздігін сақ­тау жөніндегі топтың құрамында болды.

Ұлттық Олимпиадалық коми­теттің арнайы дәстүрлі жүл­десі – «Қазақстан спортының мақ­танышы» отандық спорттың да­муына өлшеусіз үлес қосып, бо­лашақ чемпиондарға үлгі атанған спортшылар мен қайраткерлерге тапсырылады. Биыл бұл жүлде грек-рим күресінен Мәскеу Олим­пиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жүлдені даңқты ба­луан­ның ұлы, бүгінде әкесінің атын­дағы спорт кешенін бас­­қарып отыр­­ған Жандос Үш­кемпіров алды.

Марапаттау рәсімінің соңы кон­церттік бағдарламаға ұласты.