Пікір • 14 Желтоқсан, 2021

Еңбек бәрін де жеңбек

620 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің 6 желтоқсан күнгі санында жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы қоғамға үлкен ой салды.

Еңбек бәрін де жеңбек

Тұңғыш Президентіміз Тәуел­сіз­діктің отыз жылы ішіндегі елі­міздің ішкі-сыртқы саясатын терең тал­дай отырып, ғаламдық өзгеріс­тер­ халқымыздың өмір сүру салты­на, тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер еткенін таразылайды. Иә, осы кезең ішінде ел-жұртымыз көптеген қиын­дықты еңсеріп қана қоймай, бола­шақ бағдары айқын, ынтымақ-бір­лігі күшті мемлекетке айналды. Биылғы күзде елімізде өткен халық сана­ғы­ның қорытындысы да Елба­сы­ның пікі­рін ресми мәліметпен қуаттай түс­кендей. Шүкір, бүгінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы тұрғындарының са­ны 19 млн адамнан асса, оның 30 %-дан астамы тепсе темір үзе­­­тін­­дей жас буын екен. Осы де­рек­­­­тер­ге сүйене отырып, мемле­кет­­­­тің ір­ге­тасын қалап берген аға буын­­­ның ісін ақылды да білімді, ең­бек­­қор да тәр­тіпті жастарымыз жал­ғас­­­ты­­­ра­­ты­нына өз басым ерекше қуаныштымын.

Ата-бабамыздың жүріп өткен жолдарының тәжірибесі әр заманның өз қиындығы мен қуанышы қатар жүретінін көрсетіп берді. Елбасы мақаласында «Алда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз де, ықтимал сын-қатерлер де аз емес», деп ескерте кетеді де, болашақтың стратегиясын былай тұжырымдайды: «Міне, екі жылдан бері дүниежүзі алаң күй кешуде. Коронавирус дерті­нен туындаған пандемия әлем­дік эко­но­миканы ғана емес, өндіріс пен ең­бек­ті ұйымдастыруды, ғылым мен тех­но­логия дамуын, жалпы адамның ой­лау жүйесін айтарлықтай өзгертті. Ең алдымен, адамзатқа ортақ індет даму деңгейіне қарамастан, ел мен ел­дің экономикасы мен тех­но­логия­сын жақындастырып, бір-бірі­мен ынтымақтастыра бастады. Со­ның негізінде жаңа жаһан­­дық эко­номикалық парадигма қалыптасты. Жақында Нобель сыйлығының түрлі ғылым саласын­дағы лауреаттарының үлкен бір шоғыры «Біздің ғаламшар, біз­дің болашағымыз» саммитінің қо­ры­тындысы бойынша әлем мем­лекет­теріне үндеу жасап, пандемия адамзат дамуына Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат болып енгендігін атап көрсетіп, онымен бүкіл дүниежүзі бірлесе күресуі керектігін алға тартты. Олар: «Егер осы бесжылдықта трансформациялық шаралар қабылданбаса, адамзаттың болашағына ауыр қатер төнетін болады... Қоғамның ең кедей және мар­гиналданған топтары мейлінше әлсіз жіктер күйінде қала береді», деді. Бұл менің осыдан тура 30 жылдай бұрын, 1992 жылдың 5 қаза­нында, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен айтқан ұсыныстарыммен астасып жатыр. Біз сол кезеңнің өзін­де әлемнің ең бай мемлекеттерінің әскери-соғыс мақсатына қарасты­ратын шығындарының 1%-ын бөлу арқылы адамзатқа айтып келмейтін, төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынған едік. Әңгіме ол кезде БҰҰ-ның бітімгершілік күштері туралы болған еді, бірақ, біріншіден, маңыздысы идея және ұжымдық әре­кеттестіктің тетігі болатын, екін­шіден, түрлі елде тәулік сайын жүз­деген, мыңдаған адамды баудай түсіріп жатқан пандемияның соғыс­тан несі кем? Егер дәл сол кезде мен ұсын­ғандай қор жасалған болса, қазір­гі пандемия жағдайында кедей мем­лекеттерге коронавируспен күре­су­ге және оның зиянды зардаптарын жоюға бағытталған шараларды ұйым­дас­тыруға мол мүмкіндік туған болар еді».

Мұнайдың баррелі 100 доллар болып тұрған кезден бастап, 2000 жыл­дардың бас кезінен Н.Назарбаевтың бас­­тамасымен Ұлттық қордың жа­сақ­­талуы елдің болашағына салын­ған инвестиция болғанын панде­мия дәлелдеді. Қоры бар ел оза­ды екен. Пандемия соңғы жыл­­дары ғ­а­лам­дық экономика ба­ғыт­ын ғана емес, ұлттық экономика құ­ры­лым­дарын да күрделі өзге­ріс­ке тү­сір­ді. Елбасы әлемдік эконо­мик­аның осы құбылысын «жаңа геосая­си трансформация», деп бағалай оты­рып, алдағы уақытта еліміз жағда­йын­да неге дайын болуымыз керек екендігіне айрықша назар аударады.

Ақтөбе облысының жаңа құрам­дағы депутаттары да өз жұмыс­тарын пандемия кезінде бастады. Пан­де­мия экономикалық байланыстарды шектеп, ақша мен тауар айналымын тежеп, шағын және орта кәсіпкер­лік­ке көптеген қиындық әкел­ді. Мұндай кезеңде қаржы ресурс­тарын тиімді салаларға жұмсауды басты назарға ұстаған мәслихат де­пу­таттары түбірлі шешімдер қа­был­дады. Медицина мекемелерін пан­де­мияға сай етіп жабдықтау, қысқа мерзімде қорғаныш құрал­дарын әзірлеуге қаржы бөлу және медицина қызметкерлеріне үстеме­ақы төлеу, көктемгі егіс үшін ша­руа­ларға қаржылық қолдау көр­сету мәселелерін жедел шештік. Депутат­тар жұмысының негізгі салмағы пандемиямен күреске бағытталды десек, артық айтқандық емес. Осылайша, де­путаттар корпусы өңір экономи­касы мен әлеуметтік саланы ақсатып алмауда жедел әрекет етті. Осындай кезде елдің бірлігі мен ауызбіршілігі, жағдайды толық талдай отырып тез әре­кет ете білу де көптеген шиеле­ніс­ті мәселенің алдын алды. Пан­де­мия­ның салдары да, сабақтары да осы.

Отандастарымызды ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, мемлекетіміздің берік ны­ғаюы жолында күш-жігерімізді аямай­мыз деп берік сеніммен айта аламын.

 

Амангелді НҰҒЫМАНОВ,

Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы